Accessibility links

Көсемнің көзден кеткеніне үш жыл өтісімен, алтындатқан Ниязов Ашхабадтан аласталуда


Ашхабадтағы Сапармұрад Ниязовтың алтын ескерткіші орнатылған алаң.
Ашхабадтағы Сапармұрад Ниязовтың алтын ескерткіші орнатылған алаң.

Түркменстан үкіметі орасан құрылыс жобаларына 24 миллиард доллардай бөлуде. Бұдан бұрынғы президент Сапармұрад Ниязовтың алтын ескерткішін орнынан алып, оның орнына биліктің жаңа символын орнату жоспарлануда.

ЕРТЕГІ – ЖОСПАР

Қазақстанның оңтүстігіндегі көршілерінің бірі Түркменстандағы оқиғалар халықаралық бақылаушыларды таңдай қақтыруда. Жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарынан көптеген елдердің құрылыс индустриясы қимылсыз қалды. Тек кейбір елдерде ғана экономиканың бұл саласы дағдарыс соққысынан соң біртіндеп есін жинай бастаса, осының өзі үлкен жеңіс саналуда.

Осы тұрғыдан келгенде Түркменстан мүлдем күтпеген қылық танытты. Президент, бізді де танып қойыңдар дегендей, орасан құрылыс жоспары жайында хабарлады. Гурбангулы Бердымухаммедовтың айтуынша, үкімет алдағы екі жылдың ішінде құрылыс жобаларына 24 миллиард доллардай қаржы бөлмек.

Түркмен президенті бұл орасан қаржыландыруды 2011 жылы қазан айында болатын Түркменстан тәуелсіздігінің 20 жылдығымен байланыстырып отыр. Өткен жылдың қараша айының өзінде-ақ Гурбангулы Бердымухаммедов, 2010 жылы жаңа үйлерді салу мен салынып жатқан 240-тан аса нысандардың құрылысын аяқтау үшін Түркменстан кемінде 12 миллиард доллар бөледі деп айтқан.

Түркменстанның жылдық бюджеті 16 миллиард доллар шамасында. Әрине, жоспарланған қаржының едәуір бөлігі, 1990 жылдардың ортасында-ақ қарқынды құрылыс жұмыстары басталған Ашгабадқа арналған.

Ашхабад қаласының орталығы. 5 шілде 2008 жыл
Осыдан он жылдан астам бұрын президент Сапармұрад Ниязов барлық министрліктерге өздеріне жаңа ғимарат салуға тапсырма берген. Бұдан бөлек, Түркменстан астанасында бірнеше бесжұлдызды қонақ үйлер салына бастады. Бірақ, бұл алып мейманханалардың 30 пайыздан асыңқырап толған кезі сирек.

Орасан құрылыс жоспарларының ішінде, астананың ішінен өтетін бірнеше фонтандары бар өзен, бұл жақта таңсық көрінетін пингвиндердің өмір сүруіне барлық жағдай жасалған арнайы хайуанаттар паркінің құрылысы да бар.

Бұдан бөлек, үлкен сырғанағы бар аса ірі спорт орталығы мен ауасы толық желдетіліп отыратын ат спортына арналған кешен құрылысын тұрғызу жоспарлануда.

Осы бір аузыңнан сілекейіңді ағызар қаржының аса ірі батпан құйрығынан өзіне тиесілі сыбағаға ие болатын шетелдік бақытты фирмалардың да кейбіреулері белгілі болып қалды. Атап айтқанда, бұлар француздың «Винчи» фирмасы мен түріктің «Полимекс» компаниясы.

МӘЖБҮРЛЕП ШЫҒАРУ

Осындай ертегіде ғана кездесер үлкен өзгерістерге түркмен астанасының тұрғындары қуанып отырған болар дейсіз. Бірақ, барлығы керісінше болатын сияқты. Бұдан бұрын да түркмен билігі осындай орасан құрылыс жұмыстарын бастағанда, халықтың тұрғын үйлерін бұзу жұмыстары ілесе жүрген.
Түнгі Ашхабад.
Мыңдаған адамдар үйлерінен мәжбүрлеп шығарылып, астана орталығынан алысқа қарай ысырылып тасталды. Бұл үшін өтемақы бола қалса да, аз төленді. Былай қарасаң түркмен заңы азаматтардың баспанасынан айрылғаны үшін өтемақы берген сияқты көрінді. Шындығында адамдардың шағымы түркмен үкіметінің шешіміне қарсы болды.

Ел басшылығы жаңа жобалар үшін ескі үйлердің бұзылатындығы жайында әзірге ешнәрсе хабарлаған жоқ. Бірақ мұндай аса ірі құрылыс жобасы жүрген соң онсыз болмайтындығы тағы да белгілі.

Бұрынғы тәжірибе көрсеткендей, қамшының бір ұшы астана тұрғындарына келіп тиері айқын. Бірақ, оның келтірер зардабы қаншалықты, мәселе осында. Бірақ, бұл жолы астана жоғалтатын тағы бір мәселеге былайғы жұрт сүйсініспен қарайтындай.

ЖАҢА МЕКЕНГЕ

Жоспарланған орасан үлкен жобалардың арасында астана орталығының қайта жасалатындығы, Бейтараптық аркасының бұзылатындығы жайындағы ақпарат елеусіздеу көрінеді. Бұл дәл сол әйгілі Сапармұрад Түркменбашының күнге қарап айналып тұратын ескерткіші орнатылған арка.

Менің есіме мына бір жай түсті. Әрнәрседен хабары бар қазақтар күнге тайсаламай тура қарайтын жалғыз жан баласы адам емес, бүркіт деп айтады.

Түркменстанның бұрынғы президенті Сапармұрад Ниязов. 2 қараша 2006 жыл
Демек, Ниязовтың бүркіт болғысы келгені ғой. 2006 жылы Ниязовтың кенеттен өмірден өтуінен соң бұл ескерткіштің алтыны да көмескілене бастаған ба қалай? Алтындатқан алыптың ақыры жақсы болмайын деп тұр. Бір күні кранды алып келіп, алтын басты бір бөлек, денесін бір бөлек, аяғын бір бөлек жұлып алып, жерге қоймақ. Және бұның барлығын жұрттың көзіне түсірмей, түнде жасайтын болар
.
Содан соң бұл ескерткіш астананың бір шетінен орын алатын сияқты. Елдің көзіне түспеу үшін, қисынсыздыққа толы Ниязов кезеңін еске түсірмес үшін.

Алтын Ниязов тұғырда тұрған 75 метрлік алып монументтің орнына, Ашгабаттың орталығына құны кемінде 200 миллион долларлық, биікітігі 95 метрлік бейтараптықтың тағы бір керемет туындысы тұрғызылатын болады.

Бұл қаржы түркменнің бүкіл мәдениетке деп бөлген бюджетінен бір жарым есе артық. Билікке жұмыс істеп жатқандарды қолдағаннан, биліктің символы әрқашан қымбат болатындығын осыдан-ақ байқайсың.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Аталған мақалада ол жеке өзінің көзқарасы мен пікірін білдіреді. Бұлар Азаттық радиосының ұстаныммымен сай келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG