Тамыздың 23-і күні наразылықты ұйымдастырушылар "Әуежайға MRT, автобус, такси, велосипед, жеке көлікпен жетіп, әуежайға апаратын транспорттарға қысымды күшейтейік" деп онлайн петиция таратты. Ал әуежай әкімшілігі елдегі газеттер арқылы халықты "Гонконгті сүюге шақырып", әуежай жұмысына кедергі келтірмеуді сұрады.
Тамыздың 22-сі күні елдегі университет студенттері сабақ оқуға бойкот жариялап, наразылыққа шығатындарын айтты.
Гонконгте наразылар өткен аптада әуежай жұмысын бөгеп, жүздеген ұшақ ұшпай қалған. Наразылық кезінде полиция наразыларға көзден жас ағызатын газ қолданған.
Гонконг жоғарғы соты сенбі-жексенбіде әуежайда наразылық шарасын ұйымдастыруға тыйым салды.
Youtube, Facebook, Twitter әлеуметтік желілері Гонконгтегі жағдайға қатысты жалған ақпарат таратқан жүздеген аккаунтты жойғандарын хабарлады.
НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Маусымның басында Гонконг билігі «кандайда бір қылмысқа күдіктілерді Пекин сұраған жағдайда құрлықтық Қытайға беру туралы» заңды енгізбек болды. Бұл заң жобасын Қытай билігі ұсынған. Заң жобасына сай, Гонконг аумағында жүрген адамды Пекин қандайда бір қылмысқа күдікті деп тапса, Гонконг ол адамды Қытай, Макао немесе Тайпейге экстрациялауы тиіс.
Наразылар "бұл заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді" деп қауіптенген. Ал билік, бұл заң жобасы "Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің" санын азайтады деп түсіндірген еді. Осыдан кейін Гонконгте бұл заң жобасына жаппай наразылық шарасы басталды. Шілденің басында аймақ басшысы Кэрри Лэм "күдіктілерді Қытайға беру заңын толығымен жойғанын" хабарлаған. Бірақ соған қарамастан елде наразылық басылмай тұр.
НАРАЗЫЛАРДЫҢ ЕНДІГІ ТАЛАБЫ НЕ?
Наразылар шілденің ортасынан бері талаптарын көбейтті. Наразылардың арасында Кэрри Лэмнің отставкаға кеткенін қалайтындар бар. Олар Лэмді "Пекиннің қолбаласы" деп санайды. Бұдан бөлек, наразылардың Гонконг билігіне қойып отырған бес талабы мынау:
- "Күдіктілерді Қытайға беру заңынан" түбегейлі бас тарту
- Маусымдағы наразылық кезінде ұсталғандарды қамаудан босату
- Наразыларға күш көрсеткен полицейлердің әрекетін тергеу
- Еркін әрі демократия стандарттарына сай сайлау өткізу
- Қамауда отырған барлық наразыларға амнестия жариялау
Наразылардың арасында жастар көп. Олар 2047 жылдан кейін Гонконг Қытайдың толық бақылауына өтеді деп қауіптенеді. Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Сол кезде Пекин-Лондон-Гонконг үштігі келісімге келіп, Гонконг 2047 жылға дейін өз заңы бар автономиялы ел болады деп келіскен.
ҚЫТАЙДЫҢ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?
Пекин Гонконгтегі наразылыққа "Қытайды ұнатпайтын" Батыс елдерін айыптайды. Қытай Батыс елдері Гонконгтегі наразыларды қолдап отыр деп санайды.
Тамыздың басында Қытай Гонконгте наразылыққа шыққандарға ескерту жасап, оларды "отпен ойнамауға" шақырған. Кейін Пекин егер наразылық шарасы күш алып кетсе, Гонконгке әскер кіргізуі мүмкін екенін аңғартты.
Тамыздың 15-і күні халықаралық агенттіктер Қытай Гонконгпен шекараға жақын Шэньчжэнь қаласының маңында әскери жаттығу бастағанын хабарлады.
Спутниктен түсірілген суретте Шэньчжэньдегі стадионның ішінде әскери көліктер тұрғаны көрінді. Reuters агенттігі Шэньчжэньге келіп жатқан әскери көліктердің суретін жариялады.
Қазір Қытай мемлекеттік әскерінің Гонконгте арнайы бөлімшесі бар. Заң бойынша, олар Гонконг билігі көмек сұраса ғана қандай да бір әскери қимыл жасайды. Бірақ тамыздың 17-сі күні Гонконг полициясы Пекиннің көмегіне мұқтаж еместіктерін хабарлады.
Гонконг "қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы" 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.