"Ақшасы құрысын, күйеуімді қайтарсын!". Жұбайы Украинада қаза тапқан әйелдің әңгімесі

IVKINY-16

30 наурызда Псков облысы Островский ауданы Воронцово ауылында 19 жастағы Игорь Ивкинді жерледі. Ол 8 наурызда Украинада қаза тапқан. Игорьдің артында әйелі мен екі айлық қызы қалды. Марқұмның жесірі Юлия Север.Реалий сайтына берген сұхбатында күйеуінің әскердегі және соғыстағы өмірі жайлы айтып берді.

Игорь Ивкин.

Игорь Ивкиннің қазасы туралы ақпарат "ВКонтакте" желісіндегі "Армия РФ – Памяти погибшим в армии" тобында жарияланды. Бірнеше жолдан тұратын қаралы хабарда марқұмның Луга қаласының 25-артиллерия бригадасында қызмет етіп, 8 наурызда Харьковта қаза тапқаны айтылады.

Игорьдің жесірі Юлия Ивкинаның сөзінше, күйеуі отбасындағы бірінші әскери қызметкер болған. Игорь тоғыз жасында әкесінен айрылған. Анасы ауылда тұрады, зауытта жұмыс істейді. Үлкен ағасы мен екі әпкесі бар.

Игорь 2019 жылы Псковқа көшіп, пәтер жалдап тұра бастаған. Сол кезде Юлиямен танысқан. Ол болашақ жарын интернеттен тауып, танысуға ниет білдіріп, хат жазған. Әңгімесі жарасқан екі жас таныса келе телефонмен сөйлесіп, кейін жүздескен. Игорь Юлияға бір көргеннен ғашық болған. Юлия да қиялындағы адамын тапқанын бірден түсінгенін айтады.

Юля және Игорь Ивкиндердің үйлену тойы кезінде түскен суреті.

– Игорьдан 5 жас үлкенмін, бірақ ол қатарластарынан ересек көрінетін, сондықтан жас айырмашылығын тез ұмытып кеттім. Әдетте оның жасындағы жігіттер отбасын құрып, бала сүюді ойламайды, тек қыдырсам, көңіл көтерсем дейді. Ал Игорьдің жөні бөлек. Оны "өткен ғасырдың адамы" деп атайтынмын. Ауылдан шыққан еңбекқор жігіт еді, өмір бойы анасына көмектесіп келді, иттерді, балық аулағанды, қозықұйрық жинап, жидек тергенді жақсы көретін. Шансон тыңдағанды ұнататын. Әскерге дейін досы Витямен бірге жуынатын бөлмеге плитка төсеумен айналысты. Әскери қызметте жүрген кезінде де демалыс күндері осындай жұмыстар алып тұратын. Қолынан бәрі келетін ісмер еді, қандай жұмыстан болсын қашпайтын, кез келген істі дөңгелетіп әкететін, – дейді Юлия.

Игорь Ивкиннің анасымен бірге түскен суреті.

– Онсыз да жақсы табыс табуға мүмкіндігі болса, әскерде неге қалды?

Игорь Ивкиннің (ортада) әскери қызметін бастаған кезде түскен суреті.

– Иә, ақша табуға мүмкіндігі болды. Бірақ ол әскери қызметті таңдады. Осында қалып, ары қарай плитка төсеумен айналыса беруі керек еді.

Юля әскерге аттанған жұбайы Игорьді шығарып салып тұр.

Юлия Ивкинаның айтуынша, Игорь Құдайға сенетін адам болған. 6 жасынан бастап Роман (Павлов) әкейге барып, шіркеу қызметіне араласқан, жиі құлшылық жасап, дінге ерекше көңіл бөлген. Бір кездері тіпті шіркеу қызметкері болғысы келіпті. Игорь әскерде де шіркеуге барып жүрген. Юлияның сөзінше, Игорь әскери қызметке барардың алдында ұзақ ойланып, "Отан алдындағы борышын өтемеген жігіт – ер емес" деген байламға келген. Бірақ Игорь ол кезде әскери өмірдің қандай болатынын білмеген.

– Игорьдің әскери қызметтен неге көңілі қалды?

Игорь Ивкин әскердегі серіктерімен бірге.

– Ол Луга қаласындағы 25-бригадаға түсті. Әскери бөлімшесі нашар болды. Олар бос дүниелермен айналысатын. Игорьға бұл ұнаған жоқ. Техниканың бәрі ескі, сынық болған, оларды ешкім соғысқа дайындамаған. Демалыс күндері Псковқа келетін, сол кезде ғана көрісетінбіз. Ол әскерден кеткісі келді, келісімшарт мерзімі аяқталғанын күтіп жүрді.

Соғыс кезінде қираған көппәтерлі үйдің орнында жатқан қуыршақ. Бородянка кенті, Киев облысы, Украина. 5 сәуір 2022 жыл.

Әу бастан әскерге жіберуге қарсы болдым. Оны қатты жақсы көретінмін, ұзақ уақыт жырақта жүреді дегенді елестете алмайтынмын. Достарының бәрі әскери саладан алыс адамдар. Олар Игорьді әскери қызметтен кетіп, қарапайым жұмысқа орналасуға шақырды. Бірақ оны ешкімнің сөзі тоқтата алмады. Отбасымызды ойлап, "әскери қызмет тұрақтылық, жәрдемақы мен әскери ипотека сияқты жеңілдіктер береді" дейтін. Игорь үйге келгенде әскери қызметтен шаршағанын айтып, ашуланып отыратын. "Тамақтың өзін дұрыс бермейді, командирлер нашар, ешқандай тәртіп жоқ" деп кіжінетін. Игорь отбасымыздың болашағын ойлап, ақша тапқысы келді. Бірақ әскердегі жағдаймен танысқаннан кейін "келісімшартым аяқталса, кетемін" деп жүрді. Қарапайым жұмыс істегісі келді.

Игорь Ивкин әскердегі серіктерімен бірге.

Әскердегі жалқаулыққа жаны ауыратын. Қатарластарының көбі ішімдік ішетінін, кей жауынгерлер есірткіге әуес болып алғанын, әскерде наша еркін сатылатынын, соның салдарынан бірнеше қызметкер көз жұмғанын айтып отыратын. Игорьға бұл ұнаған жоқ. Ол әскери жаттығулардың бәрі окоп қазып, әжетхана салумен өтеді деп ренжитін. Сондықтан отбасына жақын жерге – Псков қаласындағы бөлімшеге ауысқысы келді.

Юля және Игорь Ивкиндер.

Ондай жүрегі таза адамды көрген емеспін. Басқаларға ұқсамайтын. Маған қамқор болып, алақанына салып, күтетін. Күнде жылы сөз айтып, дайындаған асымды мақтап, әскерде тамағымды сағынып жүретін. Өзі де барын салып, маған тамақ әзірлеп беретін. Бірге дайындайтынбыз, осындай сәттерімізді жақсы көретін. Сыйлық жасасам, жас балаша қуанатын. Маған ешкім ол сияқты қараған емес. Серуендеуді ұнатушы едік. "Сенімен серуендегенді жақсы көремін, тәулік бойы жүре беруге дайынмын" дейтін.

Игорь Ивкин қызы Ксенияны көтеріп тұр.

2021 жылы желтоқсанның аяғында Игорь Ивкин Украина шекарасына кеткен. 7 ақпанда Юлия босанып, дүниеге қызы – Ксения келеді.

– Игорьді қызын көруге жібергеніне қуанамын. Ол қызымызды алғаш көргенде қобалжып, қалай ұстарын білмеді. Кейін қызын қолынан тастамай, маңдайынан, аяғынан сүюмен болды. Ол өте қамқор әке болар еді, оған күмәнім жоқ. Мен демалсын деп, түнде қызына өзі қарайтын, көтеріп жұбатып, жөргегін ауыстыратын. Тек шомылдыруға қорқатын. Мені патшайым, қызымызды ханшайым деп атайтын.

Игорь Ивкин қызы Ксениямен бірге.

Игорьдің қуанышы төрт-ақ күнге созылған.

– Ол Украинаға баратынын білгенде қандай сезімде болды?

– Жағдайы нашар болса да, шаршаса да, соғысқа келгенде, өз міндетін орындады. Жаралы жолдастарын майдан ортасынан алып шықты. Ол –қаһарман. Қашып кетуге мүмкіндігі болса да, олай жасаған жоқ. "Бұйрықтың аты бұйрық, оны бұза алмаймын" деді. Соңғы рет хабарласқан кезде көз алдында қаза тапқан жолдастарын көру қорқынышты екенін айтты. Қанша жолдасының өліміне куә болғанын білмеймін. Олар үнемі оқ астында жүрді ғой. Бұған дейін соғысқа қатысқан емес. Әрине, қорыққан шығар, бірақ маған айтқысы келмеді. "Бәрі өтеді, бәріне шыдаймыз, бастысы, үйге оралсам болды" деді.

Украинаның Мариуполь қаласы. 10 сәуір 2022 жыл.

Бұл – Игорьдің Юлияға жазған соңғы хаты. Юлия хабарламаның скриншотын редакцияға жіберді:

Ресей сарбазы Игорь Ивкиннің үйде қалған келіншегі Юляға телефонмен жазған соңғы хаты.

– Украинаға кетерде жүрегі бір жамандықты сезген жоқ па?

– Сезді, барғысы келмеді. Үйде, отбасымен қалғысы келді. Үйге жібергендері жақсы болды. Басында "жібермейміз" деп еді. Бірақ қалуға мүмкіндік болмады. Ол "Бармасам, үйге келіп, алып кетеді" деді.

Игорь Ивкин.

Игорьдің жаназасын оның жақын танысы Роман әкей шығарған. Ол өзі бала күнінен қызмет етіп келген шіркеуде Юлиямен некесін қидырмақ болған. Енді Роман әкей Игорьдің жетім қалған қызы Ксенияны шоқындырады. Юлия Игорьдің отбасымен және достарымен жиі хабарласып тұратынын, олардың қашанда өзіне көмек беруге дайын екенін айтады.

– Игорьдің қазасына байланысты өтемақы төлене ме?

– Иә, төленеді. Бірақ бұл түк емес, ақшасы құрысын, күйеуімді қайтарсын.

Украина қарулы күштері бас штабының дерегінше, соғыс басталғалы Ресей әскері 19 600 жауынгерінен айрылған. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дерек көздері жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі 25 наурызда жариялаған ақпаратында 1351 әскери қаза тауып, 3825 адам жараланды деп хабарлаған. Киев 12 наурызда 1300 жауынгері қаза тапқанын мәлімдеген. Украина бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресейдің Украинаға басып кіруінің салдарынан 186 бала мерт болып, 344-і жараланған.

Север.Реалии тілшісі Антон Жезмердің материалынан аударылды.

Игорь Ивкиннің балалық шағында түскен суреті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украинада қаза тапқан ресейлік сарбаздың отбасы "қара қағаз" алды"Оларды өлімге жіберді". Балалары соғысқа кеткен ресейліктер губернаторды қыспаққа алды"Мама, мұнда сұмдық болып жатыр". Татарстаннан әскерге алынған жігіт Украинадағы соғыстан бір-ақ шықты"Үйге оралады деп үміттенеміз". Украинада қолға түскен ресейлік сарбаздар жайлы не белгілі?Ресей әскері Донбассқа шоғырланды. Украина соғыстың жаңа кезеңіне қалай дайындалып жатыр?