Accessibility links

Парламент депутаттары қалай жұмыс жасады?


Енді бір айдан соң Қазақстанда партиялар тізімі бойынша өткен тұңғыш сайлауға бір жыл толады. Таяуда Парламенттегі бүкіл орынды иеленген «Нұр Отан» партиясының депутаттары бірінші сессияның жұмысын аяқтап, каникулға шықты.

2007 жылдың 2 қыркүйегінде жұмысқа кіріскен парламенттің төменгі палатасына соңғы тоғыз айдың ішінде 113 заң жобасы келіп түсіпті. Оның жетеуіне мәжілісмендердің өздері бастамашы болса, қалған 106-сы үкіметтің дайындағаны екен. Олардың екеуі ғана үкімет үйіне кері қайтарылған. Сонымен қатар, парламенттің өткен шақырылымындағы депутаттар тартпасында қалып қойған 81 заң жобасы да, бір партиядан құрылған «нұротаншылардың» назарынан тыс қалмапты. Іріктеліп алынған 68-і жоғары палатаға жіберіліп, сенат депуттатары оның 43 ін мақұлдап, олардың барлығына президент қол қойыпты.

Өткен жылғы Парламент сайлауының қорытындысы белгілі болғанда, Қазақстандағы оппозициялық партиялардың барлығы бұл саяси науқанның әділетті өтпегенін айтып, сондай-ақ, «осы уақытқа дейін биліктің ғана айтқанымен жүріп отырған парламент мәжілісі, енді оның қолбаласына айналады» деген сыңайдағы мәлімдемелерді бірінен кейін бірі жасаған.

Парламент депутаттары болса өздерінің жақсы жұмыс жасағандығын айтып отыр. Ал өткен сайлауда айы оңынан тумаған кейбір оппозиция өкілдері Қазақстандағы саяси плюрализмнің тұншығып жатқанын айтып, ресми парламенттің төменгі палатасына балама ретінде, құрамында бірнеше саяси партия мен 30 ға жуық үкіметтік емес ұйымдардан тұратын «Халық кеңесі» деп аталатын қоғамдық парламент құрған.

Қазақстан Республикасының Парламент мәжілісі депутаттарының өздері туралы айтқан жақсы пікірмен ғана шектелмей, «Халық кеңесі» отырысының тұрақты мүшелері мен «нұротаншыл» депутаттардың да пікірлерін қатар жариялауды жөн көрдік:

Социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, Әміржан Қосанов:

«Бұл Парламенттің сессиясы өте сәтті өтті. Ол ең алдымен «Нұр Отан» партиясы және шенеуніктер үшін сәтті болды деп айту керек. Ал халық үшін Парламенттің төменгі палатасының жұмысы сәтті болды деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені, оның үш себебі бар. Біріншіден, бұл Парламент қоғамның, халықтың мүддесін емес, тек қана бір партияның, яғни шенеуніктер мен олигархтардан құрылған ұйымның мүддесін қорғайтын заңдар қабылдады.

Екіншіден, тумысынан дұрыс жаратылмаған дүние еш уақытта сәтті болмайды. Бұл Парламенттің өзі көзге көрінген сүйел сияқты, кешегі ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясында билікті қолдаған кейбір қонақтардың өздері де бір партиялық Парламентке «таңданыспен» қарады.

Үшіншісі, біздің Парламенттің депутаттары өздерінің атқарған жұмыстарына баға бермеуі керек. Өйткені, оған бағаны қоғам мен сайлаушылар береді. Қазір баға мен тарифтердің шарықтап кеткен кезінде, бүгінгі Парламенттегі депутаттардың бірде-біреуі жұмған аузын ашқан жоқ. Үкіметті ортаға шығарып сілкілеп, олардан жауап талап ете алмады. Себебі қарға қарғаның көзін шұқымайды. «Нұротаншы» депутат «нұротаншы» жемқор шенеунікке сен мынандай нәрсені бүлдірдің деп қайтып кінә тағады. Себебі олардың барлығы бір құдықтан су ішіп отыр. Сондықтан, бір партиялық Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы қоғам үшін сәтті өтті деп айта алмаймын.

Парламент мәжілісінің депутаты, Камал Бұрханов:

«Парламенттің алдына қойған міндеттердің барлығы атқарылды деп есептеймін. Депутаттар мүмкіндігінше жұмыс істеп, олардың кейбір мәселерге байланысты аянып қалған тұсы болған жоқ деп ойлаймын. Көптеген заң жобалалары талқыланып, қабылданды. Кейбір ұсыныстар келген жағына қайтып қайтарылды. Парламенттің жұмысының сәтті болуының өзі заңдардың талқыланып, қабылдануымен ұштасады. Біз бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек, Парламент үкімет емес, сондықтан, ол нақты бір жұмыстың нәтижесін көрсете алмайды. Сол себепті, депуттатардың бірінші сессияның жұмысына баға беруін орынды деп ойлаймын.

Дегенмен, халықтың бағасына жетпейтіні рас. Бірақ, халық бағаны қайтып беру керек, қыруар қаржы жұмсап, референдум өткізуіміз керек пе? Қазір онсыз да мемлекетіміздің экономикасында бірқатар проблемалар пайда болды. Соның салдарынан халықтың тұрмыс-тіршілігі де аздап қиыншылықтарға тап болды. Ал депуттардың өздеріне баға беруінде ешқандай ұяттық жоқ деп ойлаймын. Олар соңғы тоғыз айдың ішінде неше түрлі заң жобасын талқылады, көптеген қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Солардың барлығынан сүрінбей өтіп, қарапайым халықтың үмітін ақтай білді. Халықтың тарапынан әртүрлі сындар айтылғанымен, олардың бүгінгі парламентке көңілі толады деп ойлаймын»
XS
SM
MD
LG