Accessibility links

Қытай әнұраны төңірегіндегі дау, парламенттегі төбелес. Гонконгте не болды?


Күзетшілер демократтардың бірін парламент залынан күштеп шығарып жатыр. Гонконг, 18 мамыр 2020 жыл.
Күзетшілер демократтардың бірін парламент залынан күштеп шығарып жатыр. Гонконг, 18 мамыр 2020 жыл.

18 мамырда Гонконг парламентінде Қытайды қолдайтын және демократияны қалайтын депутаттар шекісіп қалды. Төбелеске Қытай әнұранының Гонконгтегі рөлі туралы заңды қарайтын комитетті Пекинді қолдайтын депутаттардың басқаруы түрткі болды.

Жаңа заң жобасы бойынша Гонконгте Қытай әнұранын сыйламағандар қылмыстық жауапқа тартылады.

Демократияны қолдайтын депутаттар парламенттің басына Пекинге бүйрегі бұратындардың отырғанына қарсы. Оппозиция қарсылығына қарамастан Қытайды қолдайтын Чан Кин Пор өткен аптада парламент басшысы болып сайланды. Чан Кин Пор Қытай әнұранын құрметтемегендерді жазалайтын заң жобасын қарайтын комитет басшысының сайлануын қадағалауы тиіс еді.

18 мамырда комитет басшысы сайлануы тиіс парламенттегі отырыс басталарда төрде отырған Чан Кин Порды арнайы күзет қоршап тұрды. Ал демократтар залға кіріп, төрдегі орынға беттеген. Сол сәтте күзетшілер бірнеше депутатты залдан жұлқылап, күштеп шығарды.

Күзетшілер Пекинге бүйрегі бұратын депутат Чан Кин Порды күзетіп тұр. 18 мамыр 2020 жыл.
Күзетшілер Пекинге бүйрегі бұратын депутат Чан Кин Порды күзетіп тұр. 18 мамыр 2020 жыл.

Кейбірі күзетшілерді өтіп, комитет төрағасының орнына отырмақ болды. Демократтар залда «ойын таза емес» деп айғайлап, «Қытайдың коммунистік партиясы Гонконгтің заң шығару органын таптап жатыр» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Кейін демократтар залдан күштеп шығарылған соң Пекин саясатын қолдайтын тағы бір депутат Стэрри Ли (ханым) комитет басшысы болып сайланды.

Демократтардың бірі парламент басшысы отырған орындыққа беттеп барады. 18 мамыр 2020 жыл.
Демократтардың бірі парламент басшысы отырған орындыққа беттеп барады. 18 мамыр 2020 жыл.

Ли демократтардың әрекетін сынап, Қытай әнұраны туралы заңды қарауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Ресми Пекин демократтардың Гонконг парламентінің жұмысына кедергі келтіріп, «кейбір заң жобасын қасақана қаратпай отыр» деп айыптады.

Өткен аптада да Гонконгте демократ депутаттар парламентте комитет басшысының сайлануына қарсылық білдіріп, жанжалдасқан еді.

Былтыр мамырда Гонконг парламентінде қандай да бір іске күдіктілерді Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасы да шуға түрткі болған. Кейін осы заң жобасына қарсы Гонконгте халық жаппай наразылыққа шыққан. Наразылықтан соң Гонконг билігі «экстрадиция заңын» қайтарып алған.

Демократ депутат Деннис Квон «Гонконг халқы бүгінгі жағдайды ұмытпайтынына сенімдімін» деді.

Гонконг парламенті демократтардың қарсылығына қарамастан Қытай әнұранына қатысты заң жобасын 27 мамырда қарамақ. Бұл заң жобасы Гонконгте тағы да наразылыққа түрткі болуы мүмкін. Себебі әлеуметтік желіде 27 мамырда жұртты жаппай наразылыққа шақырып жатқандар көп.

Коронавирус пандемиясы кезіндегі шектеулер Гонконгте қаңтардан бері жалғасып жатқан наразылық шарасын тоқтатып тастады. Елде митинг пандемия тоқтаған соң қайта жалғасуы мүмкін.

Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ «бір ел – екі жүйе» принципімен жүреді. Гонконгтің өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады.

Гонконгте наразылыққа шығып жүрген жұрттың көбі Қытайдан тәуелсіздік алғанды қалайды. Наразылардың арасында жастар көп. Олар 2047 жылдан кейін Гонконг Қытайдың толық бақылауына өтеді деп қауіптенеді. Лондон Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып бергенде Қытаймен Гонконг 2047 жылға дейін өз заңы бар автономиялы ел болады деп келіскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG