Сот үкімі көшірмесінде қазақстандық азамат «ұялы телефонындағы тыйым салынған материалдарды елге әдейі кіргізуге әрекеттенген» деп жазылған.
КОНТРАБАНДА КҮДІГІМЕН ҰСТАЛҒАН
Азаттықтың Өзбек қызметі дереккөзінің хабарлауынша, Ташкентке сауда-саттық мақсатымен Шымкенттен барған 26 жастағы қазақстандық Акмаль Расуловты Өзбекстан құқық қорғау органдары биылғы наурыздың 30-ы күні «контрабандалық іске қатысы бар» деген күдікпен ұстаған.
Акмаль Расуловтың туыстарының бірі аты-жөнін жарияламауды өтініп, Азаттыққа қазақстандықтың ісіне қатысты алғашқы сот отырысы биылғы шілденің 21-і күні Ташкент облыстық сотында өткенін айтты. Оны бес жылға соттаған. Туысының айтуынша, жас жігіттің туыстары әуелі апелляциялық сотқа жүгінген, ал кейін рақымшылыққа ілігер деген үмітпен оның ұсталғаны жайлы БАҚ-қа хабарламаған.
Бірақ Акмаль Расуловтың туысының Азаттыққа айтуынша, биылғы желтоқсанның 6-сында Ташкентте өткен апелляциялық сот алдыңғы үкімді күшінде қалдырған.
Негізі, ол тауар әкелу үшін Ташкентке шешесімен бірге наурыз айында барған.
- Акмальды қылмыс жасады деп әуелі абақтыға қамады. Ол тіпті рақымшылыққа да ілінбеді. Негізі, ол тауар әкелу үшін Ташкентке шешесімен бірге наурыз айында барған. Ұялы телефонынан елде тыйым салынған діни материалдар табылып, оны Өзбекстанда ұстаған. Адвокатты Өзбекстан жағы берді. Олар осы уақытқа дейін істі созбақтап, шешесін «балаңыз рақымшылыққа ілігіп, босап шығады, қорықпаңыз!» деп алдарқатып келген. Бірақ соңғы сот отырысына Акмальды әкелмеді, - дейді Азаттықтың аноним дереккөзі.
Азаттық Акмаль Расуловтың анасына телефон соққанымен, ол кісі бұл тақырыпқа сөйлескісі келмеді.
СОТ ҮКІМІ
Сотталған қазақстандық Акмаль Расуловтың туысы Азаттыққа сот үкімінің көшірмесін жолдады. Биыл шілденің 21-і Куйчирчик ауданының қылмыстық істерді қарайтын соты шығарған үкімде Қазақстан азаматы Акмаль Расулов тыйым салынған діни сипаттағы материалдарды Өзбекстанға «әдейі әкелуге тырысты» деп жазылған.
Акмаль Расулов Өзбекстан қылмыстық кодексінің 246-1 бабы («Контрабанда, яғни декларацияда көрсетілмеген немесе өзге атаумен көрсетілген діни экстремизм, сепаратизм және фундаментализмді насихаттайтын материалдарды кедендік бақылаудан жасырын немесе жалған кедендік сәйкестендіру құжаттарын немесе құралдарын пайдаланып Өзбекстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізу») бойынша айыпты деп танылған.
Бұған қоса, сот үкімінде «Қазақстан азаматы Акмаль Расуловтан тәркіленген «Lenovo» ұялы телефонынан тыйым салынған діни фанаттық сипаттағы уағыздар табылды» деп жазылған. Бұдан бөлек, сот үкімінде Акмаль Расуловқа әлгі материалдар WhatsAppмессенджері арқылы жолданған деп көрсетілген.
Бұдан бөлек, Куйичирчик аудандық соты үкімінің көшірмесінде Қазақстан азаматы Акмаль Расулов процесс кезінде әлгі уағыздарды WhatsApp желісіндегі түрлі топ мүшелерінен алғанын әрі Өзбекстан заңдарында оларға тыйым салынғаны жайлы білмегенін айтты деп жазылған. Үкім көшірмесінде оның тағылған айыптарды мойындап, сотта кешірім сұрағаны айтылған.
Осы тақырыпты зерттеген Азаттық тілшісі желтоқсанның 9-ы күні Ташкенттегі Қазақстан елшілігіне хабарласқан еді. Бірақ консульдық бөлім қызметкері консул Нұрлан Қасымқұловіссапарда жүр деп хабарлап, Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі қазір бұл іске қатысты комментарий бере алмайтынын айтты. Қазақстандық консулдық қызметкері демалыстан кейін ресми сауал жолдауға кеңес берді.
ҰҚСАС ЖАҒДАЙЛАР
Қазақстандық Акмаль Расулов - діни материалдарды ұялы телефонында сақтағаны үшін Өзбекстанда сотталған жалғыз шетелдік емес. Биыл шілденің 28-і Ташкент әуежайында Өзбекстанға Оңтүстік Кореядан ұшып келген Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының 28 жастағы тұрғыны Вахиджон Ниязов осыған ұқсас айыппен ұсталған еді.
Отандасы Расулов сияқты Ниязовты да тыйым салынған діни сипаттағы материалдарды елге әкелуге әрекеттенді деп айыптаған болатын. Оған Өзбекстан қылмыстық кодексінің 246-1 бабы бойынша айып тағылған. Вахиджан Ниязов қамауда 3,5 ай отырып шыққан. Қазақстандықтың ісін сотқа жолдаған, бірақ Өзбекстан билігі қазанның 12-сінде конституция күніне орай жариялаған рақымшылыққа ілігіп, босаған.
Ташкент әуежайында Вахиджан Ниязов ұстағалннан кейін Азаттық Ташкенттегі Қазақстан елшілігіне хабарласқан болатын. Ол кезде Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің консулдық бөлімі өз елі азаматына көмектесуге әзір екенін мәлімдеген. Ал Вахиджан Ниязов бостандыққа шыққаннан кейін Азаттыққа Өзбекстан құқық қорғау органдары оны ұстап әкеткеннен кейін отбасы мүшелерімен, Қазақстан елшілігі өкілдерімен және адвокатпен хабарласуға рұқсат етпей қойды деп айтқан.
2012 жылы наурызда Қазақстанның тағы бір азаматы Ермек Қосмағамбетов Өзбекстан-Қазақстан шекарасында ұсталған. Өзбек арнайы қызметі оның планшетінен "экстремистік" сипаттағы діни материалдар табылды деп мәлімдеген. Ақыры Қосмағамбетов экстремизм айыбымен бес жылға сотталған.
Азаттық кейінгі жылдары Өзбекстанда ұялы телефонынан елде тыйым салынған діни материалдар табылған Қырғызстан мен Ресейдің бірнеше азаматы ұсталғанынан хабардар.