«Панама архивінде» Дариға Назарбаеваның аты жүр

Дариға Назарбаева, Қазақстанның вице-премьері

Панамалық заң компаниясы құжаттарында «Dariga N. Nazarbayeva» есімі британдық Виргин аралдарындағы оффшор компанияның тең қожайыны ретінде аталған. Биыл жыл басында Қазақстанның вице-премьері әрі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева өз елінің «салық саясаты тым либерал» деп мәлімдеп, салық төлеуден жалтармауға шақырған.

Панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының әлемдегі саясаткер, бизнесмен және әйгілі адамдардың офшор-шоттары жайлы ақпаратын растайтын құжаттарынан 9 мамыр күні жарияланған үзінділерде Орталық Азия елдерінің жүздеген азаматының есімдері бар болып шықты.

Your browser doesn’t support HTML5

«Панамагейттің» кезекті құжаттары. Аудиоподкаст

ҚАЗАҚСТАН

Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының (ICIJ) дерегінше, Dariga N. Nazarbayeva 2007 – 2012 жылдары британдық Виргин аралдарында тіркелген Asterry Holdings LTD офшорлық компаниясының тең қожайыны болған. Компанияның қазіргі мәртебесіне қатысты ақпаратта компания клиенттің тапсырмасымен офшорды тіркеу және басқару қызметін ұсынатын фирма-агентті ауыстырған деп жазылған. Одан әрі "Asterry Holdings LTD компаниясы 2011 жылдың қарашасында қызметін тоқтатып, 2012 жылдың сәуірінде сатылды" деп көрсетілген.

Қазақстанға қатысты жарияланған ондаған адамның арасында активтерінің көбі жылжымайтын мүлік саласында шоғырланған миллионер Сержан Жұмашев бар. Ол Қазақстанның ықпалды әрі бай адамдарының бірі саналады. «Панамалық құжаттар» оның қатысы бар екі мекеменің атауын жариялаған. Біріншісі – Сейшель аралдарындағы MADISON EQUITIES TRADING LTD, оның иесінің мекен-жайы Кариб теңізіндегі Доминика астанасы Розо деп көрсетілген. Оның статусы туралы ақпаратқа қарағанда, қазір фирма жоқ. Есесіне оның тағы бір компаниясы - CAPITAL AIRWINGS DELTA LTD - британның Виргин аралдарында тіркелген, иесінің мекен-жайы Қытай астанасы Пекин деп көрсетілген.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев

«Панамалық құжатта» ENRC металлургиялық кәсіпорны иелерінің бірі Патох Шодиев пен бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың офшорлары туралы ақпарат бар. Құжатта Шодиев - International Financial Limited компаниясының иесі, ал мекенжайы Алматыдағы Қонаев көшесі, 56 үй деп көрсетілген. Оның екінші компаниясы - EUROPA EXCLUSIVE LTD иесінің мекенжайы көрсетілген тұста Шанхайдың оңтүстік-батысына қарай 180 километр жердегі Ханчжоу қаласы аталған.

Тізімде Ерлан Сағадиевтің де аты-жөні бар, құжаттарда оның Уругвайда тіркеуде тұратыны, британдық Виргин аралдарындағы Masterton Management LTD компаниясының тең қожайыны екені көрсетілген. 2009 жылы құрылған компания қызметін 2012 жылы тоқтатқан әрі сол жылы аукционда сатылған. Қазақстанда Ерлан Сағадиев есімді білім және ғылым министрі бар.

«Панама құжаттарында» жуырда «әлеуметтік араздықты қоздырғаны» үшін сотқа тартылған азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің есімі де жүр. Шолпан Мәмбеталина екеуі британдық Виргин аралдарындағы HALLWORTH PROPERTIES LIMITED компаниясының тең иелері ретінде көрсетілген. Компанияның тең қожайынының Серікжан Мәмбеталиннің мекен-жайы Лондонда деп жазылған. Құжаттағы ақпаратқа қарағанда, бұл фирма 2005 жылдың қарашасында құрылып, 2010 жылы сатылған, ал қызметін 2011 жылдың мамырында тоқтатқан.

Азаттыққа «Панамалық құжаттарда» аты-жөні жүрген адамдардың ішінен Серікжан Мәмбеталиннен ғана комментарий алудың сәті түсті. Ол жауабын қысқа қайырып, 2002-2010 жылдары Лондонда тұрғанын ешқашан жасырмағанын, саясатқа араласқанға дейін бизнеспен айналысқанын айтты.

«Әлгі компания менікі болған, есеп-шоты Женева банкінде ашылған, бірақ қазір компания да, есеп-шот та жоқ. Есеп-шот ашып, бизнес жүргізу үшін дайын компания сатып алған өте тиімді болғандықтан офшорда тіркелген. Қазақстанда мемлекеттік қызметте бір күн жұмыс істемеген мен үшін бұл заңға қайшы емес», - деп жауап берді Серікжан Мәмбеталин Азаттықың сұрақтарына. Ол әлгі компанияның немен айналысқанын түсіндірмегенімен, «оның қызметі аясына Қазақстан кірген жоқ» дейді.

ОФШОРЛАР ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВТАР ОТБАСЫ

Танымал тұлғалардың «Панамагейт» аясында әшкере болған офшорлық есеп-шоттары жайлы алғашқы деректер биылғы сәуірдің басында жарияланған. Mossack Fonseca фирмасынан тарап кеткен құжаттарда Дариға Назарбаеваның ұлы, Қазақстан президентінің үлкен жиені Нұрәлі Әлиевтің аты-жөні жүр деп хабарланған. Ол биылғы көктемге дейін Астана әкімінің орынбасары болған. 9 мамырда интернетте жарияланған қосымша деректерде Нұрәлі Әлиевтің есімі тағы аталған. Зерттеу авторларының жазуынша, Nurali Aliyev Alba International Holdings LTD офшорлық компаниясының меншік иесі және Baltimore Alliance Inc компаниясы акционері болған (екі компания да британдық Виргин аралдарында тіркелген).

Нұрәлі Әлиев

Ертеректе ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев бизнесмендерді офшорға қатысты сынап, капиталды заңдастыруға шақырғанымен, Нұрәлі Әлиевтің өзі де, оның шешесі де, жалпы, Назарбаев отбасынан ешкім оның офшорлары туралы ақпараттың жариялануына байланысты баспасөзде комментарий берген жоқ.Тoday.kz сайты Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы қаңтардың 29-ында «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқан: «Талай бай адамдарды, миллионер, миллиардерлерді өсіріп шығардық. Рас па, өтірік пе, әйтеуір, олардың әдемі етіп боялған, опаланған, жақсы киінген фотосуреттері Forbes журналы беттерінде тұрады. Бірақ сендерге бұл ақшаны Қазақстан, біздің еліміз, мемлекет табуға мүмкіндік берді. Сондықтан ақшаларыңды мұнда әкеліп салыңдар. Әлгі офшорларыңның бәрі - далбаса. Қазір офшор деген жоқ» деген сөзін келтірген.

Ертеректе Дариға Назарбаева салықтан жалтаруға қатысты өз ұстанымын мәлімдеген. Қазақстандық кейбір БАҚ биылғы ақпанның 18-і күні денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің алқа отырысында сөйлеген Дариға Назарбаеваның «Егер әлеуметтік сала жоғары деңгейде болғанын, жолдардың жақсарғанын, балаларымыз жақсы білім алып, әрқайсымыз қартайғанда жақсы өмір сүргіміз келсе, еліміздің әр азаматы ұнасын мейлі ұнамасын, салық төлеуге тиіспіз. Барлық дамыған елдер осы тәртіпке сүйенеді, ал көп елдерде салық мөлшері бізге қарағанда 2-3 есе көп» деген сөзін келтірген.

