Accessibility links

Төрт жыл бұрын ұрланған «Нұрбанк» басшыларының бірі жерленді


"Нұрбанктің" қаза тапқан топ менеджері Жолдас Темірәлиевтің жаназасына жиналған жұрт. Суреттегі үйде марқұмның ата-анасы тұрады. Атырау, 13 маусым 2011 жыл
"Нұрбанктің" қаза тапқан топ менеджері Жолдас Темірәлиевтің жаназасына жиналған жұрт. Суреттегі үйде марқұмның ата-анасы тұрады. Атырау, 13 маусым 2011 жыл

Маусымның 13-і күні Атырауда осыдан төрт жыл бұрын жоғалып кетті деп саналған Жолдас Темірәлиевтің мүрдесі жер қойнына тапсырылды.


Жерлеу рәсімі әдеттеггіден ертерек таңғы 8.30-да басталды. Марқұммен қоштасуға оның әріптестері, ет жақын туған-туыстары жиналды. Қоштасу сөзін сөйлеген Жолдастың ағасы Азамат Темірәлиев, «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғилымов, Арман Дәненов және марқұмның қайын атасы Қайрош Қапашев, ауылдың құрметті ақсақалы Айдын Айбаровтар оның беделді, ісіне адал, іскер азамат, өнегелі отағасы болғанын еске алды.

ЖАНАЗА

- Жақын араласқандықтан Жолдасты терең білетін едім, мінезі ашық, таза, адал азамат еді. Ол адамдармен тіл табысып, жақсы сыйласып жұмыс жасады. Жора-жолдастарына қолдау танытып жүретін. Оның асар биіктері әлі алда еді, алайда тағдыр осылай болды. Ол әрдайым есімізде ақжарқын күлкісімен, ашық мінезімен қалады, - деді қаралы жиында сөз алған «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғилымов.

Марқұмның жаназасын оқуға келген имам елге уағыз айтып, «нақ өлім және нақсыз өлім деп бөлінеді, бұл жоғалып кетсе де, табылғандықтан нақ өлімнің қатарына жатады» деді.
Кісі қолынан өлген банкир Жолдас Темірәлиевтің жаназасына жиналған жұрт. Атырау, 13 маусым 2011 жыл

- Марқұмды газет-журналдарға жазып, іздестірген жора-жолдастарға Алла разы болсын. Кісіден зұлымдық болды деп жатырмыз. Бұл адам шайтанынан болған өлім. Оның дәрежесіне, орнына қызығып жасалған нәрсе. Перзентіміздің табылғанына бір жағынан қуанып, екінші жағынан қайғырып отырмыз, - деді молда.

ҚАРҒЫС

Жолдас Темірәлиевтің мүрдесі Атыраудан 140 шақырым жердегі Исатай ауданының Амангелді ауылына жерленді.

Ресми сот шешімі бойынша «Нұрбанктің» екі бірдей топ-менеджерінің 2007 жылғы қаңтардан бері үшті-күйлі жоқ болып кетуіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, «Нұрбанктің» бұрынғы акционері Рахат Әлиев айыпты саналып келген болатын. Дегенмен бұл қаралы жиында оның атына лағынет айтқан ешкім болған жоқ. Жиылған жұрт үнсіз жылап, тарқасты. Тек қоштасу сөзін айтқан 88 жастағы Айдын Айбаров ақсақал «Осыны жасаған адам көзсіз, қол-аяқсыз қалсын» деген қарғыс айтты.

«Нұрбанкті» құрған банкирдің жаназасына жергілікті билік басшыларынан ешкім келмеді. Бірақ қаралы үйді сырттай торып жүрген бірнеше құқық қорғау орнының адамдарын көрдік деушілер болды.

Жолдас Темірәлиев 1967 жылғы мамырдың 12-сінде Атырау қаласында дүниеге келген. Мәскеудің Губкин атындағы институтын, Саратов қаржы- экономика академиясын бітірген. Еңбек жолын совет кезеңінде Мәскеуде бизнес саласында бастаған. 1994 жылдары Атырау облысындағы Ұлттық банктің филиалында жұмыс жасаған.

Кейіннен 1994 жылы аймаққа инвестиция тарту мақсатында жергілікті әкімшілік көмегімен Атырау қаласында құрылған «Нұрбанкті» ұйымдастыруға белсене ат салысады. Жаңа банктің жетекшісі болып 24 жасар Мәскеуде жоғары оқу орнын бітірген, бірнеше Мәскеу банктерінде қызмет істеп үлгерген Әбілмәжін Ғилымов тағайындалған еді. Ал Жолдас Темірәлиев банк басқармасы төрағасының орынбасары болады және осы банкте 2007 жылдың қаңтарына дейін бірінші орынбасар болып жұмыс істеп келді.
XS
SM
MD
LG