Ташкентте «Ислам мемлекетінің» туы ілінді

Ташкенттегі көпірге ілінген "Ислам мемлекеті" ұйымынң туы.

Ташкентте біреулер «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымының туын іліп кетті. АҚШ әскері әуе шабуылын бастаған содырлардың зияны туралы Өзбекстан президенті де айта бастады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, «Ислам мемлекеті» («Ирак және Шам ислам мемлекеті» ұйымы - ИШИМ) содырлар ұйымының туы Өзбекстан тәуелсіздігі күні қарсаңында – 28 тамызда, Ташкенттің Юнусабад ауданындағы көпірге ілінген.

Ташкенттің терроризм және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қазір туды кім ілгенін тексеріп жатыр. Азаттықтың Өзбек қызметіне сұхбат берген прокуратура өкілі «бұл оқиғаның қаланың барлық құқық қорғау органдарын алаңдатқанын» айтқан.

Ташкенттегі көпірге ілінген "Ислам мемлекеті" ұйымынң туы.

Ташкент тұрғындары ИШИМ туының көпірде ілініп тұрғанын фотоға түсіріп алған. Суретте қара матаға «Лә иләһә илалла» деп арабша жазылған ИШИМ туы анық көрінеді. Оның астында «Мұхаммед Алланың елшісі» деген жазу бар.

Азаттық радиосының мамандары тудағы жазудың арабша қате жазылғанын анықтады. Бірақ мұндай туды Таяу Шығыстағы «Ислам мемлекеті» тобы ұстайтыны белгілі.

50 ШАҚТЫ АДАМНАН ЖАУАП АЛЫНДЫ

Ташкенттің Юнусабад ауданы құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, ту тамыздың 28-іне ауған түні ілініп, таң атқанша тұрған.

Азаттыққа сұхбат берген прокуратура өкілінің айтуынша, «Ту ілініп тұрғаны туралы ақпарат түскен бетте ішкі істер басқармасы қызметкерлері оны алып тастаған». Ту ішкі істер бөліміне апарылған. Тергеу шаралары басталғанымен, әзірге оны кім ілгені анықталған жоқ. Қазірге дейін көшедегі 50 шақты адамнан жауап алынған.

ИШИМ туы.

Бұл оқиғаға құқық қорғау органдары «террорды насихаттау» деген баға беріп отыр. Әзірге туды "Скутер" мотоциклін мінген адамның ілгені туралы ғана мәліметтер бар. Прокурорлар бұл ақпаратпен қоса, оқиғаға Ташкенттегі «Хадичаи Кубро» әйелдер медресесінің қатысы болуы мүмкін" деген деректі де тексеріп жатыр.

ИСЛАМ КӘРІМОВТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Тамыздың 31-і – репрессия құрбандарын еске алу күні Өзбекстан президенті Ислам Каримов «Шахидлар хиёбони» («Шәйіттер алаңы») кешеніне барып, діни басшыларды халықты ИШИМ қаупінен сақтандыруға шақырған.

Репрессия құрбандарын еске алу шарасында Каримовтің қасында Өзбекстан мүфтиі Усмонхон Алимов пен Ташкент имам-хатибі Әнуар Тұрсынов болған.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов (оң жақта) «Шахидлар хиёбони» кешенінде жүр. 31 тамыз 2014 жыл.

Өзбекстан президенті «Иракта не болып жатқанын білесіздер. Онда бұрын белгісіз болып келген түсініксіз діни ағым өкілдері бүлік салып жатыр» деген. Бірақ Ташкентте ілінген ИШИМ туы туралы ақпарат Каримовке жеткен-жетпегені белгісіз.

Осыған ұқсас оқиға 1991 жылы Наманганда болған еді. Сол жылы желтоқсан айында Тохир Юлдош бастаған «Адолат» исламшыл қозғалысы облыстың партия комитеті ғимаратын басып алып, төбесіне «ислам туын» ілген еді.

Таяуда Азаттықтың Өзбек қызметіне «Ислам мемлекеті» Өзбекстанның «әмірін» таңдағаны туралы ақпарат тараған.

СИРИЯДАҒЫ ТӘЖІК «ӘМІРІ»

Тәжікстандық БАҚ Сирияда Тәжікстан азаматы Бободжон Курбоновтың қаза тапқанын хабарлады. Ақпараттарға қарағанда, ол содырлар арасында Әбу Әбдірахмон Тәжики деген лақап атпен танылған. Бұған дейін Курбоновтың Сирияның Ракка провинциясындағы содырлардың әмірі болып тағайындалғаны жөнінде ақпараттар тараған еді. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Куляб тұрғындары Әбу Әбдірахмон Тәжикидің жерлестері Курбонов екенін таныған. Курбонов - Лохути ауылының тумасы.

Сирияда соғысып жүрген шетелдік содырлар.

Оның інісі Даврон Курбонов Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат бергенде «тамыздың 26-сы күні біреу телефон арқылы хабарласып, ағасының «шейіт» болғанымен құттықтағанын» айтқан. Хабарласқан адам тәжік тілінде сөйлеген, туысының «шейіт» болғанын айтқан бетте байланысты үзіп тастаған. Даврон ағасының қашан, қалай өлгенін сұрап үлгермей қалған.

Курбоновтың туыстарының айтуына қарағанда, ол бірнеше жыл бұрын Ресейге жұмыс іздеп кеткен. Сириядан суық хабар келгенше оның қайда жүргенін ешкім білмеген.

Қазіргі кезде Сирия мен Ирак территориясында әрекет етіп жатқан "Ислам мемлекеті" радикалды ұйымының қатарында Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстан азаматтары да бар. Интернетте анда-санда қазақ «жиһадшыларының» Таяу Шығысқа не үшін аттанғандарын баяндайтын видео-роликтер шығып тұрады.