Каримованың швейцариялық қорғаушысы Грегуар Манжа маусымның 20-сы күні тағы Ташкентке келді. Мангетпен бірге Ташкентке қаржылық қылмыстарға қатысты істермен айналысатын Mangeat Attorneys at Law компаниясының екі өкілі Фанни Маргаираз бен Элис Парментье де келді.
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, қорғаушылар 21-22 маусымда түрмеде отырған Гүлнар Каримовамен кездесуі жоспарланған. Өзбекстан бас прокуратурасы Азаттықтың Өзбек қызметіне Каримова мен адвокаттардың кездесуіне кедергі келтірмейтіндерін хабарлады.
Мангет Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында өзінің қорғауындағы Гүлнара Каримовамен 25-26 сәуірде Өзбекстан бас прокуратурасының ғимаратында кездескенін және 21-22 маусымда қайта кездесуге рұқсат алғанын айтқан.
Манжа Каримовамен алғаш рет 2016 жылы желтоқсанда кездескен. Бірақ соңғы бір жарым жылда ол Каримовамен кездесе алмаған.
– Соңғы айлары Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың Швейцариядағы ақшасының жартысын не толық қайтару үшін бізбен жұмыс істеудің қажет екенін түсінді. Олар менің жұмыс істеуіме мүмкіндік беру арқылы қарсылықтарды азайтып, ақшаны қайтару мүмкіндігін арттырғысы келеді, - дейді адвокат Азаттықтың Өзбек қызметіне.
КАРИМОВАНЫҢ ҚАМАУДАҒЫ ӨМІРІ
Адвокаттың айтуынша, түрмедегі алғашқы жылдар Каримоваға ауыр тиген. Оның сөзінше, Ислам Каримовтің қызы қазір "Ташкенттен үш сағаттық жердегі түрмеде отыр" және билікке Шавкат Мирзияев келгелі оның ісіне деген Ташкенттің көзқарасы жақсарған. Манжа Каримованың жағдайын "нашар" деп бағалайды.
Ол "25-26 сәуірде Каримовамен кездескенде оның көңіл-күйі құбылмалы, шаршаңқы болғанын және дәрінің әсерінен ойын еркін жеткізе алмағанын байқаған". Манжа "Каримова өзіне тағылған айыптарды мойындамайды" деді.
Адвокат Каримованың жағдайын талқылау үшін ел президенті Шавкат Мирзияевпен кездесуді жоспарлайды. Оның ойынша, Мирзияев -Каримованың түрмедегі жағдайын жақсарта алатын жалғыз адам. Манжа Өзбекстан үкіметіне президентпен кездесу ұйымдастырып беруді сұрап, екі рет хат жазғанын айтады.
Мирзияев -Каримованың түрмедегі жағдайын жақсарта алатын жалғыз адам.
– Бұл - менің бастамам. Гүлнара бұл туралы сұраған жоқ. Президентке Каримованің түрмедегі жағдайын, оған жасалған қысым туралы айтқым келеді. Өзбекстанда Каримоваға қозғалған істің құжаттарын көрсетпеу адвокат жұмысын қиындатады, - дейді адвокат.
Манжаның айтуынша, егер барлығына тиімді шешім болса, Гүлнара Каримова мәмілеге келуі мүмкін.
– Адвокат ретінде өз жұмысымды атқарып, қорғауымдағы адамға халықаралық стандарттарға сай жағдай жасалу үшін күресемін. Егер Өзбекстан билігінің мақсаты Каримованың байлығын тартып алу болса, бөгет жасаймыз. Қажет болса Страсбургтегі Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотқа шағымданамыз, - дейді.
АДВОКАТТЫҢ ҮМІТІ
Адвокаттың айтуынша, олар Каримованы қамаудан босату жолдарын қарастырады. Қорғаушылар тобы Ислам Каримовтің үлкен қызы түрмеден шығып, бұғатталған ақшаларын қайтарып, жаңа өмір бастайды деп үміттенеді.
Елдің бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова ертеректе Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген, Швейцарияның халықаралық ұйымдарында бірнеше жыл ресми Ташкенттің өкілі болған, Испаниядағы Өзбекстан елшісі, Мәскеудегі Өзбекстан елшілігінің кеңесші-уәкілі, Өзбекстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарған. Бұған қоса Каримованың есімі киім-кешек дизайнері және әнші ретінде белгілі, Guli брендімен киімдер, ерлер мен әйелдерге арналған иіс сулар топтамасын және ағылшын тілінде музыкалық альбом шығарған.
Оқи отырыңыз: Ислам Каримовтің 80 жылдығында туыстары билікте қалмады
Бірақ 2013 жылы Еуропа елдерінде шетелдік телекоммуникация компанияларымен миллиондаған доллардың күмәнді мәмілелерін жасады деген күдікпен Гүлнара Каримоваға қатысты тергеу амалдары басталған.
2013 жылдың соңына қарай Гүлнара Каримованың бизнес-империясы толық күйреді. Оның қайырымдылық қорлары, телеарналары мен дүкендері бірінен соң бірі жабылды.
Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов 2016 жылы қыркүйекте 79 жасқа қараған шағында инсульттен көз жұмған. Гүлнара Каримова әкесінің жерлеу рәсіміне қатысқан жоқ. Ол Ташкентте үйқамағында отыр екен деген хабар тараған.
2017 жылы шілдеде Өзбекстанның бас прокуратурасына қарасты ұйымдасқан қылмыс және коррупцияға қарсы күрес басқармасы елдің бірінші президентінің қызы Гүлнара Каримова жайлы хабар таратқан. Бұл мекеме таратқан хабарламаға қарағанда, 2015 жылғы тамызда Ташкент облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот Өзбекстанның экс-президентінің қызын ақша жымқыру және бопсалау баптары бойынша айыпты деп танып, оған бес жылға бас бостандығын шектеу үкімін кескен.