Химиялық қарудан қаласының қалай жапа шеккені Хошманд Морадтың әлі күнге көз алдында. Кенеттен ауаға алманың исі тарап, қызғылт, ақ және сары бұлттар қала төбесіне үйірілді. Жол бойында адам мүрделері үйіліп жатты. Ирактың күрдтер тұратын бөлігі Халабджа қаласын Саддам Хусейннің әуе күштері атқылағанда 6 жаста ғана болған Морадтың есінде бұл оқиға мәңгі қалды.
"БАЛАЛАРДЫ ӨЛТІРГЕНДЕР ЕҢ ҚАТАЛ ЖАЗА ТАРТСЫН"
Human Rights Watch ұйымы 1988 жылдың 16 наурызында болған шабуылдан 10 мың адам жараланып, 5 мың тұрғын қаза тапты дейді. Адамдар зарин, VX газы, иприттен уланған. Куәгерлердің айтуынша, опат болардың алдында тұрғындардың денесі күлдіреп ісіп, құсқан. Ата-анасы да қаза тапқан Морад көрші Иранда тұратын ағайынының үйін паналап, жаңа өмір бастайды. Ол сол күннің сұмдығы енді ешқашан қайталанбас деп үміттенген еді. Бірақ Сирияның астанасы Дамаск маңында химиялық қару қолданылды дегенді естігеннен бері мазасы кетті.
Морад тамыздың 21-і күні Гутаға жасалған шабуыл туралы бейнежазбаны қиналып отырып көргенін айтады.
– Қатты қайғырдым, жапа шеккендер үшін жыладым. Саддам Хусейннің Халабджаның кәрі-жас, әйел-баласына қарсы химиялық қару қолданған күні есіме түсті. Сол апаттан аман қалған Халабджа азаматтарының бәрі осындай сезімді бастан өткерді. Олар халықаралық ұйымдар мен бірлестіктерден осы қылмысты тексеріп, қаруды қолданғандар мен оны өндіргендерді жауапқа тартуға шақырды, - дейді ол.
Қазір жасы 30-дан асқан Морад - Халабджада химиялық қарудан зардап шеккендер қоғамының баспасөз хатшысы. Ол әлемге химиялық қарудың сұмдығы туралы ескертіп келеді. Азаттыққа берген сұхбатында ол химиялық қаруды «адам болашағына төнген қауіп» деп сипаттады. Морадтың сөзін Халабджаның тағы бір аман қалған тұрғыны Змнако Мохаммед Ахмад та қолдайды. Ол 1988 жылғы апатта әкесі мен төрт бауырынан айырылған, ал химиялық шабуылдан соң өкпе дертіне шалдыққан анасын тек 22 жылдан соң ғана тапқан. Ахмад Дамаскіге жақындаған апатты еш ақтауға болмайды дейді.
- Халабджада 5 мың адам қаза тапты, соның ішінде менің туыстарым бар еді. Опат болғандардың 68 пайызы әйелдер мен балалар болатын. Қазір Сирияда да балалар көп қырылып жатыр. Балаларды өлтірген жандар ең ауыр жазамен жазалануға тиіс деп ойлаймын, - дейді Ахмад.
«АҚШ ПЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ҮНСІЗ ҚАЛДЫ»
АҚШ пен оның Батыстағы әріптестері үш жылдан бері қатыгез азаматтық соғыс жүргізіп келе жатқан Сирия президенті Башар Асадтың режимін айыпты деп таниды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри америкалық барлау қызметінің дерегіне сүйеніп, Гутадағы шабуылдан 1429 адам қаза тапқанын, оның 426-сы балалар екенін мәлімдеген.
Ресей мен Қытай АҚШ президенті Барак Обаманың «сириялық режимді химиялық қару қолданғаны үшін жазалауға әлем халқы моральдық тұрғыдан жауапты» деген пікірімен келіспейді. Мәскеу сириялық көтерілісшілердің де шабуылға қатысы бар екеніне шүбә келтірмейді, Кремль Асадтың айыбын мүлтіксіз дәлелдеу керек деген позиция ұстанады. Пекин Сирия ісіне әскери тұрғыдан араласу әлемдік экономикаға теріс ықпал етеді деп ескертті. Дегенмен, химиялық қаруды қай тарап қолданса да, оны барлығы бірден айыптады.