Назарбаева Скандинавия елдері тәжірибесін мысалға келтіріп, ол елдерде азаматтардың табысының 60-70 пайызы мемлекет бюджетіне салыққа кететінін айтқан. «Біздің салық саясатымыз өте либерал, сондықтан ұят деген болу керек қой, сараңданбай, бөлісу керек, президентіміз айтқандай, салығыңды төлесең, ұйқың да тыныш болады» деген Дариға Назарбаева.

Танымал тұлғалардың қаржысына қатысты құпияны әшкерелеу Еуропаның кей елдерінде жаппай наразылыққа ұласқан болатын, мысалы, Исландия қоғамының мұндай реакциясынан кейін премьер-министр Сигмюндюр Гюннлёйгссон отставкаға кетті. Журналистердің халықаралық зерттеуі оның Исландия банктеріндегі офшор компания арқылы өткізген жасырын инвестициялары жайлы ақпаратты жариялаған.

Қазақстанда халықаралық журналистер консорциумы жүргізген зерттеу ешқандай реакция тудырған жоқ. Елдің бас прокуратурасы Азаттықтың сауалына «бұл материалдардың шығу көздері туралы қандай да бір шынайы мәлімет жоқ» деп түсіндіріп, әшкере болған деректерге қатысты тексеру жүргізбейтінін хабарлаған болатын.

ӨЗБЕКСТАН

ICIJ дерегінше, Өзбекстанның жүзден аса азаматының офшорда табыс көзі бар. Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодликтің хабарлауынша, «Панама құжаттарында» Өзбекстанның арнайы қызмет органдарына қатысы бар есімдер жүр.

– Алдын ала тексеру кезінде Овик Мкртчянның есімі шықты. Біз әлгі құжаттарда әлі талай өзбекстандықтың есімі барына сенімдіміз, - дейді халықаралық коррупция мен ұйымдасқан қылмысты тексеру орталығының редакторы Миранда Патручич Азаттыққа.

Азаттықтың жазуынша, Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова Овик Мкртчянды Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) бұрынғы генералы Хает Шарифходжаев тобының мүшесі деп атаған болатын, Оның дерегінше, қазір Шарифходжаев үй қамағында, ал Овик Мкртчян түрмеде отыр.

«Панама құжаттарында» Гүлнара Каримованың азаматтық некедегі күйеуі Рустам Мадмаровтың есімі де бар. Юрисдикциясы белгісіз Stockbridge Plus Ltd. компаниясы оның атына тіркелген. 2014 жылы Мадумаров Өзбекстанда қылмыстық айыптармен 10 жылға сотталған, бірақ оның жаза мерзімінің үштен бірін бірден азайтқан.

ТӘЖІКСТАН

Жарияланған «Панама файлдарында» компанияларын Виргин және Багама аралдарындағы офшорларда тіркеген Тәжікстанның 10 азаматының есімдері бар. Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, олардың ішінде Сафармад Сафаров, Бахтиёр Муъминов, Абдумуъмин Абдушукуров, Зарифбек Давлатов, Бехзод Файзуллоев, Фируза Акрамова, Салим Халилов, Дилшод Шохмамадов, Хакимбой Зиёевич және Мансурджон Хамидов бар.

Мысалы, Бехзод Файзуллоев - Babilon компаниясының бас директоры ретінде белгілі адам, бұл - Тәжікстандағы ең ірі ұялы байланыс операторы. Бұл компанияға Бахтиёр Муминовтің қатысы болған. «Панама құжаттарында» екеуі де Hightron Holdings Inc офшорлық компаниясының тең иесі ретінде көрсетілген.

Әлемде бұл ақпараттың жарияланып кетуі мен оны кәсіби тұрғыдан зерттеудің жұртшылық үшін маңыздылығына қатысты дау әлі қызып тұр. Өзге пікірлермен қатар «мұндай жалған компаниялар арқылы қаржы жымқыру демократиялық емес режимдерді қолдауға қызмет ететін әлемдік коррупцияның негіздерінің бірі» деген пікір де айтылады.