Бесінші құрылтай туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы сайтында «40-тан астам елдегі қазақ диаспорасының 350 өкілі және бірнеше халықаралық ұйымдар қатысатыны» жайлы ақпарат жариялады. Алайда 1992 жылдан бері бесінші рет өткелі отырған жиыннан шеттегі қазақтардың кейбірі аса көп үміт күтпейтін тәрізді.
«АШЫҚ ТАЛҚЫДАН ҚАШҚАҚТАЙТЫН ЖИЫН»
Мәселен, Моңғолияда тұратын этникалық қазақ Сайран Қадыр жиын жөнінде «Дүниежүзі қазақтары құрылтайы» деген атына заты сай келе қоймайтын жиын. Әу бастан бұрынғы совет заманындағы ортаңқол үгіт-насихат жиындарына ұқсап келеді» деп есептейді.
– Жақсы қарсы алады, ойын-той мол ұйымдастырылады. Бірақ шеттегі қазақтың көкейкесті мәселелерін ашық талқылаудан қашқақтайды. Сын-пікір айтылмайды, қабылданған шешімдерді кім қалай орындағаны белгісіз қалады. Алдыңғы құрылтайда айтылған, қаралған мәселелер жөнінде ешкім есеп бермейді, – дейді ол Азаттыққа.
Сайран Қадыр Азаттыққа құрылтайда ең көп сөз болатын тақырып – шеттегі қазақтың Қазақстанға көшу мәселесі екенін, «алайда әлі күнге дейін толық шешімін таппай келе жатқан мәселе де сол» екенін айтты. «Сайран Қадырдың пікірлерінің шындыққа жақындайтынын» айтқан алматылық тұрғын, өзі де кезінде шетелден көшіп келген Рахым Айып бұған дейінгі өткен «төрт құрылтайға да қатысқан».
– Мәселен, сөйлеген шешендер барлық жерде жұмақ орнағандай елбасы атына мадақ айтуға айналып кетеді. Мұндағы мәселелер құрылтайды ұйымдастырушылардың еншісінде. Өйткені жиында сөз сөйлейтіндердің қазақ көшінің проблемасынан хабарсыз екенін аңғарасың, – дейді.
2011 жылы өткен төртінші құрылтайда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «оралмандардың азаматтық алуына және тұрақты тіркеуге тұруына кедергілерді жою жөнінде нақты мәселе қойғанын» есіне алған Рахым Айып «бірақ бұл екі мәселеде кедергілер керісінше көбейіп кетті» дейді. Ол құрылтайда мына мәселе көтерілсе деген ұсынысын да айтты.
– Көші-қон туралы заңда, жер туралы заңда және басқа заңдарда айтылған «оралманның жер алу мәселесі» мүлде қозғалмай кетті. Құрылтайда оралмандарды жерге орналастыру бірінші әңгіме болуы керек, – дейді ол.
«ҰСЫНЫСТАРЫН КҮН ТӘРТІБІНЕ ЕНГІЗІП БЕРЕЙІН»
Сынаушылардың сөзіне құрылтайды ұйымдастыру жұмыс тобына қауымдастық өкілдері де кіретінін айтқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа бастығының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев:
– Бір миллионнан астам қазақ көшіп келді, одан артық не керек? Өткен құрылтайда төрт мәселе талқыладық. Көші-қон, оқу, мәдениет саласы. Ұсыныстар негізінен жүзеге асты. Тек оқу жөнінде айтқанымыз орындалмады. Осы құрылтайда оны тағы қозғаймыз, – деп жауап берді.
Ол «Құрылтайға жер бөлу мәселесінің қатысы жоқ екенін, бірақ жер бөлініп жатқанын» ескертеді.
– Кім жер ала алмай қалыпты? Оралман мәртебесімен келсе, береді. Бұл мәселе бойынша үкімет жауабы дап-дайын. Қостанайға, Солтүстік Қазақстан жаққа кел, жер дайын дейді, болды, – дейді ол.
Ол «осы құрылтайда шеттегі қазақтың мәдени орталықтарына қаржылай және басқа көмектер көрсету, жастардың Қазақстанға келіп оқуы сияқты төрт түрлі мәселені қозғататындарын» айтады.
– Бұрын ұлты қазақ, бірақ Қазақстан азаматы емес адамдар Қазақстан жоғары оқу орындарына түсе беретін. Қазір оларға екі пайыз квота бөліп қойды. Осыны өзгертуді қозғаймыз. Үшінші, шеттегі қазақ Қазақстанда бизнеспен айналысуына арнайы жағдай жасауды қозғаймыз. Төртінші, көші-қон. Ресей орыс тілін білетін, ата-анасы бұрын СССР-да туған адамға бірден азаматтық береді. Ал бізде азаматтықтан шығып келуді талап етеді. Бұл Өзбекстан қазақтарына қиын тиіп жатыр. Соттылығы туралы анықтама және бар. Біз этникалық қазақтарға қосымша құжат сұрамай бірден азаматтық беру мәселесін көтереміз. Сосын құрылтайдың мақсаты – шеттегі қазақты Қазақстанға көшуге ынталандыру, олардың мұң-мұқтажын сұрау, – дейді.
Сұлтанәлі Балғабаев сөзін «келіп маған айтсыншы, мына-мына мәселелер көтерілсін деп, күн тәртібіне енгізіп берейін» деп аяқтады.
Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі Ботагөз Уатқан осыған дейін өткен құрылтайлар жөнінде:
– Алғашқы құрылтай нәтижесінде ағайын елге оралып, жастар Қазақстан оқу орындарына түсе бастады. Екінші құрылтайда Қытай қазақтарының келуіне мүмкіндік жасалды. Шеттегі қазақтар үшін «Caspionet» телеарнасы қосылды. Төртінші құрылтайдан кейін көші-қон туралы заң өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қабылданды, – дейді.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы бұған дейін 1992 жылы Алматыда, 2002 жылы Түркістанда, 2005 және 2011 жылдары Астанада өткен. Оны ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жиынға әр салада көрініп жүрген шеттегі қазақ жастары көбірек шақырылып отыр.
1991 жылдан бері Қазақстанға 284 361 отбасы, яғни, 1 миллион 6 мыңнан астам этникалық қазақ қоныс аударды. Олардың 61 пайызы – Өзбекстаннан, 12 пайызы – Қытайдан, 12 пайызы – Моңғолиядан, 7 пайызы – Түркіменстаннан, 4 пайызға жуығы – Ресейден және 4 пайыздайы өзге елдерден көшіп келген. Олардың ішінде еңбек жасындағы азаматтар – 56 пайыз, 18 жасқа дейінгі балалар – 40 пайызға жуық, зейнеткерлер – 4 пайыздан астам.