Accessibility links

Әнші Батырхан Шүкенов БҰҰ балалар қорының Қазақстандағы тұңғыш ізгі ниет елшісі атанды


БҰҰ балалар қорының Қазақстандағы тұңғыш ізгі ниет елшісі Батырхан Шүкенов. Сурет әншінің www.batyr.net сайтынан алынды.
БҰҰ балалар қорының Қазақстандағы тұңғыш ізгі ниет елшісі Батырхан Шүкенов. Сурет әншінің www.batyr.net сайтынан алынды.

БҰҰ ұйымының балалар қоры Батырхан Шүкеновті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы алғашқы елшісі етіп тағайындап, Алматыда әншімен тиісті келісімге қол қойды. Белгілі әнші сол күні-ақ Азаттық радиосына сұхбат беріп, тыңдармандарымызға арнап халық әнін де орындады.


ЖАҢА ҰЛТТЫҚ ЕЛШІ - ҚАЗАҚСТАННАН

Әлемде 200-ге жуық ерікті ізгі ниет елшісі бар ЮНИСЕФ дүниежүзінің 150-ден астам мемлекетінде балаларға көмектесумен айналысады. Дэвид Бэкхэм, Робби Уильямс, Орландо Блум, Рикки Мартин, Роджер Мур, Джеки Чан, Шакира, Роджер Федерер, Клаудиа Шифер, Анатолий Карпов, Олег Газманов, Сьюзан Сарандон, Мария Гулегина және тағы басқа танымал адамдардың қатарына енді қазақстандық әнші Батырхан Шүкенов те енді.

БҰҰ-ның балалар құқығын қорғау туралы 1989 жылғы 20 қарашада қабылданған Конвенциясының 20 жылдығын мерекелеу күні қазақстандық әншінің ізгі ниет елшісі атанғаны белгілі болды.
Қазақ әншісі Батырхан Шүкеновке ЮНИСЕФ тапсырған сертификат. Алматы, 20 қараша 2009 жыл.


– Біз Батырхан Шүкеновтың қазақстандық балаларға әрдайым көмектесіп тұратындығын білеміз. Ол өзі ол туралы аса айта бермейді. Дегенмен, біз Батырхан ЮНИСЕФ-тің негізгі ұстанымы – балаларға лайықты өмір сүруге жағдай жасауда баға жетпес үлес қосады деп ойлаймыз, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Ханаа Сингер Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында.

ЮНИСЕФ-тің бұқаралық ақпарат құралдары жөнінде үйлестірушісі Сұлтан Құдайбергеновтың сөзіне қарағанда, Қазақстанның алғашқы ерікті елшісі мәртебесінен бірқатар мәдениет және спорт қайраткерлері үміткер болған екен.

– Біз өткен жылдан бастап бірқатар интернет сайттарда, жастар арасында сауалнама ұйымдастырған болатынбыз. Онда аталған номинациядан үміткерлер арасында Батырхан Шүкеновтан өзге Қазақстанның танымал өнер, мәдениет және спорт қайраткерлері әнші Роза Рымбаева, Асылбек Еңсепов, жас әртіс Аянат Есмағамбетова және Олимпиада чемпионы Илья Ильин болған еді. Олардың арасында ең көп дауыс жинаған Батырхан Шүкенов болды, – деді Сұлтан Құдайбергенов.

Оның сөзіне қарағанда, Шүкенов тек Қазақстанның ғана емес Орта Азия елдеріндегі алғашқы ерікті ізгі ниет елші. Дегенмен, олардың саны артуы да мүмкін, өйткені ерікті ізгі ниет елшісі 2 жылға тағайындалады. Осы мерзім ішінде әнші ЮНИСЕФ-тің балаларға арналған барлық шараларына қатысып, жекелеген мәселелерге қатысты мәлімдемелер жасау құқына ие.

Спортшылар мен сәнгерлер, әртістер мен әншілер, өздерінің танымалдылығынан бөлек балаларға деген қамқорлығымен ерекшеленсе ғана – ізгі ниетті ерікті елші бола алады.

«БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУ САЛАСЫНА КӨҢІЛ БӨЛЕР ЕДІМ»

Осы жаңа «қызметіне» орай біз Батырхан Шүкеновке хабарласып, құттықтаған едік. Жаңа ғана тағайындалған ізгі ниет елшісі Азаттық радиосына берген арнайы сұхбатында алдағы міндет-мақсаттарымен бөлісті.

Батырхан мырза, алдымен жаңа «қызметіңіз» құтты болсын! Жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Рақмет, алдымен, бұл әңгіме біраздан бері айтылып келе жатқандығын айтқым келеді. Бір ай бұрын мен ЮНИСЕФ-тің өкілі Ханаа Сингер ханыммен кездестім. Ол маған студенттер мен балалар арасында сауалнама жүргізілгендігін айтты. Мен, әрине, қуаныштымын, өйткені аталған ұйым балалар мәселесімен, оның ішінде денсаулық, сауат ашу мен білім алу, қайырымдылықпен айналысады. Ал ол маған жат емес. Мен ара-тұра қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, балалар үйіне көмектесіп отырғанды жақсы көремін. Әрине, оны көпшілікке дабыра етіп жариялаған емеспін. Сондықтан маған бұл жоба таңсық емес, мен үшін бұл қызықты әрі жанымды толқытатын жайт.
Қазақстандағы ізгі ниет елшісі Батырхан Шүкенов. Сурет әншінің сайтынан алынды.


Қазақстанда балаларға қатысты шешімі табылмай отырған мәселелер аз емес. Алдағы 2 жылда нақты қандай мәселелерді басты назарға алмақшысыз?

– Меніңше барлық мәселелер алқа отырыстарында талқылануы тиіс. Өйткені негізгі жұмыс қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, белгілі бір азаматтарды тарту емес. Негізгі мақсат – балалар үйлеріне барып, балалар құқына қатысты, олардың денсаулығы мен білім алуына қатысты мәселелерді көтеру болып табылады. Жеке мен үшін балалардың білім алу саласы қызықтырақ болып көрінеді. Себебі балалар біздің болшағымыз. Сондықтан оларды жан-жақты білімді, білікті, саналы етіп өсіру біздің мақсатымыз. Осы мақсатта жетілдірілген бағдарламалар енгізіліп, осы сала берлгілі бір жүйеге реттелуі маңызды. Мен әзірге өзімді осы салада көріп тұрмын. Дегенмен жұмыс барысында көп нәрсе өзгеруі де мүмкін.

Батырхан мырза, соңғы кездері шоу бизнесте қайырымдылық концерттері сәнге айналып кеткен жоқ па, қалай ойлайсыз?

– Мен қайырымдылққа қатысты бірқатар ірі жобаларға куә болдым. Эстрада жанрындағы музыканттар ұйымдастырған концерттерден кейін жиналған қаржы балалар үйлеріне жіберіліп отырды. Меніңше бұл өте дұрыс әрі өркениетті қалыпқа түсіп келе жатқандай. Қоғам да аталған шараларға ықыласпен атсалысуда.

Дегенмен, оның екінші жағы да бар. Әдетте, қайырымдылық шараларына танымал әртістер шақырылады, қаржы жиналады. Ал ары қарай не болатынын бақылау өте қиын, мен үшін бұл аса маңызды. Біз ертеректе қайырымдылық концерттерін бергенімізде, жиналған қаржыны немесе балаларға арналған сыйлықтарды белгілі бір аурухана немесе балалар үйіне алып, көпшіліктің көзінше беретінбіз. Меніңше, қайырымдылық шаралары өткен кезде оны кімнің өткізгендігі және мақсатына жете алғандығы маңызды.

Жалпы қайырымдылық – адамның азаматтық ұстанымы мен жүрегінің қалауы. Ол үшін сені ешкім қинамайды да, ол өзіңнің санаң мен түсінігіңе байланысты істелетін шара. Ал маған келсек, менің ұстанымым – мүмкіндігінше адамдарға көмектесу, ол мейлі өз өнеріммен болсын немесе басқа да жолмен болсын.

Әңгіме соңында тек Қазақстан емес, бүкіл Орта Азия елдеріндегі алғашқы ерікті ізгі ниет елшісі, әнші Батырхан Шүкенов Азаттық тыңдармандарына арнап, телефон арқылы қазақтың халық әнін де орындап берген еді.
XS
SM
MD
LG