ЖАҢАЛЫҚТАР
Кремльдің баспасөз хатшысы Путин мен Трамп байланысының жай-жапсарына тоқталды

Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың 18 наурыз күнгі телефон әңгімесі олардың бетпе-бет кездесуіне тағы бір қадам болды, деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік «Россия» федералдық арнасына берген сұхбатында.
Осы сұхбатта Песков Путин мен Трамп 20 қаңтардағы инаугурациядан кейін екі реттен де көп сөйлескен болуы мүмкін дегенді жоққа шығарған жоқ. Ресми түрде олардың екі рет қана телефонмен сөйлескені хабарланған еді.
"Сіздерге біз білетін сұхбаттар туралы хабарлап отырмыз, бірақ қалғандарын да жоққа шығара алмаймыз" деді Песков.
Bloomberg агенттігі дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ 20 сәуірге дейін Ресей мен Украина арасында атысты тоқтатуға қол жеткізуге үміттенеді деп жазды. 20 сәуірде православие және католиктік христиандар Пасханы тойлайды. АҚШ дәл осы мерзімге дейін екі ел арасында атысты тоқтатуға қол жеткізуге тырысады. Алайда тараптар арасындағы ірі қайшылықтарға байланысты бұл мерзім әрі қарай да ысырылуы мүмкін деп жазды басылым.
Агенттіктің жазуынша, Ресей барлық келісімде барынша үлкен талаптар қойған. Арасында Украинаға қару-жарақ тасымалдауды тоқтату да бар. Bloomberg-тің жазуынша, Ақ үй әзірге шектеу қоюға келіспеген. Дереккөздердің айтуынша, АҚШ президенті табысқа қол жеткізу үшін келісім шарттары Киевке тиімді болуы керектігін жақсы түсінеді, сондықтан Ресейге көп жеңілдік жасауға дайын емес.
Еуропа шенеуніктері дипломатиялық жеңісті көздеген Трамп Украинаның мүддесін құрбандыққа шала отырып, елді Ресейдің алдағы шабуылдарына осал ететіндей шарттармен келісуі мүмкін деп қауіптенеді. Олар сонымен бірге Ресей президенті Владимир Путин Трамптан көбірек жеңілдік алып, майдан даласында ілгерілеу үшін уақытты созады деп санайды.
Жақын арада Украина мен Ресей делегациялары Сауд Арабиясында АҚШ өкілдерімен келіссөз өткізеді. Онда энергетикалық нысандарды атқылауды 30 күнге тоқтату туралы келісімнің шарттары талқыланбақ.
- 18 наурызда Трамп пен Путин телефонмен сөйлескен. Келіссөзден кейін Кремль мен Мәскеу мәлімдеме таратты. Алайда екі жақтың мәлімдемелерінің кейбір тұстары қиыспайды. Айталық, Кремль хабарламасында Путин бітімге келген жағдайда Украинаға әскери көмекті тоқтату мәселесін қозғады десе, Трамп қару-жарақ тасымалдау мәселесі мүлде талқыланбағанын айтқан.
Ресей әскері Киевке дрондармен шабуылдады: қаза болғандар мен зардап шеккендер бар

23 наурызға қараған түні Ресей әскері Украинаның астанасы Киевке дрондармен шабуылдады. Қала әкімшілігінің мәліметінше, үш адам қаза болған, арасында бес жасар бала да бар. Шабуыл кезінде баланың әкесі де мерт болған. Тағы 10 адам жарақаттанған. Ең кішісі – 11 айлық нәресте.
Қала әкімшілігінің мәліметінше, әуе дабылы бес сағаттан астам уақыт күшінде болған.
Ұлттық полицияның хабарлауынша, дрон бөлшектері Киевтің бірнеше ауданына құлаған.
Төтенше жағдай қызметінің түнгі есебінде шабуылдың салдарынан өрт шыққаны айтылады. Днепровск ауданында 9 қабатты үйдің жоғарғы бөлігінен өрт шығып, төбесіне дейін жайылған. Бір әйел қаза болған. 27 адам эвакуацияланған. Подольск ауданында да тұрғын үй ғимаратынан өрт шыққан.
"РБК-Украина" сайтының жазуынша, түнде Ресей әскері Киев облысына да шабуылдаған. Бірнеше ауданда үйлер мен көліктер бүлінген. Билік екі адамның зардап шеккенін хабарлады.
Украина қарулы күштерінің мәліметінше, жексенбіге қараған түні Украинаға 147 ирандық "шахед" дроны және дрон-имитаторлармен шабуыл жасалған. Нәтижесінде Киев, Харьков, Сумы, Чернигов, Одесса және Донецк облыстары зардап шеккен.
Ресей әскері атқылауларға түсініктеме берген жоқ. Мәскеу Украинаның азаматтық нысандарын атқылағанын соғыс басталғалы бері мойындамай келеді.
Түркияда наразылық тоқтамады, сот Стамбұл мэрін қамауға рұқсат берді

Түркияда Стамбұл мэрінің ұсталуына қарсы наразылық тоқтамай тұр. 22 наурыз, сенбі күні полиция тағы да 323 адамды ұстады. Полиция наразыларға жас ағызатын газ бен су шашты деп жазды “Неміс толқыны” сайты.
Ұсталғандар санын Түркия ішкі істер министрі Әли Ерлікай X желісінде хабарлаған. Наразылар Стамбұл, Анкара, Измир, Адан, Анталья, Чанаккале, Ескішаһар, Конья және Едірнеде ұсталған.
Министрдің сөзінше, Стамбұлдың Сарачане ауданында біреулер полицейге қышқыл шашып, шабуылдаған.
Ақпарат құралдары полицияның демонстранттарға жас ағызатын газ бен су шашқанын жазды. Кейбір наразылар полицияның өздерін резеңке оқпен атқанын хабарлады.
Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлыны сенбі күні шамамен бес сағат тергеген. Мэр “жемқорлыққа қатысты” және “Түркияда тыйым салынған Күрдтердің жұмысшылар партиясын қолдады” деген айыптарды жоққа шығарған. “Неміс толқынының” жазуынша, бұдан кейін оның соты өткен. Прокуратура Имамоғлы мен іс бойынша күдікке ілінген тағы ондаған адамды қамауды сұраған. Жексенбі күні таңертең сот Имамоғлыны қамау туралы шешім шығарды.
Сот өтпей тұрып, билік ғимаратқа баратын жолдардың бәрін жауып, жақын маңдағы метро станцияларын бекіткен. Жүздеген полиция және ондаған су шашатын техника жұмылдырылған. Соған қарамастан жүздеген адам сот алдына жиналған.
Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулдығы Түркияда жүрген қазақстандықтарға мәлімдеме жасады
“Қалыптасқан жағдайға байланысты халық көп жиналатын орындарға бармауға, шерулер мен митингілерге қатыспауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға, қырағылық пен сақтыққа, жаңалықтарды қадағалап, биліктің ұсыныстарын орындауға, Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен байланыста болуға шақырамыз” деп жазылған ресми хабарламада.
деп жазылған ресми хабарламада.
- Экрем Имамоғлыны полиция 19 наурызда ұстап әкеткен. Оған жемқорлық және қылмыстық ұйымға жетекшілік ету бабы бойынша айып тағылған. Anadolu агенттігінің жазуынша, саясаткерге қатысты терроризм ісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Анкара істің саяси астары барын жоққа шығарады.
- 2028 жылғы президент сайлауына оппозиция атынан Экрем Имамоғлы қатысады деген ақпарат жарияланған шақта Стамбұл мэрі ұсталып отыр. Еуроодақ Имамоғлының ұсталуын айыптады.
Дәрігерлер Рим папасы Францискті ауруханадан шығаратынын хабарлады