Ахмад олардың айыптағанын құптайды, бірақ сөзден гөрі іске көшкен дұрыс деп санайды.
- 1988 жылы Халабджаны газбен атқылаған кезде АҚШ үнсіз қалды. Барлық халықаралық ұйымдар ауыз ашпады. Бірнеше жыл өткен соң, 2003 жылы АҚШ Араб социалистік өркендеу партиясы (БААС) мен Саддам Хусейн режимінен құтылуға көмектесті, енді Сирияға да солай көмектесер деп ойлаймын, - дейді ол.
Ирак президенті Саддам Хусейн режимінің қатыгездігін көрсеткен Халабджадағы шабуылдан соң әлемде әлі ешкім газ шабуылын ьастан кешпеген еді.
Халықаралық қауымдастық 1980-1988 жылдары Иран-Ирак соғысы кезінде бейбіт тұрғындар мен ирандық сарбаздарға қарсы химиялық қару қолданылғанда да үнсіз қалды. Foreign Policy басылымының дерегі бойынша, Америка бұл шабуылдарға қатысып, Иракқа әскери әдіс пен барлау ақпараттарын беріп, Иран солдаттарына қарсы қолдануға ықпал еткен. Иранға қарсы шабуылдан аман қалған 100 мың тұрғын Вашингтонның Сирияда химиялық қару қолданудан туатын гуманитарлық мәселелерге қатысты алаңдаушылығына күмәнмен қарайды.
АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС
Солардың бірі химиялық соғысты бастан өткерген Ирак-Иран соғысының ардагері және дәрігер – Шахрияр Хатери. Ол Иран химиялық қару құрбандарын қолдау қоғамының (SCWWS) халықаралық қатынастар бойынша директоры.
- Иранға қарсы химиялық қару қолданылғаны туралы БҰҰ-на кем дегенде жеті ресми құжат өткізілді, бірақ ешбір шара қолданылмады. АҚШ пен Еуропа Одағы елдерінің кейбірі Саддамға көмектескені туралы құжаттар бар. Сирияға келетін болсақ, ресми дерек әлі алынбады, бірақ АҚШ соғысқа аттануға асығып отыр, - дейді ол.
Тамыздың 27-і күні Ираннан шыққан екінші белсенділер тобы Сириядағы химиялық қаруды «рақымсыз қылмыс» деп айыптады. Ирандық Күрдістан деген бейресми атаумен танымал күрдтер орналасқан Сердешт қаласының химиялық қару құрбандары құқығын қорғау қоғамы БҰҰ мен құқық қорғау ұйымдарын гуманитарлық басқыншылық аясында бұндай жауыздықты тоқтатып, жауаптыларды жазалауға шақырды.
1988 жылы Халабджаға шабуыл жасалардан бірнеше ай бұрын Сердешт те химиялық шабуылға ұшырады. Бірақ ондағы жағдай баспасөз бетінде сирек жарияланды, кейін тез ұмытылып кетті. Ал сол апатты қала тұрғындары әлі күнге есте сақтап келеді, аман қалғандардың көбі оның зардабын осы кезге дейін бастан өткеріп жатыр.
«Дем жетпей, кеуде қысылды, көзден жас ағып, қанды жөтел жасыл шөпті қызыл түске бояды, қаза болған бейкүнә адамдар жаңбыр суындай көбейді» деп жазылған қоғамдық хабарламада. Мәлімдемеде «Сердешт пен Халабджа трагедиясы өз деңгейінде бағаланған күнде, Сириядағы оқиғаның қайталанбауы мүмкін еді» деген жолдар бар.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Химиялық қару тарихы
Азаттық тілшісі Гулназ Эсфандиаридың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан