Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің әйелінің есімі көпшілікке жуырда ғана белгілі бола бастады. Өзбекстан президентінің отбасымен жақын таныс саясаттанушы Тошпулад Юлдашевтің айтуынша, ері Өзбекстан премьер-министрі болған кезде Зироатхон Хошимова отбасының тыныштығы үшін таныстары мен әріптестерінің ортасында ерекшеленбей, құрбыларымен, тіпті туыстарымен де жиі кездесуден қашқақтап жүрген. Оның еріне еріп ресми сапарларға барғаны да байқалмайтын, Зироатхон Хошимова ақсүйектердің қонақасы-кештерінде көрініп қалуға да тырыспайтын. Өзі немесе отбасы мүшелері жұртқа танылуға ұмтылған кез-келген шенеунік президент Ислам Каримовтің кәріне ұшырауы мүмкін екенін Өзбекстан элитасы жақсы білетін.
Былтырғы қарашаның басында Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы сайтында жарияланған Өзбекстан президенттігіне кандидат Шавкат Мирзияевтің ресми өмірбаянында Зироатхон Хошимованың есімі бірінші рет аталды. Зироатхон Хошимованың әлі күнге дейін әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ.
БАҚЫТТЫҢ ҚИЫН ЖОЛЫ
Тошпулад Юлдашевтің айтуынша, Зироатхон Хошимова Ферғана облысы Қоқан қаласында дін ұстанатын және өте ауқатты отбасында дүниеге келген. Оның сөзінше, Шавкат Мирзияев болашақ әйелімен Ташкент ирригация және мелиорация институтында танысқан. Шавкат институттың комсоргы, ал Зироатхон үздік студенті болған. «Жастар бірін-бірі ұнатып қалған, кейін олүлкен сүйіспеншілікке ұласты» дейді Тошпулад Юлдашев.
Бірақ екеуінің бақытқа барар жолы қиын болған - кей деректерге қарағанда, Зироатхонның отбасы екеуінің үйленуіне қарсы болған. Оның әкесі Махмуджон Хошимов Ферғана алқабындағы өте бай әрі ықпалды адам болған, Қоқандағы Орта Азия темір жолының «Дорресторан» мен жылжымалы вагон-ресторандар қарайтын қамтамасыз ету бөлімін басқарған. Деректер бойынша, Махмуджон Хошимовтің СССР-дің материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комитетінен (Госснаб) түскен тапшы заттарды бөлуге араласатын құзыреті болған, Өзбекстаннан Ресейге жеміс-көкөніс жеткізіп, ал қайтарда тапшы заттарды тасыған жеке 10 вагон-рефрижераторы (тоңазытқышы бар вагондар – ред.) болған.
Тошпулад Юлдашевтің айтуынша, Өзбекстан президентінің жұбайы білімді, мәдениетті адамдармен араласады, қоғам қайраткерлерімен көбінесе кәсіби мәселелер, бала тәрбиесі проблемалары туралы сөйлеседі, ғылым, білім, әдебиет пен өнерге жақын адам.
«Мирзияевтің президент сайлауындағы жеңісінен кейін оның жұбайы белгілі ақын Халима Худайбердыеваның үйіне барды. 23 жылдан бері ақынның кітабын жариялауға да, жұрт алдына шығуға да рұқсат бермей қойған. Оның үйіне Зироатхон Хошимова барғаннан кейін ақын 25 жылда алғаш рет мемлекеттік телевизияға шықты. Билік ақынның күйеуі – белгілі ғалым әрі саяси тұтқын Мавлон Умурзаковты да ақтады» дейді Тошпулад Юлдашев
ЕРІНІҢ «СҰР КАРДИНАЛЫ» МА?
Өзбекстан басшысының жары көрікті әйел екенін «Независимая газета» басылымының шолушысы Виктория Панфилова да байқаған. Оның сөзінше, марқұм президент Ислам Каримовтің жұбайынан Зироатхон Хошимованың айырмашылығы – ол мемлекеттік істерге араласпайды. Татьяна Каримова жұрт көзіне түсуден көбінесе қашқақтайтын. Бірақ кей дереккөздер ол еріне ықпалы мықты «сұр кардинал» болды әрі елді басқаруға тікелей араласты деп санайды. Саясатқа яки кадрлық ауыс-түйіске немесе қаржы-экономикалық мәселелерге қатысты ешбір шешім оның сыртынан қабылданбаған.
Виктория Панфилованың сөзінше, ОрталықАзияда Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтың жұбайы Майрам Ақаева ғана саяси және қоғам қайраткері ретінде танылған еді. Ол Асқар Ақаев президент болып тұрған кезде «Мээрим» (Мейірім – ред.) қайырымдылық қорын басқарған. Майрам Ақаева постсоветтік республикалар басшылары әйелдерінің ішінде "У надежды не бывает ночи" деген естеліктер кітабын жариялаған алғашқы ханым.
"РАИСА ГОРБАЧЕВАНЫ ӨНЕГЕ ТҰТТЫМ"
Қырғызстан экс-президентінің жұбайы әлгі кітабының презентациясында Раиса Горбачеваны "әлі өнеге тұтамын" деп мәлімдеген еді. Майрам Ақаева Раиса Горбачеваны бұрынғы СССР халқының көбі ұнатпағанын меңзеп, «Бәрімізден де сол кісіге қиын болды. Ал ол кісіден кейін келген бәрімізге оңайырақ болды» деген болатын.
