Қытай Гонконг қауіпсіздігін қолына алмақ. Белсенділер наразы, АҚШ сес көрсетті

Your browser doesn’t support HTML5

Қытай Гонконгтің ішкі қауіпсіздігін бақылайтын заң қабылдамақ. Пекиннің бұл жоспарына Гонконг белсенділері наразы.

22 мамыр, жұма күні Пекинде жұмысын бастаған Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Гонконг қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заңды күн тәртібіне шығарды. Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, ұсынылған заң жобасында Гонконгте "сатқындықты, сепаратизмді, бүлікті болдырмау, тоқтату және жазалау" көздейді. Жергілікті демократияшыл белсенділер мұны Қытай билігінің Гонконгтегі еркіндікке қарсы әрекеті деп бағалап, наразылық акцияларына шақырды. АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай бұл заңды қабылдаса, Вашингтонның "өте қатаң" жауап беретінін ескертті.

ҚЫТАЙ ҰСЫНҒАН ЗАҢ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы – Қытайдың ең жоғары мемлекеттік органы. Үш мыңға жуық өкілден тұратын бұл орган жылына бір рет екі аптаға жиналып, маңызды заңдар бойынша дауыс береді. Әдетте наурыз айының бірінші жартысында өтетін бұл жиын коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген еді.

Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы. Пекин, 22 мамыр 2020 жыл.

Қытайдың бүкіл өңірінен келген халық өкілдерінің бас қосуында пандемияның ел экономикасына тигізген зардабын жоюға басымдық беріледі деп күтілген. Бірақ жиында Гонконг ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заңның жобасы талқыланатыны белгілі болған соң, Қытай әкімшілік аумақты толықтай өз бақылауына алуы мүмкін деген алаңдаушылық күшейді.

Ұсынылған заңға сай, Гонконг "ұлттық қауіпсіздігін күшейтуі тиіс. Ал егер қажет болса Қытайдың орталық билігінің қауіпсіздік органдары Гонконгте агенттік құрып, сол жақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді".

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы бұл заң жобасына жиын соңында, яғни 28 мамырда дауыс бермек. Одан кейін заң жобасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының тұрақты комитетіне жіберіледі. Осы комитет заңды реттеп, маусымның соңында жарияламақ.

Гонконг басшысы, Пекин саясатына бүйрегі бұратын Кэрри Лам "Заң билікке Гонконгтегі заңсыз әрекеттердің жолын кеседі" деп санайды.

Гонконг басшысы Кэрри Лам (ортада) Пекин ұсынған қауіпсіздік заңына қатысты баспасөз мәслихатында сөйлеп тұр. Гонконг, 22 мамыр 2020 жыл.

Қытайдағы жартылай автономия мәртебесіне ие екі әкімшілік аумағы бар: бірі – Макао, екіншісі – Гонконг. Бұрын Британия колониясы болған Гонконг 1997 жылы Қытайға беріліп, бірақ 2047 жылға дейін ішкі саясатын өзі анықтауға мүмкіндік алды. Әкімшілік аумақ Пекинге тек сыртқы саясат пен қорғаныс мәселесінде бағынатын болды. Осылайша "Бір ел, екі жүйе" қағидаты қалыптасты.

Гонконгте ішкі Қытайға қарағанда еркіндік көп. Онда жұрттың пікірін ашық білдіру және жиналу еркіндігі бар, баспасөзде және интернетте мемлекеттік цензура жоқ, сот үкіметтен тәуелсіз. Сондықтан Пекиннің Гонконгке қатысты әрбір әрекеті "ішкі іске араласу" деп қабылданып, жергілікті халықтың үлкен қарсылығына тап болып келеді.

Былтыр маусымда Гонконг үкіметі Пекин күдікті санаған адамдарды Қытайға экстрадициялау жөнінде заң жобасын ұсынған соң, жергілікті халық бірнеше айға созылған наразылық акциясын бастады. Үкімет заң жобасынан бас тартқанымен, митингілер жылдың соңына дейін жалғасты. Наразылық ұшығып, көшеге бір миллионнан астам халық шығып, бұл Гонконгтегі ең ауқымды қарсылық акциясы болып тарихқа енді. Халық елдің қазіргі билігінің отставкаға кетуін, митинг кезінде ұсталғандарды босатуды, Гонконгте демократиялық өзгерістер жасауды талап етті. Пекин бұл наразылық үшін "Қытайды ұнатпайтын" сыртқы күштерді айыптап, жергілікті халықты "отпен ойнамауға шақырған".

Коронавирус тараған соң Гонконгте наразылық шаралары тоқтап қалды.

Гонконгтегі белсенділер Пекиннің жаңа заңын былтырғы митингілермен байланыстырады және заң жобасы күшіне енсе, Гонконгтегі адам құқықтары мен бостандықтарына қауіп төнеді деп алаңдайды.

"ГОНКОНГ ХАЛҚЫНЫҢ БОСТАНДЫҒЫНА НҰҚСАН КЕЛЕДІ"

Гонконг университеті заң департаментінің директоры Эрик Ченгтің сөзінше, бұл – "бір ел, екі жүйе" қағидатының түкке жарамсыз екенін ресми мәлімдеумен тең. "Қытай Негізгі заң (Гонконгтің конституциясы – ред.) қазіргі жағдайды жақсарта алмайды, біз мәселені шешудің жаңа жолын қарастыруымыз керек деп ойлайды" деді ол.

Гонконг баптистік университетінің журналистика департаментінде аға лектор Брюс Луи Reuters агенттігіне "Заң күшіне енсе, Гонконг халқының еркіндігі мен бостандығына үлкен нұқсан келеді" дейді. Оның сөзінше, егер құжат қабылданса, баспасөз Гонконг тәуелсіздігін жақтаушыларды суретке түсіргені үшін айыпталады, ал партияның қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікке теңестіріледі.

Коронавирус таралуына Қытайды бірнеше рет айыптаған АҚШ президенті Дональд Трамп Пекиннің жаңа бастамасын сынады.

"Мұның не екенін білмеймін, өйткені әлі ешкім білмейді. Бірақ бұл ой жүзеге асса, біз өте қатаң жауап береміз" деді ол.

АҚШ билігі Гонконг жұртының былтырғы наразылығын қолдап, наразыларға күш қолдануға қатысы бар Қытай және Гонконг шенеуніктеріне санкция салған. Бұдан бөлек, АҚШ Гонконг полицейлеріне құрал-жабдық, қару сатудан бас тартты.

Қытай Гонконгтің ішкі қауіпсіздігін туралы заң арқылы бақылауға бірінші рет талпынып отырған жоқ. 2003 жылы Пекин Гонконгтегі заң шығару кеңесі арқылы "Бүлік туралы заң" қабылдауға тырысуы жарты миллион тұрғын қатысқан наразылыққа әкеліп, Қытай билігі райынан қайтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай әнұраны төңірегіндегі дау, парламенттегі төбелес. Гонконгте не болды?

18 мамырда Гонконг парламенті пекиншіл депутаттар мен демократияшыл депутаттар арасында Қытай әнұранының мәртебесіне байланысты заң жобасына қатысты кикілжің болды. Демократтар Қытай әнұранының Гонконгтағы рөлі туралы заңды қарайтын комитетті Пекинге бүйрегі бұратын депутаттардың басқаруына қарсы шыққан.

Мақала AFP, Reuters, BBC ақпараттары негізінде жазылды