Желтоқсанның 29-ы күні Қазақстанның бас прокуратурасы Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді басу кезінде жұртқа оқ атқан полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
- Желтоқсанның 26 күні полиция қызметкерлерінің қару қолдануы салдарынан болған адам қазасы оқиғасы бойынша, Қылмыстық кодекстің 308-ші бабының 4-ші тармағына сәйкес, қару немесе арнайы құралдарды қолданып билікті және лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалануға қатысты қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлады бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.
Ол сонымен бірге, «ақпарат құралдарына көпе көрнеу жалған ақпарат берген» деген айыппен Жаңаөзен тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы хабардар етті.
- Бұның алдында кейбір жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұқбатында, Жаңаөзенде 23 адамның қаза болғаны туралы Шолпан есімді келінінен естігенін айтқан Алуаш Оңғарованың сөздерін біз анықтаған Шолпан Өтекеева жоққа шығарды және ол тек үш адамның қайтыс болғанын көргенін ғана растады, және де ол Оңғарованың келіні еместігін айтты, - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.
Бас прокуратура Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерге байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша жедел-іздестіру тобы 20 адамды ұстап, олардың 18-і сот санкциясымен тұтқынға алынғанын хабарлады.
ДЕРЕКТЕР
Желтоқсанның 17-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «полиция Жаңаөзенде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру барысында заң шегінен шыққан жоқ, өздеріне берілген өкілеттік аясында қимыл-әрекет етті» деп мәлімдеген еді.
Билік полиция жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қаруды тек қорғану мақсатында және әуеге, жерге атқан деп мәлімдегенімен, оқиға кезінде түсіріліп, кейін интернетте жарияланған видеожазбада қарусыз адамдарға полицияның оқ атып, құлағандарды ұрып-соққаны бейнеленген. Оқ атылып, алаңнан қашып бара жатқан адамдар сол күні түсірілген басқа видеолардан да байқалады.
Бірнеше күн бойы байланыс желісінен ажыратылған Жаңаөзен қаласында интернет және телефон байланысы қалпына келген соң әлгіндей видеолар интернетке көптеп шыға бастады.
Кейін кейбір куәгерлер қалада полицияның тұрғындарға зорлық-зомбылық жасағаны туралы да хабарлаған еді.
Президент Назарбаевтың жарлығымен 17 желтоқсаннан алдағы жылғы қаңтардың 5-іне дейін Жаңазен қаласы бойынша жарияланған төтенше жағдай тәртібінің мерзімі ұзаруы мүмкін деп хабарлады желтоқсанның 28-і күні Жаңаөзен оқиғасы бойынша құрылған үкіметтік комиссияның басшысы, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев.
ПОЛИЦИЯ КҮДІКТІЛЕР САНЫН ҚЫРЫҚҚА ЖЕТКІЗДІ
Бұған дейін ресми орындар Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер салдарынан 16 адамның қайтыс болғаны туралы хабарлаған еді. Алайда, олардың кейбірінің өліміне құқық қызметкерлерінің қатысы жоқ деп отыр билік орындары.
Мысалы, прокуратураның дерегі бойынша, лицей оқытушысы Атаберген Дүйсекеновтың әкесі ұлын мерекелік шараларға алып шыққаны үшін бұзақылар өлтірген деп санайды.
Ал «Сулпак» дүкенінде денесі табылған Нұрлан Мұңалбаевтың ажалы оттан болған дейді прокуратура. Сондай-ақ, желтоқсанның 17-сі күні оқтан қаза болған Атабай Құлқайыровты атып өлтірген деген күдікпен жақында Жаңаөзен қаласының тұрғыны тұтқынға алынды деп хабарлап отыр бас прокуратура.
Желтоқсанның 29-ы күні ішкі істер министрлігі 40 адамның Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерге белсене қатысқан және ұйымдастырған деген күдікке ілінгені туралы хабарлама таратты.
«Жаңазенде жүргізілген жедел-іздестіру және арнайы шаралар барысында 40 адамның жаппай тәртіпсіздіктерге белсене қатысқаны және ұйымдастырғаны анықталды, олардың 18-і ұсталды. Бұған қоса, Шетпе кентіндегі оқиғалар бойынша 10 адам тұтқындалды», – делінген министрліктің ақпаратында.
"35 ПОЛИЦЕЙ ЖАРАЛАНДЫ"
Ал, Жаңаөзенге барған тәуелсіз блогерлер кездескен кейбір тұрғындар полиция ұстап әкеткен туыстарының тағдырынан бейхабар қалып отырғандарын айтқан еді. Полицияның тергеуінде болғандардың азап көргені туралы шағымды үкімет комиссиясының мүшелеріне өзге тұрғындар да жеткізді.
Полицияның деректерінде жаппай тәртіпсіздіктерді басу кезінде ішкі істер органының 17 қызметкері жарақат алғаны, ал ауыр жараланған бір адамның облыстық ауруханада жатқаны айтылған.
«Желтоқсанның 16-сынан 18-іне дейін жалпы саны 35 полиция қызметкері әртүрлі жарақатпен медициналық көмекке жүгінді», – деп хабарлады полиция.
Сонымен бірге, ішкі істер министрлігі Жаңаөзен қаласындағы өзгенің мүлкін талап-тонау оқиғалары бойынша жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары жақын арада аяқталып қалуы мүмкін екендігін айтып отыр.
Бұған дейін ресми орындар желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында болған оқиғалар салдарынан 17 адам қаза болып, 100-ден астам зардап шеккені туралы хабарлаған болатын.