Тағдыр Раиса Горбачеваның маңдайына тарихта СССР-дің алғашқы әрі соңғы президентінің жары рөлінде қалуды жазды. Батыс елдерінде жұрт оған тәнті болып, Раиса Горбачева мұндағы «бірінші ханым» туралы ұғымға үйлесімді болды, сондықтан оның пайда болуы Батыс елдерінің көптеген өкілдері үшін қайта құру кезеңіндегі СССР-дың адамшылық сипатқа келе бастағанын білдіретін көрсеткіш болды.Оның фотосуреттері Батыс басылымдары мұқабаларынан түспей, әлемнің белгілі журналистері ол кісіден сұхбат алуды армандады, стилистер оның тамаша талғамын жоғары бағалады. Раиса Горбачева қоғамдық өмірге белсенді араласып, оның көмегінің арқасында советтік мәдениет қоры құрылды, жаңа мұражайлар ашылып, сәулет өнері ескерткіштері жаңартылды.
Бірақ СССР халқы мемлекет басшысы әйелінің мұндай белсенділігіне үйренбеген еді. Халық арасында Раиса Горбачеваның киімдеріне қазынадан миллиондаған рубль жұмсалады екен, ал бас хатшының әйелі күніне бірнеше рет киім ауыстырады екен деген сөздер тараған.
КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛҒЫСЫ КЕЛМЕГЕН «БІРІНШІ ХАНЫМДАР»
First Lady (Бірінші ханым – ред.) термині әдепкіде АҚШ президенті жұбайын атау үшін қолданылған болатын, бірақ кейін өзге тілдерге де енді, қазір мемлекеттер басшыларының (егер монарх болмаса) жұбайын атау үшін қолданылады.
Википедия дерегінше, АҚШ-та «бірінші ханым» терминін 1849 жылы президент Закари Тейлор алғаш қолданған - ол төртінші президент Джеймс Мэдисонның әйелі Долли Мэдисонның мемлекеттік жерлеу рәсіміндегі сөзінде марқұмды осылай атаған. Бірақ «бірінші ханым» деп атай бастаған алғашқы әйел - АҚШ-тың 15-президенті Джеймс Бьюкененнің жиені Хэрриет Лэйн болды (Бьюкенен АҚШ-тың жалғыз бойдақ президенті болған, сондықтан Ақ үйдегі «бірінші ханым» рөлін мемлекет басшысының жиені атқарған). Бірақ бұл ұғым 1877 жылы ғана жаппай қолданыла бастады. Ол кезде Мэри Эймс президент Рутерфорд Хейзді ұлықтау рәсімі туралы мақаласында оның АҚШ-та өте танымал болған әйелі Люси Уэбб Хейзді «бірінші леди» деп атаған еді.
«Бірінші ханым» әдетте өзге мемлекет басшыларының әйелі, отбасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатады, мемлекет басшысының ресми сапарлары кезінде «әйелдерге арналған бағдарламалар» ұйымдастырады. Кейбір «бірінші ханымдар» елдің саяси істеріне белсенді араласады. 2016 жылы АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның әйелі Хиллари Клинтон АҚШ президенттігіне негізгі үміткерлердің бірі болды. Аргентинаның екі «бірінші ханымы» Исабель Мартинес де Перон мен Кристина Фернандес де Киршнер мемлекет басқарған жұбайлары Хуан Перон мен Нестор Киршнердің орнына келген.
"ӘЙЕЛ БАЛА-ШАҒАСЫ МЕН ЕРІНІҢ ҚАМЫН ОЙЛАУЫ ТИІС!"
Орталық Азияда мемлекет басшысының жұбайлары «бірінші ханым» мәртебесіне қарамастан көлеңкеде қалуға тырысады. Тәжікстан мен Түркіменстан басшыларының жұбайлары туралы әлі күнге дейін ештеңе белгісіз, өйткені олар жайлы жария ақпарат мүлде жоқ.
Тәжікстан басшысының жұбайы Азизамо Рахмонова көпшілік алдына бірнеше мәрте ғана - Эмомали Рахмонның Малайзияға сапары кезінде, ҚХР президенті резиденциясындағы қонақасы кезінде және Сауд Арабиясына кіші қажылыққа барған кезде шыққан.
Айтпақшы, әлгі кіші қажылықтан кейін Тәжікстанның мұсылман әйелдерінің ішінде Қағбаның ішіне кірген алғашқы әйел болғандықтан, біреулер Тәжікстан президентінің жұбайы Азизамо Рахмонованы «тәжік әйелдерінің көшбасшысы» деп жариялауды ұсынған болатын.
Оқи отырыңыз: Рахмонның жұбайын «әйелдер лидері» деп жариялауды ұсынды
2013 жылы Тәжікстан президентінің шағын бизнес өкілдерімен кездесуінде біреулер Азизамо Рахмонованы ел кәсіпкерлері қауымдастығының басшысы етіп тағайындауды ұсынды деген сөз тараған. Тәжікстан басшысы әлгі ұсынысты құптамаған. Эмомали Рахмон «әйел бала-шағасы мен ерінің қамын ойлауы тиіс» деп мәлімдеген.
Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Хиромон Бакозоданың мақаласы орыс тілінен аударылды.