Эмомали Рахмон "Оши палау" фестивалі кезінде өткен "Ошхури бехтарин" (Палау жеу) жарысының шарттарын өзгертті. Ереже бойынша, әр қатысушы жарты сағат ішінде үлкен тәрелкедегі палауды тауысуы тиіс. Рахмон бұл жолы палауды мәдениетті түрде жеген қатысушы жеңіске жететінін айтты. Тәжікстан президенті көп палау жемеу керектігін ескертіп, оның денсаулыққа зиян екенін айтты.
Фестивальге Худжанд, Истаравшан, Пенджикент, Исфара, Гулистон сияқты жиырмаға жуық аймақтан ондаған аспаз 30 қазан палау дайындап әкелген. Арбоб сарайына келгендер педжикенттік девзира күрішінен жасалған палау, кенже палау, шіл құсының еті қосылған палау, бөдене етінен палау, қауын дәні қосылған палау, күркетауық еті қосылған палау дәмін татты.
Рахмон Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып келеді. Заң бойынша "ұлт көшбасшысы және бірлік пен бейбітшіліктің негізін қалаушы" деген дәрежесі бар.
Рахмон сияқты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов те халыққа қалай тамақтану керектігін жиі айтып, кеңес беріп тұрады.
НАЗАРБАЕВТЫҢ КЕҢЕСІ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы Алматыдағы Carrefour (дүкен бір жарым жыл жұмыс істеп жабылып қалды) француз гипермаркетін аралап жүріп, май қосылған нан тағамдарын жемеу керектігін айтқан.Назарбаев гипермаркеттің нан тағамдарын сататын бөлігіне келіп, "бұл тағамдар – пайдасыз. Салмақ қосады" деген.
Назарбаевтың қандай тамақтарды ұнататынын оның жеке аспазы болған Алексей Сырых басылымдарға берген сұхбаттарында айтқан. Аспаздың сөзінше, Назарбаев "буға пісірілген ет, тауық етін жақсы көрген және балықты құрметтеген".
New York Post басылымы Назарбаев 2016 жылы сәуірде АҚШ-қа барған сапарында Манхэттендегі мейрамханадан ас ішкенін жазды. Назарбаев мейрамханада "трюфель қосылған пицца, любстер, бургер және буға пісірілген тауық етін жеген". Америкалық басылымның жазуынша, Назарбаев официанттан ыдыстарды спиртпен дезинфекция жасауды талап еткен. Ал дәрігерлер әр тағамды тексеріп шыққан.
2015 жылы Қазақстанда теңге құлдырағанда Назарбаев халыққа ақша үнемдеу туралы кеңес беріп, "фуагра мен банан жемей де өмір сүруге болатынын" айтқан.
"АРҚАДАҒТАН" КЕҢЕС
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов екі жыл бұрын шай туралы кітап жазды. Ол бұл кітабын Наурыз мерекесі қарсаңында үкімет және халықтық кеңес отырысында таныстырды. "Арқадағ" (Жебеуші) кітабын "қымбатты халқына арнады". Кейін бұл кітапты мемлекеттің арналардың жүргізушілері халыққа оқып берді.
Your browser doesn’t support HTML5
Негізгі мамандығы тіс дәрігері Гурбангулы Бердімұхамедов бұған дейін емдік өсімдіктер туралы да кітап жазған. Елдің денсаулық министрлігі президент кітабында жазылған итмұрын, жалбыз, түймедақтан қайнатылған шайларды ішуге кеңес берген.
Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязовтың жарлығымен елде 1994 жылы түркмен қауыны күні мерекесін тойлай бастаған. Содан бері елде әр жылы тамыздың соңғы жексенбісінде қауын күні өтеді.
Ниязов президент кезінде Григориан күнтізбесін қолдануды тоқтатқан. Кейін Бердімұхамедов Ниязов шешімін өзгертіп, Григориан күнтізбесін, ай мен апта аттарын қайта қалпына келтірген. "Арқадағ" Ниязовтың "Рухнама" кітабын оқуға тыйым салған. Бірақ қауын мерекесін сақтап қалды.