Италия 16 миллиондай адамды карантинге жапты

Миланда жүрген туристер. 5 наурыз 2020 жыл.

Италияның солтүстігіндегі 15 аймақ толық карантинге жабылды. Қытайда вирус жұқтырғандар азайып келеді. Оңтүстік Корея да дертке шалдыққандар өткен аптадағыдан сәл төмендегенін хабарлады.

ИТАЛИЯДА ЖАҒДАЙ ҚИЫН

Италия үкіметі Covid-19 коронавирусын тоқтату үшін елдің солтүстігіндегі Ломбардия облысында қатаң карантин жариялады. Бұйрыққа 7 наурыз түнде Италия премьер-министрі Джузеппе Конте қол қойды.

Карантин ережесіне сай, жұрт жабық аймақтан тек рұқсатпен шыға алады. Ломбардия аймағына рұқсатсыз кірген я шыққан адамдарға айыппұл салынады.

Карантинге Милан, Венеция, Парма, Римини, Пьяченца сынды қаладағы 16 миллиондай адам жабылады.

Премьер Контенің бұйрығымен аймақтағы мектеп, университет, спорт залдарды, түнгі клубтар да жабылады. Үйлену тойлары мен түрлі мерекелік шараларға да шектеу қойылды. Тәртіп бұзғандар үш айға түрмеге қамалуы да мүмкін.

Бұл карантин 3 сәуірге дейін созылады.

Венецияда жүрген туристер. Наурыздың басы.

8 наурыздағы дерек бойынша, Италияда қазір 7375 адам дертке шалдығып, 366 адам өмірден өтті. Олардың көбі елдің солтүстігінде.

Елде қазір вируспен күресу үшін зейнетке шығып кеткен дәрігерлер қайта жұмысқа оралып жатыр.

Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Италия билігін вируспен күресуді күшейтуге шақырған. ДДСҰ Қытайдың Ухань қаласын толық карантинге жауып, вирус жұқтырғандар санын азайтқанын атап өткен.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

Жалпы әлемде 102 мыңнан астам адамға вирус жұғып, үш жарым мың адам бақилық болды.

Иранда вирус жұқтырғандар 6566 адамға жетті. 7 наурызда вирустан 49 адам көз жұмып, бақилық болғандар саны 190-нан асып кетті. Көз жұмғандар арасында депутаттар мен шенеуніктер де бар. Кейбір сарапшылар Иранда вирус жұқтырғандар мен өлгендер ресми деректен көп болуы мүмкін деп есептейді. Iran Air әуе компаниясы Еуропаға рейстерін тоқтатты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Балаларды үйден шығармай отырмыз". Иран қазақтары вирус жайлы

Вирус тараған Қытайда 7 наурызда 44 адам дертке шалдыққаны белгілі болды. Бұл елде күннен-күнге вирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Дегенмен, Қытайда қаңтардың басынан бері 80 мың адам вирус жұқтырып, үш мыңнан астам адам опат болды.

Ал Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар 7300-ге жуықтады. Елу адам қаза болды. Ел үкіметі 7 наурызда вирус жұқтырғандар саны сәл азайғанын мәлімдеді.

Маскадағы әлем

АҚШ-та дертке шалдыққандар 400-ге жетті. 19 адам қаза болды. Сан-Франциско жағалауында карантинге жабылған Grand Princess круизіндегі 21 адамнан вирус табылған. Бұл лайнерде барлығы 3533 адам болған.

Франция (949), Германия (795), Испания (441), Ұлыбритания (209), Нидерланд (188) елінде вирус жұқтырғандар саны өсті.

7 наурызда коронавирус Колумбия, Болгария, Коста-Рика, Молдова, Мальдив аралдары, Парагвайға да жетті.

Ресми мәліметке сай, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар жоқ. Елде Қытай, Иран, Оңтүстік Кореядан келген жүздеген адам карантинде жатыр. Қазақстан үкіметінің шешімімен вирус көп тараған елдерден келгендер 14 күн карантинге жіберіледі.

Коронавирустан қалай қорғану керек?

  • Қолыңызды жиі жуыңыз.
  • Көзіңізді, мұрныңызды уқаламаңыз, қолыңызды аузыңызға тигізбеңіз.
  • Жөтеліп, түшкіріп жүрген жұрттан бір-екі метр алыс жүріңіз.
  • Жөтелсеңіз, қызуыңыз көтерілсе, тыныс алу қиындаса бірден дәрігерге қаралыңыз.
  • Вирус табылған елден келсеңіз біраз уақыт үйіңізде болыңыз.

    Your browser doesn’t support HTML5

    Covid-19 вирусы қалай жұғады?