Accessibility links

Жаңаөзенде жараланған азамат көмекке зәру


Жаңаөзенде жараланғанның сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:41 0:00

16 желтоқсан 2011 жылы Жаңаөзенде оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев өзінің қалай зардап шеккені туралы айтады. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасында жараланған Нұрлыбек Нұрғалиевтің арқасындағы оқ әлі алынған жоқ. Ол үкіметтік комиссия уәде берген өтемақыны ала алмай отыр. Маңғыстау облыстық әкімдігі «зардап шеккендердің тізімі бекітілмей, өтемақы мәселесі шешілмейді» дейді.


Жаңаөзеннің орталық алаңында жалақысын көтеруді талап етіп, ереуілде тұрған Нұрлыбек Нұрғалиевке желтоқсанның 16-сы күні өңешінен тиген оқ мойнын айнала сол жақ жауырынына барып тірелген. 11 жыл бойы УРНОиТК мекемесінде темір жонушы болып істеген Нұрлыбек Нұрғалиев сол күні өздеріне темір оқты жаудырады деп ойламағанын айтады.

«РЕЗЕҢКЕ ОҚ ДЕП ОЙЛАДЫҚ»

– Бізге қарсы атыс басталып кеткенде резеңке оқ қой деп бейқам тұра берген едік. Бір мезет қасымда тұрған балаға оқ тигенін көрдім. Ол бетін қан жуып, көзін басып отыра кеткенін көріп «ойбу, мына бала оққа ұшты-ау» дегенімше болған жоқ өзіме де оқ тиді. Анадай жерде жұмыстас жігіттер тұр еді. Соларға қарай жетіп алуға тырысып қозғалғаныммен сол қолым көтертпей құладым. Олар көтеріп алып кетті, – деп еске алды Нұрлыбек Азаттық тілшісіне берген сұқбатында.

Нұрлыбек Нұрғалиев сол күні қалалық ауруханаға түскен. Бірақ, оның әйелі Гүлжамал Нұрғалиеваның айтуынша, Жаңаөзенде дәрігерлер жетіспегендіктен сегіз сағаттан кейін Нұрлыбек Нұрғалиевті Ақтау қаласындағы ауруханаға апарған.

– Ақтау ауруханасында өңешіме дереу операция жасалғанымен оқты денемнен ала
Нұрлыбек Нұрғалиевтің мойны мен иегіне тиген оқ ізі. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2012 ж.
Нұрлыбек Нұрғалиевтің мойны мен иегіне тиген оқ ізі. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2012 ж.
алмады, қашып кетті дейді. Түтік арқылы дем алып 10 күн жаттым, сөйлей алмаймын. Бірақ ойламаған жерден ауруханадан шығарып жіберді. «Оқты Жаңаөзенде алады» деп айтты. Ал жаңаөзендік дәрігерлер оқты алуға болмайды деп отыр, – дейді Нұрлыбек.

Оның айтуынша, дәрігерлер оны Ақтау ауруханасынан қаңтардың 5-інде шығарған.

ТЕРГЕУ

Ауруханадан шығысымен Нұрлыбек Нұрғалиев өзін бірден полицейлердің күтіп алып облыстық ішкі істер департаментіне апарып, 4-5 сағат шамасында жауап алғанын айтып берді.

– Менен «не көрдің, кім атты, өртегеннің ішінде барсың ба» деп сұрады. Ол сәтте жағдайым оңала қоймаған еді. Тергеуден кеш бата шығып Жаңаөзенге кіре берістегі постыға жеттім. Онда тағы полиция күтіп тұр екен. Қасымдағы күйеу балам екеумізді темір торлы «Газель» көлігіне салып алып кетті. Жаңаөзендегі сот ғимаратына әкеліп тергемекші болып еді, мен жауап беруден бас тарттым. Өйткені сөйлеуге әлім болған жоқ, – дейді жаралы азамат.