Рим папасы Франциск жексенбі күні ауруханадан шығарылады деп хабарлады сенбі күнгі брифинг кезінде оны емдеген дәрігерлер консилиумына жетекшілік еткен профессор Серхио Альфьери.
88 жастағы католик шіркеуінің басшысы тыныс ауруына шалдығып, ақпан ортасында Джемелли клиникасына түскен еді. Ақпаратқа қарағанда, ол бір сәт өлім аузында болған.
Жексенбі күні Франциск алғаш рет жұрт алдына шықпақ. Өзін аурухананың сыртында күтіп тұрған адамдармен бірге ол аурухананың терезесінен дұға етпекші деп жазды Vatican News. Бұдан соң ол Ватикандағы ресми резиденциясы Санта-Мартаға үйден ем алуға ауыстырылады. Оның айығуына кемінде екі ай керек деп айтылады.
Бішкек соты билікті сынаған журналисті екі айға қамады

Бішкек соты сенбі күні журналист Қанышай Мамырқұлованы екі айға қамады. Оны ұлттық алауыздық қоздырды деп айыптаған. Сот жабық өтті, оған айыпталушының туыстары да кіргізілмеді деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Қанышай Мамырқұлова 20 наурызда ұсталған. Милицияның хабарлауынша, Мамырқұлованың қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға қатысты әлеуметтік желідегі жазбасы тексерілгеннен кейін оған қарсы жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сенбі күні оның соты өтіп жатқан кезде сот ғимараты сыртында 49 жастағы журналисті қолдау акциясы өткен. Оған шамамен 30 адам қатысқан. Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, Мамырқұлова билікті сынаумен де танылған.
ERG иелерінің бірі, олигарх Александр Машкевич қайтыс болды

Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен өндіруші компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және компания иелерінің бірі, олигарх Александр Машкевич қайтыс болды. Оның жасы 71-те болған. Ақпарат құралдарының жазуынша, кейінгі кезде олигарх ауыр сырқаттанған.
Израильдің азаматы Александр Машкевич құрамына «Қазхром», «Қазақстан аллюминийі», Соколов-Сарыбай тау-кен байыту бірлестігі кіретін ERG компаниясының 20 пайыз акциясына иелік етеді. Дәл осындай үлес Патох Шодиев пен 2021 жылы қайтыс болған Алиджан Ибрагимовтың отбасына тиесілі. ERG компаниясының 40 пайыз акциясы - Қазақстан үкіметінің меншігінде.
Машкевич, Шодиев пен Ибрагимовті "еуразиялық үштік" деп атайды. Олигархтар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың адамдары саналған. Үштіктің активінің құрамында «Еуразия қаржылық компаниясы», «Еуразиялық өнеркәсіп компаниясы» және «Еуразиялық өндіріс компаниясы» бар.
2023 жылы қазақстандық Forbes журналы Машкевичті елдегі ең ықпалды кәсіпкерлердің рейтингісінде алтыншы орынға жайғастырған. Одан кейінгі жылы Мащкевич рейтингке енгізілген жоқ.
Eurasian Resources Group 2013 жылы Лондондағы ENRC қоғамдық компаниясының делистингінен кейін құрылған.
Қазақстанда кемінде екі белсенді әкімшілік қамауға алынды

Қазақстан аймақтарында полицияның бірнеше белсендіні ұстағаны хабарланды, кейбірі әкімшілік жазаға тартылған.
"Белсенділер экстремист емес" тобының жазуынша, 22 наурызда Оралда полиция белсенді Маруа Ескендірованы ұстап әкеткен. Оған "сот шешімін орындамау" (Әкімшілік кодекстің 669-бабы) бабы бойынша айып тағылған. Айыптың қандай оқиғамен байланысты екені белгісіз. Сот порталында оған шешім шыққаны жазылған, бірақ шешімнің өзін көру мүмкін емес. Шешімді басқан кезде "сіздің тізіміңіз бос тұр" деген жазу шығады. Істі судья Руслан Сейітқалиев қараған. Сенбі күні Азаттық Орал сотына хабарласқанмен жауап ала алмады. Кейін "Белсенділер экстремист емес" тобы оның белсендінің бес тәулікке қамалғанын жазды.
Бір күн бұрын Көкшетауда полиция азаматтық белсенділер Уәлихан Негметов, Марат Жанұзақов және Қуат Мұхамеджановты ұстаған. Ізінше Негметов пен Мұхамеджанов әрқайсысы 6 күнге қамалған.
Сот порталындағы мәліметке қарағанда, Қуат Мұхамеджанов 20 наурызда Facebook желісінде Мұхтар Әблязовтың жазбасына комментарий қалдырған. Ол "Көкшетау жатқандарың жетеді..." деп жазып, 23 наурызда алаңдағы акцияға келуге және қымбатшылықты тоқтатуға шақырып, осылайша "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзған".
Сот отырысы кезінде Қуат Мұхамеджанов өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ол өзінің Facebook парақшасын алаяқтар бұзып кеткен болуы мүкін екенін жеткізген.
Сот порталындағы мәліметке қарағанда, белсенді Уәлихан Негметовке де жоғарыда айтылғандарға ұқсас айып тағылған. Ол да өзіне тағылған айыптарды мойындамай, аккаунтының қолды болғанын айтқан.
Бұған дейін шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын Наурыз мерекесі күндері ірі қала орталықтарындағы орындарда жинауға шақырған еді.
- Мұхтар Әблязов 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Қазақстан үкіметінде лауазымды қызмет атқарып, банк басқарған. Ол ел билігін сынап, саяси партия құрған соң түрме жазасына кесіліп, кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кешірімімен босап шыққан. 2009 жылдан бері шетелде тұратын Әблязов Назарбаев пен оның отбасын, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты үнемі сынайды.
- 2018 жылы қарашада Қазақстан соты Әблязовты "2004 жылы Тұран-Әлем банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған.
- 2017 жылы Қазақстан билігі Әблязовты "ақша жымқырды", "қылмыстық топ құрды" деген айыппен 20 жылға бостандығынан айыруға сырттай үкім шығарған.
- Әблязов тағылған айыптарды мойындамайды және "саяси астары бар" деп жоққа шығарады.
- Астана соты Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент Қазақстанға қатысты қабылдаған қарарында оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Түркиядағы наразылық кезінде 343 адам ұсталған

