Accessibility links

Кедендегі сыбайлас жемқорлық туралы кәсіпкерлер ашық айта бастады


Кәсіпкер Қанағат Тәкеева баспасөз мәслихатында. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.
Кәсіпкер Қанағат Тәкеева баспасөз мәслихатында. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.

Қазақстандық кәсіпкердің айтуынша «Қорғас» кеден бекетінен барлық құқыққорғау органдары пайда көреді. Кеденді жайлаған заңсыздық жұмысына әбден тұсау болғасын кәсіпкер қалың бұқараға жемқорлықтың схемасын жариялауға мәжбүр. Енді ол жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайды.


Қарашаның 24-інде Алматыда «Қорғас» кеден бекетіндегі брокерлік компанияның атқарушы директоры Қанағат Тәкеева баспасөз мәслихатын өткізіп, ақпарат құралдарынан көмек сұрауға мәжбүр екендігін айтты.

«БАҚЫЛАУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ АУЫЗЫН МАЙЛАУЫҢ ҚАЖЕТ»

Кәсіпкер Қанағат Тәкееваның «Қорғасқа» жұмысқа тұрғанына көп болмаған. Басында 1 миллион теңге несиеге алған үйі бар жалғыз басты ана, несиесін
Кәсіпкер Қанағат Такеева «Қорғас» кеденіндегі заңсыз алымдар туралы мәлімдеме жасап отыр. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.
төлеу мақсатында «Қорғаста» құрбысының брокерлік компаниясының бір бөлімшесін іске қосады.

Алғаш келген күнен-ақ кеден қызметкерлері кәсіпкердің қалай жұмыс істеуі керектігі жайлы «кеңес» берген екен.

- Мен, әрине, ондай жерлерде жемқорлықтың болатындығын білемін. Себебі бізде бизнес жүргізу үшін міндетті түрде барлық бақылаушы органдардың ауызын майлауың қажет. Ол жасырын емес, бірақ онда болып жатқан жайт өте қорқынышты. Маған келген күні-ақ қандай жүк көлігінен қанша ақша алуым керек, оның қаншасы ресми құжатқа толтырылып, қаншасы «қара кассаға» кетуі керектігі айтылды, - дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, орта есеппен бір жүк көлігінен төленетін қаржының 30 пайызы мемлекеттік қазынаға, ал қалғаны «жоғары жақтағы адамдарға таратылады» екен.

- Бір жүк көлігінен минимум 10 мың АҚШ доллары «қара кассаға» түседі. Кейде тіпті 20 мыңға дейін болады. «Қорғастан» тәулігіне ең аз дегенде 150 жүк көлігі өтеді. Ал енді осы соманы «Қорғас» жұмыс істейтін 5 күнге көбейтіңіз. Ал одан шыққанды төртке көбейтіңіз, нәтижесінде «қара кассаға» бір айда түсетін ақша шығады, - дейді Қанағат Такеева.

Оның сөзінше, әр аптаның жұма күні бұл ақшаны Талғат есімді «кассир жігіт» Алматыға жеткізетін көрінеді. Мұнда қаржы жергілікті қаржы полициясы мен басқа да бақылаушы органдар арасында бөлініп, қаржының қомақты мөлшері Астанаға жіберілетінге ұқсайды.

БАҚ АРҚЫЛЫ БАСШЫҒА ШАҒЫМ

Кәсіпкер «Қорғастағы» жемқорлық схемасын айтып, ұлттық қауіпсіздік қызметіне, қаржы полициясы мен кедендік бақылау комитетіне хат жазған, алайда ешқандай жауап болмаған.

- Жазғанымнан тиісті шара қолданудың орнына, белгісіз біреулер қоқан-лоққы үйіріп жатыр. Бұған дейін таныстарым арқылы «абайлап
Кеше ғана маған «аузыңды жап! әйтпесе біз сені арандатамыз немесе саған бұзақыларды жібереміз!» деп айтты.
жүрсін, көлік жүргізгенде байқасын» деген «сәлемдемелер» айтылды. Ал кеше ғана маған «аузыңды жап! әйтпесе біз сені арандатамыз немесе саған бұзақыларды жібереміз!» деп айтты, - дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, қорқытуларды елемеуге болмайды, себебі шағын бизнесі бар туыстарын салық комитеті негізсіз тексеру өткізіп, айыппұлдар дайындап жатқан көрінеді.

- Мен сіздер арқылы президентке қайрылғым келеді. Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен жалғыз басты анамын, менің жолдасым жоқ, екі балам бар. Маған бұл жағдайда сізден басқа ешкім көмектесе алмайды. Мені және менің туыстарымды қорғап қалуыңызды сұраймын, - дейді Қанағат Тәкеева.

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Заңгер Сергей Уткин бұл мәселе бойынша құқыққорғау органдары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның 7-ші бабын яғни, «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетiн адамдарға тиiспеушiлiк кепiлдiгін елемей отырғандығын айтады.

- Заңда сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық фактiсi туралы
Заңгер Сергей Уткин баспасөз мәслихатында. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.
хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өзге де түрде жәрдемдесетiн адам мемлекеттiң қорғауында болады делінген, - дейді заңгер.

Уткин қазір қорғауға алмақ тұрмақ, жемқорлық туралы ашық айтып отырған кәсіпкердің сөзін құлағына ілетін ешкім болмай отырғандығына налиды.

- Біз барлығымыз бизнесмен барлығынан сеескенетін, қорқақ адам деп білеміз. Кейде тіпті, бизнесмендерге жемқорлық тиімді деп те ойлаймыз. Алайда, жемқорлық шектен тым шығып кеткенде кәсіпкерлер зар еңірейді. Қазір дәл осындай жағдай болып тұр, - дейді Сергей Уткин.

«ҚАЗПОШТА» АРҚЫЛЫ ЖОЛДАНҒАН ХАТ

Мәселеге қатысты Азаттық тілшісі сәрсенбі күні Алматының қаржы полициясына хабарласқанымен, ондағылар бізді Алматы облыстық қаржы полициясына жіберді.

Ал облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Лаура Жанболатова, кәсіпкердің арызы енді ғана жеткендігін айтты.

- Тәкееваның қарашаның 18-і күні жазылған арызы бізге бүгін ғана келді. Ол «Қазпоштамен» жіберген екен. Енді бұл іс қаралатын болады, - деді баспасөз хатшысы.

Ал өзге құқыққорғау органдарына хабарласып, түсініктеме алу мүмкін болмады.
XS
SM
MD
LG