Иран Ирактағы жанжалға араласты

«Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымы өкілі туын көтеріп тұр. Ирак, Салахуддин, 11 маусым 2014 жыл.

Иран көршілес Ирактағы жағдайды жіті бақылап отыр. Мұнда «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» атты радикалды ұйымның жасақтары Мосул мен Тикрит қалаларын басып алып, Бағдатқа қарай жылжып келеді.
Иран үкіметінің өкілдері, соның ішінде президент Хассан Роухани «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымының жасақтарымен күресте Ирактың үкімет әскеріне көмектесуге әзір екенін айтқан. Ал Батыс ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Иранның аса ықпалды мекемесі - Ислам революциясы сақшыларының корпусы Иракқа әскер кіргізіп үлгерген.

Роухани Тегеранның көрші елде болып жатқан қантөгіске жай қарап отыра алмайтыны айтты. Бірақ ол Иракқа қашан және қалай көмек көрсететінін ашық айтқан жоқ. Иран полициясының басшысы Есмаил Ахмади Могадамның айтуынша, Иран шииттердің қасиетті орындары мен қалаларын қорғау мақсатында соғысқа араласуы мүмкін.

ИРАН ЖАСАҒЫ ИРАКТА ЖҮР

The Wall Street Journal және The Times басылымдарының таратқан ақпаратына қарағанда, Иранның революция сақшылары корпусының элиталық «Құдыс» жасағы 12 маусымда бүлікшілердің жолын кесу мақсатында Ирак әскеріне көмеккен келген.

The Wall Street Journal басылымының ақпаратына сәйкес, «Құдыс» күштерінің екі батальоны Ирак аумағына кірген.

Осының алдында, 9 маусымда, ирандық интернет-сайттар «Құдыс» күштерінің командирі Қасим Сүлеймани мен Ирактың шииттерден сайланған депутаты Қасим әл-Аражидің қол алысып тұрған суретін жариялаған еді.

Веб-сайттардағы мәліметтерге қарағанда, әл-Аражи бұл суретті өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялап, астына «Бізге қажы Қасим келді!» деп жазып қойған.

Иран әскерінің Ирак жеріне кіруі туралы ақпаратқа ресми Тегеран ешқандай жауап қатқан жоқ.

«СИРИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ ИРАКТА ДА БОЛАДЫ»

Осының алдында революция сақшылары корпусы командирінің орынбасары, генерал Хусейн Салами «Иран Ирактағы оқиғалар кесірінен төнетін қауіптен қорықпайды» деп мәлімдеген.

«Ирактағы экстремистік топтардың беті қайтарылатыны анық» деген Салами

Ирбилдегі босқындар лагері. Ирак, 13 маусым 2014 жыл.

Иранның ISNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Ол Ирактағы қазіргі ахуалды Сириядағы жағдаймен салыстырды. Онда президент Башар Асадтың билікте қалуына Иран әскері көмектескен деп есептеледі.

«Сириядағы жағдай өзгерді» деген Салами Иракта да осылай болады дегенге меңзеді.

Ол Иракта жағдайдың ушығуына АҚШ кінәлі деп санайды: «Ирак сияқты елдерде болып жатқан оқиғалар - АҚШ-тың және басқа да Батыс елдерінің әскери шабуылының кесірі» деді генерал Салами.

Қатаң бағытты қолдайтын ресми тұлғалар да, біраз ақпарат құралдары да Ирактағы дағдарысқа осындай пікір білдіріп жатыр.

Солардың арасында рухани көсемнің революция сақшыларының корпусындағы өкілі де бар. Ол да АҚШ-қа кінә арта сөйледі: «АҚШ-тың колониалистік саясаты Иракта экстремистік, террористік топтардың бас көтеруіне алып келді, соңғы оқиғалар соның айғағы» деді Хожатолеслам Әли Саиди Tasnim ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Ол сонымен қатар «Сирияда хаостың орнауына көп «үлес» қосты» деп Сауд Арабиясы мен Қатарды айыптады.

«Олар Сириядағы қитұрқы әрекеттерінің жүзеге аспай қалғанын түсінді. Енді олар өздері уәде берген жұрттың рухын көтеру үшін Иракта жаңа майдан ашты» деді Әли Саиди.

Консерваторлардың javanonline.ir сайты да Сауд Арабиясына қатты шүйлікті. «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымы интеллектуалдық бастауын уаххабизм мен такфиризмнен алады. Эр-Риядта отырған мүфтилер әлемнің түрлі бөліктеріне (дәл қазір Ирак пен Сирияға) өздерінің адамзатқа жат ілімдерін таратып отыр» делінген ақпарат агенттігінің хабарында.

«БИЛІККЕ ТАЛАС ИРАКҚА ҚАУІПТІ»

Консерваторлардың Fars ақпарат агенттігі Ирактағы оқиғалар туралы арнайы блог ашқан. Сол блогта Иранның «Басидж» күштері командирлерінің пікірлері де жарияланды. Онда «Исламның атына кір келтіру үшін АҚШ Сирия мен Иракта «Такфири терроршыларын» қолдап отыр» делінген.

Иранның Mehr сияқты басқа да ақпарат агенттіктері Ирактағы дағдарыс жөнінде

"Ирак және Левант ислам мемлекеті" тобы маусымның басынан бері бірнеше қаланы басып алды.

блог жүргізіп келеді. Веб-сайттардың көпшілігі ақпаратты мен сараптамаларының біраз бөлігін осы тақырыпқа арнап отыр.

Көпшілікке әйгілі fararu.com сайты Иранның Стратегиялық зерттеулер орталығының басшысы Амир Мусавимен сұхбат жариялады, онда сарапшы көрші Ирактағы оқиғалардың тез өрбуінің себептерін талдап береді.

Таяу Шығыс аймағы бойынша эксперт Мусавидің айтуынша, Ирак дағдарысына себепкер болған басты фактор – билік бөлінісіне қатысты үкіметтің өз ішіндегі келіспеушілік және сайлау науқаны. Дәл осы фактор қауіпсіздік мәселесін шетке ысырып тастауға мәжбүр еткен.

- «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымының тез күш алуына әсер еткен және бір фактор – Израиль мен Сауд Арабиясы Иранның қорғанысын әлсірету үшін оларға көмек көрсетіп отыр» деді Мусави.

Khabaronline ирандық депутат Нозар Шафиидің осы экстемистік топқа қатысты пікірін келтірді. Оның айтуынша «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» Иран Ислам республикасына дәл қазір еш қауіп төндіре алмайды. Алайда, болашақта оның идеялары Иранға қатер төндіре бастауы мүмкін дейді депутат.

12 маусымда Иранның жоғары ұлттық кеңесі Ирактағы ахуалды талқылау үшін арнайы кездесу өткізді. Reuters агенттігінің мәліметіне қарағанда, аты-жөнін атамаған Иранның бір ресми өкілі көрші елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін Тегеран Вашингтонмен де ынтымақтасуы мүмкін. Иран басшылығы осы мәселені де ақылдасып жатса керек.

Ал жақында Кум қаласына жиналған дін өкілдері экстремистік жасақтар шииттердің Ирактағы қасиетті орындарын қиратып тастауы мүмкін деп дабыл қақты.

Кум қаласында тұратын имам Аятолла Нури Хамедани: «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымының шабуылы – тұтас ислам әлеміне жасалған шабуыл, күллі мұсылман қауымы Исламды қорғау үшін аянбай күресуі керек» деп мәлімдеді.

Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.