Түркия қалаларында Стамбұл мэрі, оппозиция жетекшілерінің бірі Экрем Имамоғлының ұсталуына қарсы наразылық жалғасып жатыр. Тыйымға қарамастан 21 наурызда елдің ірі қалаларында наразылар тағы жиналды. Бір күнде елде 343 адам қамауға алынды деп жазды Түркия ішкі істер министрі Әли Ерлікайға сүйенген "Неміс толқыны" сайты.
"Кеше кешке Стамбұл, Анкара, Измир, Адан, Анталья, Чанаккале, Ескішаһар, Конья және Едірне қалаларында өткен наразылық кезінде 343 күдікті ұсталды" деп жазды шенеунік X желісінде. Оның жазбасына комментарий қалдырған кейбір қолданушылар "Конституцияның 34 бабы бейбіт түрде еркін жиналу мен шеру жасау құқығына кепіл береді. Құрметті министр мырза, Конституция өзгерді ме?" деген сұрақ қойды.
Президент Режеп Ердоған наразылықты "көшедегі террор" және "хаос" деп атады.
dpa агенттігінің мәліметінше, Стамбұлда жұма күні демонстранттар Имамоғлыны босатуды ғана емес, үкіметтің отставкасын да талап еткен. Полиция жас ағызатын газ қолданған, шерушілер жарым түнге дейін тарамаған. Түркия билігі митинг мен шерулерге тыйым салса да, наразылар тоқтаған жоқ деп жазды ақпарат құралдары.
Politico сайтының жазуынша, жуырда Х желісі наразылық туралы хабарлама таратқан түрік белсенділерінің аккаунттарын бұғаттай бастаған. Желі мұны Түркия сотының шешіміне сүйене отырып жасаған тәрізді деп жазды басылым.
Түркия ішкі істер министрі 21 наурызда күштік құрылымдар "қылмысқа арандатқан" 326 адамды анықтағанын, 54 адам ұсталғанын хабарлаған.
Экрем Имамоғлыны полиция 19 наурызда ұстап әкеткен. Оған жемқорлық және қылмыстық ұйымға жетекшілік ету бабы бойынша айып тағылған. Anadolu агенттігінің жазуынша, саясаткерге қатысты терроризм ісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Оны Түркияда тыйым салынған Күрд жұмысшылар партиясын қолдады деп айыптаған. Анкара істің саяси астары барын жоққа шығарады.
Экреммен қатар жүзден астам адамды қамауға рұқсат берілген. 2028 жылғы президент сайлауына оппозиция атынан Экрем Имамоғлы қатысады деген ақпарат жарияланған шақта Стамбұл мэрі ұсталып отыр. Еуроодақ Имамоғлының ұсталуын айыптады.
Уиткофф: Украина билігі президент сайлауын өткізуге келісті

АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткофф Украина билігі президент сайлауын өткізуге келісті деп мәлімдеді. Бұл жөнінде уәкіл журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында айтты.
"Иә, [президент сайлауы] өтеді. Олар бұған келісті" деді Уиткофф.
Арнайы уәкілдің сөзінше, Ресейдің Украинаға қарсы соғысындағы ең үлкен мәселе – Қырым аннексиясы мен Ресей әскерінің Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстарын бақылауға алуы.
"Бұл аумақтарда халықтың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейді және онда референдумдар өткен. Халықтың басым бөлігі Ресей қоластында болғысы келетінін айтқан. Менің пікірімше, соғыстағы негізгі сәттердің бірі осы. Бірінші кезекте осы нәрсені реттеу керек" деді Уиткофф.
"Мәселе әлем ол аумақтарды Ресей жері деп мойындай ма? Егер мұны Зеленский мойындаса, онда саяси тұрғыда аман қала ма? Бұл соғыстағы басты мәселе" деді Трамптың арнайы уәкілі.
Киев Ресей басып алған жерлерді Ресей жері деп танымайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
Украина жағы Уиткоффтың мәлімдемесіне түсініктеме берген жоқ.
Украинада президент сайлауы 2024 жылдың мамыр айында өтуі керек болған, бірақ Украина заңы соғыс жағдайында сайлау өткізуге тыйым салады. Қазіргі әскери жағдай 9 мамырға дейін күшінде.
Украинада президент сайлауын өткізу идеясы Владимир Зеленскийді «заңсыз» деп атайтын Кремльге тиесілі. Зеленскийдің өзі Украина НАТО-ға қабылданған жағдайда ғана соғыс аяқталмай тұрып отставкаға кететінін айтқан.
Қазақстанда ұсталған Саакашвилидің жақын серігі босатылды

Атырау әуежайында 18 наурызда ұсталған грузин саясаткері, Аджария автономды республикасы үкіметінің бұрынғы жетекшісі, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының мүшесі Леван Варшаломидзе босатылды. Ол Қазақстан аумағынан кеткен. Бұл жөнінде "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы жетекшілерінің бірі Элгуджа Багратиониге сүйенген грузин ақпарат құралдары жазды.
Партия өкілінің сөзінше, Варшаломидзе 18 наурызда Атырауға жұмыс бабымен бірнеше күнге барып, Ресейде қозғалған қылмыстық іс негізінде ұсталған. Ақпаратқа қарағанда, Ресей жағы грузин саясаткеріне Украинаның үкімет құрылымдарымен жұмыс істегені үшін кінә артқан.
Багратиони оқиғаны "жаңсақтық" деп атады.
"Оған Ресей халықаралық іздеу жариялағанын айтып, қалалық полиция бөліміне апарып, түні бойы тергеген. Сонымен бірге тақырыптық зерттеу жүргізілген... Қазақ жағы бұған саяси қуғындау себеп болғанын анықтаған, осылайша 19 наурыз күні таңертең босатылды" деді Багратиони.
Оның сөзінше, қазір Варшаломидзе Амстердамда.
Варшаломидзе – Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің жақын серіктерінің бірі.
Трамп Украина бойынша бейбітшілік келісімі талқыланғанын айтты. "Жерді бөлу" мәселесі де ортаға салынған

