СЕГІЗ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ САУДА
Әблязов президенттің ортаншы күйеу баласына қарсы өзі жолдаған деректерді тексерген қаржы полициясы бірде-бір сұраққа жауап бермегенімен қоймай, Құлыбаевтың атына айтылған айыптаулардың ешқайсысын жоққа да шығара алмады деп атап көрсетеді сұхбатының басында.
Бүгінгі таңда Лондонда тұрып жатқан қуғындағы қазақстандық банкир Мұхтар Әблязов, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БТА банк активтеріне көзінің ертеден-ақ түскенін айтады. Әблязовтың айтуынша, мұндай талап-ұсынысты Назарбаев 2000-2009 жылдар аралығында бірнеше мәрте жасаған.
«2002 жылы 27 наурызда мені тұтқындаған сәттен бастап келіссөздер басталды. Тұтқындағанға дейін де күш құрылымдарының басшылары, Назарбаевтың жақын достары маған ұсыныстармен шығып жүрді. Олар маған: біз сені жақында тұтқындаймыз, бірақ оны болдырмау үшін сен Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысынан шыққаныңды жариялауың керек деді.
Маған қойылған екінші талап – активтердің жарымын, соның ішінде БТА Банкті беру туралы болды. Сондай-ақ менің бақылауымда деп есептелінген БАҚ-ның 50 пайыз акцияларын беруім керек еді. Бұл ретте президент менің мойынсұнғаныма, басқаруға көнгеніме көз жеткізіп, менімен диалогқа шығар еді. Тұтқындар қарсаңындағы ұсыныстар осындай болды»,- дейді Әблязов.
Алайда банкир бұл талаптарды орындаудан бас тартқандығын, артынша-ақ түрмеге жабылғандығын, мекемеде физикалық және моральдық қысым көргендігін баяндап өткен. Әблязов 2003 жылы өзіне рақымшылық етуін президенттен өтініп хат жазуын түрмеде тектен-тек өлгісі келмегендігімен түсіндіреді.
ҚАРАЖАМБАС КЕНІШІ ҚАЛАЙ САУДАЛАНДЫ?
Әблязовтың айтуынша, 2005 жылы қаңтарда оны Қазақстанға Назарбаевпен кездесуге шақырады және БТА Банкті қайта басқаруын ұсынған.
«Мен «Банк Тұран-Әлемді» бақылау тізгінін соның қолына ұстатуым керек болды. Яғни Ержан Тәтішевтың зайыбынан акция пакетін және басқа да акцияларды алып, банкте ірі көлемде акция жинақтап, бақылау орнату үшін оны қайтарымсыз Назарбаевқа беру керек болды»,- деп баяндайды Әблязов.
Оның айтуынша, банкке қайтып оралғаннан кейінгі 2005, 2006, 2007 жылдары банк активерін беру туралы одан үнемі талап етіліп келген, бірақ түрлі себеп-сылтаулармен Әблязов оларды орындамаған.
«Менің акцияларым қайда?» деген сауал 2007 жылы қаңтарда президент тарабынан тағы да қойылды. Тағы да тегін алғысы келді. Сонда мен ақша табылды, мен сол қаржыға Қаражамбасты сатып алайын деген ұсыныс жасадым. Біздің бақталастарымыз қытайлықтар болатын, бірақ біз олардан 100 миллион артық ұсындық.
- Жоқ, мен қытайлармен келісіп қойдым, - дейді президент.
- Қалайша қытайлармен?
- Өйткені сен маған тегін бермейсің ғой? Ал қытайлар береді.
Сондықтан кейін Қаражамбас қытайларға 50 де 50 үлесі бойынша сатылды»,- деп мәлімдеген Әблязов "Республика" порталындағы сұхбатында.
Банкирдің айтуынша, президент 2008 жылы 1 сәуірде оған БТА Банкті беру керектігін, әйтпесе ол қамалып, банк тәркіленетіндігін жеткізген.
«Назарбаевтың пікірінше, менің бұдан басқа амалым жоқ. Одан кейінгі болған жайттардың барлығы осы әңгімеден туындады. Өйткені мен БТА Банк акцияларын Назарбаевқа да, оның сенімді өкілдеріне де берген жоқпын»,- дейді Әблязов.
2009 жылы ақпан айының басында «БТА Банкі» директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен алынғаннан кейін Мұхтар Әблязовке қылмыстық іс қозғалды. Артынша-ақ Қазақстаннан кетіп қалған Әблязовқа Қазақстанның өтініші бойынша іздеу жарияланды.
«НАЗАРБАЕВ ЖАУАП БЕРУІ ТИІС»
«Азат» ЖСПД партиясының бас хатшысы Әміржан Қосановтың айтуынша, Мұхтар Әблязовтың кезекті компроматтары Қазақстанда биліктің шиеленіскендігін аңғартады және бұл мәлімдемеге қатысты Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жауап беруі тиіс.
«Жекеменшікке қоқан-лоқы көрсету ешкімге жараспайды. Сондықтан бұл жерде біз Мүхтар Әблязовтың сөздеріне түсіністікпен, сыни көзқараспен қарауымыз керек. Ол әңгімелер шынымен рас болса, онда оның бүгінгі сұхбатында айтылғандарға президенттің өзі жауап беруі керек деп ойлаймын»,- деді Әміржан Қосанов.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім Мұхтар Әблязовтың жағына шығуды жөн деп есептемейді. Оның пікірінше, мұндай талас-тартыстардан халыққа келіп-кетер ешқандай пайда жоқ.
«Бұлардың арасындағы дау-дамай біз білмейтін, қолымызда жоқ ақпараттарға ғана негізделіп айтылып отыр. Сондықтан бұл жерде екі жақтың бірін жақтап шыға алмайтындығым айдан анық. Менің ойымша, бұл күрестен халыққа келіп-кетіп жатқан ештеме жоқ сияқты», - деді Дос Көшім.
Бұған дейін Мүхтар Әблязов Қазақстан президентінің күйеу баласы - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевты «соңғы бірнеше жыл көлемінде елден 20 миллиард доллардан аса қаржы ұрлады» деп айыптағандығы белгілі.