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина бойынша бейбітшілік келісімі талқыланып жатқанын хабарлап, оның аясында "жерді бөлу" мәселесі де ортаға салынғанын айтты. Бұл жөнінде Трамп Ақ үйдегі баспасөз брифингі кезінде мәлімдеді.
"Жақын арада [Украинада] атысты толық тоқтатуға қол жеткіземіз деген үміттенемін, одан кейін келісім жасасамыз... Келісім қазір талқыланып жатыр, ол жерді бөлу және басқа да жайттарға қатысты" деді АҚШ басшысы.
Бұған дейін Трамп Украинада соғысты аяқтау бойынша "бейбітшілік келісімінің көптеген элементтері" келісілгенін және енді Владимир Путинмен "жер мен электр станцияларды" талқылайтынын айтқан.
Ресейлік "Коммерсант" басылымының тілшісі Андрей Колесниковтың жазуынша, ресейлік өнеркәсіп иелері мен кәсіпкерлері одағы съезінің жабық бөлігінде Путин келіссөздерде мәселе басып алынған аумақтарды "Ресейден тартып алуға болмайтындығы және Қырымды, Севастопольді, <...> Луганск және Донецк, Херсон, Запорожье облыстарын Ресейдің бір бөлігі ретінде мойындау керек екені" жөнінде болып отырғандығын айтқан. Колесниковтің дереккөзінің айтуынша, мұндай жағдайда Мәскеу "Украинаға тиесілі Одесса мен өзге аумақтарға дауласпайды".
21 наурызда Трамп әкімшілігі Ресейге қарсы санкцияларды бақылайтын халықаралық топтарға қатысуын барынша азайтқаны белгілі белгілі болды. Бұл жөнінде бірнеше еуропалық шенеуніктерге сілтеме жасап Bloomberg хабарлады. Сонымен бірге 28 наурызда Ресейдің Украинадағы әскери қылмыстары туралы айғақтарды жинауда маңызды рөл атқарған Йель университетінің бөлімшесі жабылатыны хабарланды.
23 наурызда Жиддада (Сауд Арабиясы) Украинада атысты тоқтату мәселесі бойынша келіссөздің кезекті раунды өтеді. Америка президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф Украинада атысты тоқтату бойынша келісім жасалған жағдайда Ресейге қарсы санкциялар жұмсартылады. Bloomberg агенттігінің жазуынша, Путин АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткоффпен кездесу кезінде атысты тоқтату үшін Украинаға қару-жарақ тасымалдау тоқтатылуы керек деп айтқан.
Қазақстанда Наурыз мерекесі тойланып жатыр

Қазақстанда Наурыз мерекесі басталды. Елдің барлық аймағында мерекелік концерт, қоғамдық шаралар өтіп жатыр.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы "Expo" көрме орталығындағы этноауылда халықты мерекемен құттықтады.
– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанда Наурыз былтырдан бастап жаңа тұжырымдама аясында он күн аталып өте бастады. Оларға "Көрісу күні", "Шаңырақ күні", "Қайырымдылық күні" сияқты атаулар берілген. Бұған байланысты Тоқаев қазақтарда "Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар" екенін айтты және мерекені "ұлтына, дініне қарамастан ел болып тойлауға" шақырды.
Астана, Алматы сияқты ірі қалалардың орталық алаңдарында мерекеге байланысты мәдени, спорттық шаралар өтіп жатыр. Мереке 25 наурызға дейін жалғасады.
Мейрамда АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин, Қытай басшысы Си Цзиньпин және көршілес елдердің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолдап, Қазақстанды құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Трамп жеделхатында "екі ел алда қауіпсіздік, экономика және басқа салаларда жаңа жетістіктерге жететініне сенім" білдіріп, "АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын әрдайым қолдайды" деген.
Ал Путиннің хатында "Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында өзара тиімді байланыстарды одан әрі арттыру үшін ортақ күш біріктіретінімізге сенімдімін" деп жазылған.
Си Цзиньпин "Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға баса мән беремін. Сізбен берік достығымды мақтан тұтамын. Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтып, екі елдің мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін тереңдету үшін күш-жігерімізді біріктіруге дайынмын" деді.
- 1926 жылы Наурыз ескінің қалдығы деп танылып, мереке тізімінен алып тасталған. Кейін 1988 жылы мейрам қайта тойлана бастады.
- 1991 жылы Наурыз ресми түрде мереке қатарына қосылып, ол туралы президент жарлығы шықты. 10 жылдан соң, 2001 жылы Наурыз мемлекеттік мереке деп танылып, 22 наурыз демалыс күні болып жарияланды.
- 2009 жылдан бастап Наурыз мерекесі қатарынан үш күн – 21, 22, 23 наурызда тойланатын болды.
Трамп АҚШ-тың білім департаментін жою туралы жарлыққа қол қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп 20 наурызда оқушылар мен мұғалімдер қатысқан салтанатта федералдық Білім департаментін (DoE) жоюды бастау туралы жарлыққа қол қойды.
Бұл мекемені тарату – Трамптың сайлау науқаны кезінде берген уәделерінің бірі.
Жарлық бойынша, білім саласын басқару құзыреті штаттар мен жергілікті уәкілдік органдарға беріледі.
Мекемені толық жабу үшін АҚШ конгресінің тиісті актісі болуы керек. Reuters агенттігінің жазуынша, Трамп жарлығын қолдауға Конгресс мүшелерінің саны жетпеуі мүмкін.
«Біз білім саласын басқаруды штаттардың қолына тапсырамыз, бұл солай болуы керек еді» деді Трамп. Ол бұл шешімді мүмкіндігінше жылдам жүзеге асыру қажет екенін айтты.
Ақ үйдің ұстанымы бойынша, білім департаментін тарату оқу орындарындағы білім сапасын арттырып, бюджет ақшасын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал оны құптамайтын демократтар және басқа да сыншылар бұл шешім әсіресе ең осал топтарға үлкен зардап келтіруі мүмкін дейді. Білім департаменті табысы төмен отбасыларға, денсаулығы бойынша көмекке мұқтаж адамдарға қолдау білдірумен айналысады.
Бұл – Трамптың мемлекеттік мекемелер қызметін өзгертіп, шығындарды азайту әрекетінің жалғасы.
Өткен аптада Білім департаменті қызметкерлерінің жартысына жуығын қысқартатынын хабарлаған.
Кенесары хан туралы сөзі үшін қырғыз әншісіне айыппұл салынды

Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Қайрат Пірімбердиевке AIRAN YouTube-арнасына сұхбатындағы Кенесары хан туралы сөзі үшін 100 мың сом (1200 доллардай) айыппұл салынды. Бұл туралы әншінің өзі Instagram парақшасында хабарлады.
«Осындай қателіктер кетіріп те мемлекеттің қазынасына 100 мың сом салуға мүмкіндік бергені үшін құдайға шүкір деймін» деді Пірімбердиев
Бішкектің Бірінші май аудандық соты Азаттықтың Қырғыз қызметіне бұл ақпаратты растады. Сот шешімі бойынша Пірімбердиев Қырғызстан Қылмыстық кодексінің «Нәсілдік, ұлттық, этностық және діни алауыздықты қоздыру» бабымен кінәлі деп танылған.
Биыл ақпанда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) әншінің үстінен іс қозғалып, оған елден шығуға тыйым салынды деп хабарлаған.
ҰҚМК Пірімбердиев қазақстандық YouTube-арнаға берген сұхбатында "араздық қоздыратын мәлімдемелер жасаған" деген.
9 қаңтарда AIRAN YouTube-арнасында "Қырғыздардың қазақтардан қандай айырмашылығы бар? Қырғызстандағы демократияға кім кедергі болды?" деген тақырыпта бір сағаттан асатын видео шыққан.
Видеода қырғыз мәдениетінің өкілдері, түрлі саладағы сарапшылар сөз алған. Видеода 19-ғасырда өмір сүрген қазақ ханы Кенесары Қасымұлы туралы да сөз болады. Қазақстандық журналистер бұл тақырыпқа байланысты екі ел арасында дау барын айтады.
Қайрат Пірімбердиев қырғыз ханы Орман хан Кенесарыны өлтіруге мәжбүр болды деп жауап берген. "Бұл үшін өз атымнан қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді", – деген ол. Бұл қырғыз қоғамында қызу пікірталас тудырды.
- Кенесары Қасымұлы – 1837-1847 жылдары Ресей отаршылдығына қарсы күрескен қазақтың соңғы ханы.
- Қырғыз тарихшылары ол қырғыздарға шабуыл жасап, 1845 жылдан бастап қарапайым жұртқа тізе батырып, зорлық-зомбылық жасаған деп жазған. 1847 жылы Орман ханның басшылығымен қырғыздар Кенесары ханның әскерін талқандап, өзін тұтқынға алған, біраз уақыттан кейін оны өлтірген деген мәлімет айтылады.
Бестөбе кенішінде бір жұмысшы қаза болды

19 наурызда "Қазақалтын" компаниясына қарасты Бестөбе кенішінде тау-кен массасы опырылып құлап, бір жұмысшы қаза болды. Тағы бір жұмысшы ауруханаға жеткізілген. Бұл жөнінде еңбек инспекциясына сүйенген жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
"Бекітпелерді дайындау үшін ағаш материалды көтеру кезінде тоғыспадан (төбесі мен бүйірінен) тастар құлап, салдарынан екі адам зардап шекті, біреуі қайтыс болды" деп жазылған ресми хабарламада.
Оқиға 19 наурыз сағат 10 жарым шамасында болған. Марқұм 40 жаста болған деп айтылады. Аймақта оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылғаны хабарланды.
Ақмола облыстық полициясы "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
"Бестөбе" кеніші - "Алтыналмас" компаниясына еншілес "Қазақалтынға" тиесілі. Елдегі жетекші алтын өндіруші компаниялардың біріне Gouden Reserves B.V. (67,5%) және мультимиллионер Владимир Жұманбаев (22,5%) иелік етеді.
Forbes журналы 2024 жылы Жұманбаевты Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына қосқан.
"Алтыналмас" акционерлік қоғамы кен өндіріп, өңдейді. Қазақстанның 9 кен орнында алтын өндіріледі. Компания активтері елдің төрт аймағында: Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан.
Зеленский: Ресеймен келіссөздегі ең күрделісі – жер мәселесі

Ресеймен бітімге келу бойынша келіссөздерде ең күрделісі – жер мәселесі болмақ деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский.
"Бұл бәріміз үшін қиын болады. Бұл мәселелерде Украинаны барынша қорғаймыз. Бірақ бұл бізге өте ауыр болады" деді пресс-брифинг кезінде Украина президенті.
Ол бұл жөнінде АҚШ президенті Дональд Трампқа телефон әңгіме кезінде де айтқан.
"Байланыс желісі үзілген <…> аймақтар бар. Ал кейбір жерлерде сіз бұл сызықты қалдырып кетсеңіз, онда сол орындарды тыныс-тіршіліксіз қалдырасыз. <…> Мен президент Трампқа ашық айттым: «Біз Берлинді қалаймыз ба, мұндай қалалардың көп болғанын қалаймыз ба?" деді Зеленский.
Трамп "Берлин қабырғасын – жол ретінде" қарастыруға болмайтынын айтқан.
АҚШ пен Украина басшылары 19 наурызда телефонмен сөйлескен. Зеленский Трамппен "позитивті, өте мазмұнды және ашық" әңгіме болғанын айтты. Ол Америка президентіне Жиддадағы екі ел делегацияларының өнімді жұмысы үшін алғыс білдірді. Оның сөзінше, екі ел өкілдерінің 11 наурыздағы кездесуі соғысты аяқтау бағытына жылжуға едәуір көмектескен.
Трамп та Зеленскиймен "өте жақсы" әңгіме болғанын айтты.
18 наурызда Трамп пен Путин телефонмен сөйлескен. Келіссөзден кейін Кремль мен Мәскеу мәлімдеме таратты. Алайда екі жақтың мәлімдемелерінің кейбір тұстары қиыспайды. Айталық, Кремль хабарламасында Путин бітімге келген жағдайда Украинаға әскери көмекті тоқтату мәселесін қозғады десе, Трамп қару-жарақ тасымалдау мәселесі мүлде талқыланбағанын айтқан.
Путин әңгіме барысында Ресей Украинаның энергетикалық нысандарын атқылауды доғаруға уәде берген. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, тіпті Украинаға қарай ұшырылған ресейлік дрондарды ресейлік әуе қорғаныс жүйесі өзі атып түсірген. Алайда Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзінше, Мәскеу уәдесін бұзып, сәрсенбіге қараған түні де Украинаның энергетика нысандарына шабуыл жасаған.
Зеленский Брюссельдегі Еуроодақ саммитіне қатысып жатыр. Онда ЕО-ның бәсекеге қабілеттілігі, Украинаны қолдау мәселесі талқыланбақ.
Бақытты елдер рейтингі: Қазақстан жоғарылап, ТМД кеңістігінде бірінші орынға шықты

БҰҰ 20 наурыз - халықаралық бақыт күніне орай "Бақытты елдер рейтингін" (World Happiness Report) жариялады.
Бақыт деңгейін анықтау үшін сарапшылар әр адамға шаққандағы жалпы ішкі өнім, өмір сүру ұзақтығы, жомарттық, әлеуметтік жәрдем, бостандық және жемқорлық сынды факторларды есепке алған. Рейтинг 2022-2024 жылдардағы статистикалар бойынша түзілген.
Тізімде Қазақстан 43 орында тұр. Былтыр 49 орында болған Қазақстан алты сатыға көтерілген. Осылайша ТМД елдері арасында "ең бақытты ел" атанған.
Пост-советтік кеңістікте Эстония (39) мен Литва (16) Қазақстаннан жоғары тұр. Өзбекстан - 53, Қырғызстан - 75, Тәжікстан 90, Ресей - 66-орында тұр.
Ең бақытты ел - Финляндия. Екінші-үшінші орынды Дания мен Исландия бөліскен. Соңғы орында - Сьера-Леоне (146), Ауғанстан (147) тұр.
27 журналистік ұйым Азаттықты қорғауға шақырды

27 халықаралық журналистік ұйым АҚШ үкіметін баспасөз бостандығын қорғауға және АҚШ ғаламдық медиа агенттігі(USAGM) арқылы басқарылатын немесе қаржыландырылатын ақпарат құралдары қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып, мәлімдеме жасады.
USAGM - Азат Еуропа/Азаттық (АЕ/АР), Азат Азия радиосы, "Америка дауысы" және өзге де ақпарат құралдарына жетекшілік ететін агенттік.
14 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің қызметін қысқарту туралы жарлық шығарғаннан кейін ол мекемелерге жабылу қаупі төнген. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында АЕ/АР, "Америка дауысы", Азат Азия радиосы, Куба мен Латын Америкасына хабар тарататын Марти радиосы, Таяу Шығыстағы хабар тарату желілері (MBN) және Ашық технологиялар қоры сияқты ақпарат таратушы ұйымдарға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) де бар. Ізінше Азаттықтың қызметін қаржыландыратын Конгресс мақұлдап қойған гранттың тоқтатылғаны жөнінде хабар түсті.
Журналистік ұйымдардың мәлімдемесінде аталған ақпарат құралдары қызметкерлерінің көбі «репрессивті режимдерден ақпарат тарату кезінде едәуір қатерді бастан кешіретіні», оларды қорғау қажеттігі жазылған.
"Бұл ұйымдардың жабылуы - баспасөз бостандығына ауыр соққы және бүкіл әлемдегі автократтарға сыйлық. "Америка дауысы", Азат Еуропа/Азаттық және басқа да ұйымдардың журналистері қатаң цензура мен қауіп-қатерге толы елдерде жиі қудалауға ұшырайды" деп жазылған құжатта.
Мәлімдемеге қол қойған ұйымдар арасында Журналистерді қорғау комитеті, "Шекарасыз тілшілер" ұйымы, америкалық ПЕН-орталығы, Еуропалық журналистер федерациясы, Пулитцер орталығы, Баспасөз еркіндігін қолдау қоры бар.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгресі бөлген грант есебінен USAGM арқылы қаржыландырылатын тәуелсіз медиакорпорация. Азаттық радиосы жұмысын 1953 жылғы 1 наурызда бастаған. Орталық Азия елдері тілдерінде (арасында қазақ тілі де бар) хабар тарататын Түркістан редакциясы 1953 жылғы 18 наурызда алғаш рет эфирге шыққан еді.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы 18 наурызда АҚШ ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) мен оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті олардың Конгресс бекіткен грантты тоқтату әрекетіне тосқауыл қою үшін сотқа берген.
- Шағымда Азат Еуропа/Азаттық радиосына Конгресс бөлген қаражатты бермеу федералдық заңдарға қайшы екені, соның ішінде Конгресске федералдық шығыстарға қатысты айрықша құқық беретін АҚШ Конституциясын бұзатыны жазылған. "Қазір Американың жауларының үгіт-насихаты мен цензурасына жол беретін уақыт емес. Заң біздің жағымызда және әлемдегі деспоттардың біздің өшкенімізді тойлауы ертерек деп есептейміз" деді АЕ/АР президенті Стивен Капус.
Прокуратура Айдос Садықовтың қазасына қатысты сұрақтарға жауап беруден тағы да бас тартты

Қазақстан бас прокуратурасы тергеу құпиялығын алға тартып, журналист Айдос Садықовтың қазасына қатысты сұрақтарға жауап беруден үшінші рет бас тартты деп жазды ведомствоның ресми жауабына сүйенген "Власть" басылымы.
"Қазіргі кезде Қазақстан бас прокуратурасының ведомствоаралық жедел тергеу тобы Айдос Садықовтың қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды" деп жазылған ресми жауапта.
Басылым осымен үшінші рет бас прокуратурадан осыған ұқсас біртекті жауап алып отырғанын еске салады.
Басылымның жазуынша, құзырлы орган аталған қылмыстық іс аясында Украинаның уәкілетті органдарына құқықтық көмек көрсету туралы сұрау жіберілгенін атап өткен. Ведомство "билікке өз еркімен берілген" күдікті Жақанбаевтың статусы туралы сұраққа да жауап бермеген.
Бұған дейін Украинаның бас прокуратурасы Қазақстанға журналист Айдос Садықовтың қазасына қатысты іс бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салғаны белгілі болған еді. Ақпаратқа қарағанда, Украина жағы әлі жауап алмаған. Қазақстан бас прокуратурасы басылымға жіберген жауабында да бұл сұрақты жауапсыз қалдырған.
Былтыр 18 маусымда қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды. Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.
Киев прокуратурасының хабарлауынша, тергеу соты күдіктілер Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевты қамау туралы қаулы шығарған. Оларға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланған.
Былтыр Азаттық Украина бас прокуратурасының Азаттыққа жіберген ресми жауабына сүйене отырып, Қазақстан жағының күдіктінің бірін Украинаға беруден бас тартқанын жазған. Астана күдікті Қазақстан азаматы екенін алға тартқан.
2024 жылы шілдеде Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа "қазіргі кезде тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр, Украинаның уәкілетті органдарына құқықтық көмек көрсету жөнінде өтініш хат та жолданды" деп мәлімдеген. Одан бері қазақстандық күштік құрылым өкілдерінің іс материалдарын алғаны-алмағаны белгісіз.
Журналист, белсенді Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.
Былтыр Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.
Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.Айдос
Түркияда Стамбұл мэрі ұсталғаннан кейін жаппай наразылық тұтанды

Түркия қалаларында мыңдаған адам президент Режеп Ердоғанның саяси қарсыласы Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлының ұсталуына қарсы наразылық білдіріп жатыр. Полиция наразыларға арнайы құрал қолданған.
Стамбулда акция қала әкімшілігінің маңында, Имамоғлы қамалған полиция бөлімі алдында, сонымен бірге мэр ұсталғанға дейін дипломын жарамсыз таныған университет маңында өтіп жатыр. Имамоғлының дипломын жарамсыз ету іс жүзінде оны президент сайлауына қатысу мүмкіндігінен айырады.
Университет кампусы аумағына жиналған студенттерге қарсы полиция арнайы құралдар қолданды деп жазды BBC және өзге де ақпарат құралдары.
Мэрия алдында Имамоғлыны алдағы президент сайлауына кандидат ретінде ұсынбақ болған оппозициялық Республикалық халық партиясының жетекшісі Озгүр Өзел сөйледі. Ол Стамбұл мэрінің ұсталуын мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы деп атады.
Стамбулда жуырда кез келген шеру және митинг өткізуге тыйым салынды. Бірақ соған қарамастан Стамбұл мен өзге қалаларда наразылық тоқтаған жоқ.
Экрем Имамоғлыны полиция 19 наурызда ұстап әкеткен. Ол және тағы жүз шақты адамға "жемқорлық", "қылмыстық топ құру" және "бизнесті бопсалаумен айналысу" баптарымен айып тағылған. Түркияның әділет министрлігі істің саяси астары жоқ дейді. Ал мэрдің өзі ұстауды "халық еркіндігіне жасалған соққы" деп атады.
"Шеттен қаржы алатындардың" қазақстандық тізімі: министрлік реестрді жаңартты

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті шетелден қаржы алатын жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың тізімін жаңартты.
Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдары, компаниялар 27,2 млрд теңге алғаны жөнінде есеп берген. 2023-2024 жылдары 295 адам мен заңды тұлға есеп тапсырған.
Олардың 118-і шетелден қаржыны тұрақты түрде алып отырады. 96-сы - ауық-ауық алады, 81-і тек бір рет қана қаржы алған. Тізімде Қазақстанға танымал құқық қорғау ұйымдары, журналистер және блогерлер бар.
Мұндай тізім 2023 жылғы 1 қаңтарда қабылданған Салық кодексіне енген түзетулерге сәйкес жарияланып келеді.
Тізім алғаш рет 2023 жылы жарияланған кезде құқық қорғаушылар мен сарапшылар оны ресейлік "шетел агенттерінің" тізіміне ұқсатқан. Ресейде оны билікті сынайтын тәуелсіз журналистер мен белсенділерге қарсы қысым құралы ретінде пайдаланады.
Қазақстан мемлекеттік кіріс комитеті бұған дейін мұндай қадам "үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға деген қоғам сенімін арттыруға бағытталған" деп мәлімдеген еді. Алайда сарапшылар мұны азаматтық қоғамға қысым деп санайды.
Халықаралық Transparency International ұйымы "бұл қадам Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін" деп алаңдаушылық білдірген.
Кей қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, билік жариялаған тізім толық емес, себебі онда шетелден қаржы алатын мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар туралы ақпарат жоқ. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдар ашық жұмыс істегендіктен бұған қажеттілік жоқ, ақшаның жұмсалуын ресми сайттары арқылы көруге болады деген.
"Эксклюзив" журналының жазуынша, 2023 жылы тізім алғаш жарияланған кезде бірнеше күннен кейін одан ресейлік "Газпромбанктің" Қазақстандағы өкілдігін алып тастаған. Қаржы министрлігі "есептен қате кеткен болуы мүмкін" деп себебін сол күйі нақты түсіндіре алмаған.
Трамп пен Зеленский телефонмен сөйлесті

19 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский телефонмен сөйлесті. Олардың әңгімесі шамамен бір сағатқа созылған.
Трамп Зеленскиймен "өте жақсы" әңгіме болғанын айтты.
"Талқылаудың көп бөлігі Ресей мен Украинаның талаптары мен қажеттіліктерін үйлестіру үшін президент Путинмен болған кешегі әңгімеге негізделді. Біз дұрыс жолда келе жатырмыз және мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтцтан талқыланып жатқан мәселелердің нақты сипаттамасын беруін сұраймын. Бұл мәлімдеме жақын арада жарияланады" деп жазды Трамп Truth желісінде.
Зеленский Трамппен "позитивті, өте мазмұнды және ашық" әңгіме болғанын айтты. Ол Америка президентіне Жиддадағы екі ел делегацияларының өнімді жұмысы үшін алғыс білдірді. Оның сөзінше, екі ел өкілдерінің 11 наурыздағы кездесуі соғысты аяқтау бағытына жылжуға едәуір көмектескен.
"Украина мен АҚШ соғыстың шын аяқталып, тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыру керек деп келістік. Біз Америкамен, президент Трамптың және Америка басшылығымен осы жылы тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге болатынына сенеміз" деп жазды Зеленский.
Украина басшысының сөзінше, Трамп оған Ресей президенті Владимир Путинмен болған әңгіменің жай-жапсарын айтқан.
"Соғысты толық аяқтау жолындағы алғашқы қадамдардың бірі энергетикалық және басқа да азаматтық инфрақұрылымға шабуылдарды тоқтату болуы ықтимал. Мен бұл қадамды қолдадым. Украина оны жүзеге асыруға дайын екенін растады", - деді Зеленский. Ол Америка жағының "майдан шебінде атысты тоқтатуды" ұсынғанын, Украина бұл ұсынысты қабылдағанын айтты.
Екі басшы сонымен бірге Курск облысындағы ахуалды да талқылап, әскери тұтқындарды босату мен Ресейге әкетілген украин балаларын елге қайтару мәселелері бойынша да ой бөліскен. Зеленскийдің сөзінше, Украина мен Америка жағы "бейбітшілікке қол жеткізу қадамдарын үйлестіруді жалғастыру үшін" жақын арада Сауд Арабиясында кездесуге дайын.
Ақ үйдің хабарлауынша, осы телефонмен әңгіме барысында президент Дональд Трамп Украинаға ондағы атом станцияларын басқаруды АҚШ-қа тапсыруды ұсынған. Трамптың ойынша, бұл Украинаның энергетика нысандарын қорғаудың ең жақсы амалы.
Трамп Зеленскийге АҚШ "өзінің электр энергиясы мен коммуналдық қызмет саласындағы тәжірибесімен" аталған станцияларды тиімді басқара алған болушы еді деп айтқан. Украина жағының не деп жауап бергені белгісіз.
Украина жағы бастапқыда ресми хабарламаларында Трамптың бұл ұсынысы жөнінде айтқан жоқ.
Кейін Зеленский тікелей эфирге шығып, журналистердің осы туралы да сұрағына жауап берді.
“Біз Ресей басып алған бір ғана электр станциясы туралы сөйлестік” деді ол. Оның жауабынан мәселе Запорожье атом электр станциясы жөнінде болып отырғаны белгілі болды
18 наурызда Трамп пен Путин телефонмен сөйлескен. Келіссөзден кейін Кремль мен Мәскеу мәлімдеме таратты. Алайда екі жақтың мәлімдемелерінің кейбір тұстары қиыспайды. Айталық, Кремль хабарламасында Путин бітімге келген жағдайда Украинаға әскери көмекті тоқтату мәселесін қозғады десе, Трамп қару-жарақ тасымалдау мәселесі мүлде талқыланбағанын айтқан.
Путин әңгіме барысында Ресей Украинаның энергетикалық нысандарын атқылауды доғаруға уәде берген. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, тіпті Украинаға қарай ұшырылған ресейлік дрондарды ресейлік әуе қорғаныс жүйесі өзі атып түсірген. Алайда Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзінше, Мәскеу уәдесін бұзып, сәрсенбіге қараған түні де Украинаның энергетика нысандарына шабуыл жасаған.
БАҚ: Қазақстанда Саакашвилидің жақын серіктерінің бірі ұсталды

Қазақстанда грузин саясаткері, Аджария автономды республикасы үкіметінің бұрынғы жетекшісі, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының мүшесі Леван Варшаломидзе ұсталды деп хабарлады аталған партияға сүйенген Азаттықтың Грузин қызметі. Партия өкілдері оны Ресей өтінішімен ұстаған болуы мүмкін деп болжайды.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Леван Варшаломидзеге қарсы қозғалған қылмыстық іс және оның Украина билігімен саяси кеңес беру қызметіне қатысты Ресей Федерациясынан жіберілген ақпаратқа қатысты болуы ықтимал" деді "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы жетекшілерінің бірі Леван Бежашвили басылымға.
Ол басылымға Ресейде оған "еш негізсіз қылмыстық іс қозғағанын" айтқан. Оның сөзінше, Варшаломидзені Ресейге экстрадициялау қаупі туындағандықтан қазір партия өкілдері Украина мен Қазақстан үкіметінің өкілдерімен тиісті коммуникация орнатуға тырысып жатыр. Олар оны заңсыз ұстаудан құтқару үшін күш салатындықтарын айтқан.
ҚазТАГ-тың жазуынша, Варшаломидзеге қатысты іс Атырау облыстық полиция департаментіне берілген. Азаттық әзірге Атырау полициясынан жауап ала алмады.
Варшаломидзе – Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің жақын серіктерінің бірі.
Ерлан Ақкенженов энергетика министрі болып тағайындалды

Ерлан Ақкенженов энергетика министрі болып тағайындалды. Осыған дейін бұл қызметте болған Алмасадам Сәтқалиев жуырда құрылған атом энергиясы жөніндегі агенттікке төраға болып тағайындалған-ды.
45 жастағы Ерлан Ақкенженов 2023 жылдың маусымынан бері энергетика вице-министрі болған. Оған дейін 2022 жылдың шілдесінен бері "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына қарасты басқармаға жетекшілік еткен. Оның алдында 2016-2022 жылдары коммерциялық құрылымдарда түрлі қызмет істеген.
Қазақстанда атом энергетикасы агенттігі құрылғаны 18 наурызда белгілі болды. Ақорда таратқан ақпаратта жаңа агенттік уран өндіру, атом энергиясын пайдалану, радиациялық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады, оған қоса Семей ядролық қауіпсіздік аймағының дамуына жауапты болады деп жазылған.
Агенттік сонымен бірге өзіне Энергетика министрлігінен берілетін өкілеттіктері мен міндеттері аясында оның заңды мирасқоры болмақ. Президент үкіметке Энергетика министрлігінің штат саны мен тиісті ведомстволық ұйымдардың ресурстарын қайта бөлуді міндеттеді.
Депутат ҚХП "шетел агенті туралы" заң жобасын әзірлейтінін айтты

"Қазақстан халық партиясы" шетел агенті туралы заң жобасын әзірлейді. Осы партиядан мәжіліске сайланған депутат Ирина Смирнова сәрсенбі күні журналистерге осылай деді. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.
"Шетел агенті туралы" заңды әзірлеуге ынта білдірдік. Бұл – Қазақстан халық партиясы" деді Смирнова.
Оның сөзінше, заң жобасының концепциясы талқыланып жатыр және құжатты парламентке енгізу мерзімі әзірге белгіленбеген.
Осыдан шамамен бір ай бұрын Ирина Смирнова "шетел агенті" туралы заң қабылдауды ұсынған еді. Ол Қазақстан ұлттық мүддесін "USAID (АҚШ-тың даму агенттігі) сияқты шетелдік ұйымдар қызметінен қорғауы қажет" деп санайды. Ол Азаттық радиосына шүйлігіп, Азаттықты "тек жағымсыз хабар береді" деп айыптай сөйлеген еді.
"Власть" жазуынша, наурыз айының басында әділет министрлігі мұндай заң жобасын әзірлеу үкіметтің жоспарында жоқ деген. "Қазақстан халық партиясы" өкілдері болашақта мұндай заң жобасы әзірленуі мүмкін деп "барлығы жағдайға байланысты" деп айтқан.
Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу талабын күшейтетін "Масс-медиа" заңына қол қойған. Құқық қорғаушылар мен медиа сарапшылар жаңа заңның нормалары Азаттық жұмысын шектеу үшін қолданылуы мүмкін деген ой-пікір айтқан.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы – негізгі кеңесі Чехияның Прага қаласында орналасқан медиа компания. Сөз бостандығы шектелген 23 елде 27 тілде хабар таратады. Медиакорпорация АҚШ Конргесінің грантымен қаржыландырылады. Бюджеті USAGM арқылы бөлінеді.
Ресейде шетелден қаржы алатын ұйымдар мен ақпарат құралдарын "шетел агенті" деп танып, оларды жүйелі түрде есеп беруге міндеттейтін заң бар. Құқық қорғаушылар мен медиасарапшылар аталған заң Кремльді сынайтын журналистер мен белсенділерді, ұйымдарды қудалау тетігі ретінде жиі пайдаланылатынын айтады.
ПІКІРЛЕР