Нұрғалиевтің айтуынша, кейін оны тағы бір-екі мәрте қалалық прокуратураға жауап беруге шақырған. Бірақ оның денсаулығы жарамсыздығына көздері жеткен соң мазалауды доғарыпты.

ӨТЕМАҚЫ

Нұрлыбек Нұрғалиевтың әйелі Гүлжамал Нұрғалиева күйеуіне емделу үшін квота алуына көмектесуді сұрап Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарыбөпеевке де барыпты.

– Желтоқсанның 29-ы күні әкімшілікке арыз жазғанмын. Одан хабар болмаған соң қаңтардың 11-інде әкімге бардым. Оған жағдайымыз туралы айтып, дәрігерлер берген
Нұрлыбек Нұрғалиевтің денесінде қалған оқты рентген суреттен көруге болады. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2012 ж.
Нұрлыбек Нұрғалиевтің денесінде қалған оқты рентген суреттен көруге болады. Жаңаөзен, 12 қаңтар 2012 ж.
қағаздардың барлығын көрсеттім. Әкім «квота жағынан көмектесемін» деді. Жараланғандарға үкіметтен бөлінетін 500 мың теңге ақшаның да бізге тиесілі екен айтты, бірақ нақты қашан беретіні белгісіз, – дейді Гүлжамал Нұрғалиева.

Ал Нұрлыбек Нұрғалиевтің өзі оқ тигендерге беріледі деген ақшаға қол жеткізуге тырысатынын айтады.

– Анализ тапсырған соң қалай болса да барып осы оқты алдыртқым келеді. Бірақ оған квотасыз бара алмаймын, мүмкіндігіміздің неге жететіні әзір білмеймін, – дейді ол.

Үкіметтік комиссия «Жаңаөзендегі оқиғаларда қаза тапқандардың отбасыларына бір миллион теңге көлемінде, ал жараланғандардың отбасыларына жарты миллион теңге мөлшерінде өтемақы беріледі» деп уәде еткен еді.

Азаттық радиосының тілшісі зардап шеккен жаңаөзендіктер өтемақыны қалай алатынын білмек болып, Маңғыстау облысы әкімшілігіне хабарласты. Аты-жөнін айтқысы келмеген әкімшілік өкілі:

Нұрлыбек Нұрғалиевқа берілген медициналық анықтама қағазы. Жаңаөзен 15 қаңтар 2012 ж.
Нұрлыбек Нұрғалиевқа берілген медициналық анықтама қағазы. Жаңаөзен 15 қаңтар 2012 ж.
– Бас прокуратура тарапынан зардап шеккендердің толық тізімі бекітілмейінше өтемақы мәселесі шешілмейді, – деген жауап айтты.

Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков:
– Тізім бас прокуратураның ресми вебсайтында жарияланған, – деді.

Бас прокуратураның «2011 жылы желтоқсанның 16-сы мен 18-і аралығындағы жаппай тәртіпсіздіктер барысында зардап шегіп, Жаңаөзен қаласының орталық ауруханасына түскен азаматтар» деп аталатын тізімінде Нұрлыбек Нұрғалиевтің де аты-жөні жазылған.

«ҚАРУСЫЗ ЖАНДАРДЫ АТҚАНДАР ЖАУАП БЕРУІ КЕРЕК»

Азаттық тілшісіне берген сұқбатында Нұрлыбек Нұрғалиев адамдардың өлімі үшін жауапты полиция қызметкерлерінен сұрау керек деп санайтынын мәлімдеді.

– Полицияға қарсы оқ атылған жоқ ол жерде. Мылтық, пышақ тәрізді суық қарудан бізде
Нұрлыбек Нұрғалиев пен жары Гүлжамал. Жаңаөзен 15 қаңтар 2012 ж.
Нұрлыбек Нұрғалиев пен жары Гүлжамал. Жаңаөзен 15 қаңтар 2012 ж.
ештеңе болған емес. Полицияның бізді қалай атқылағанын өз көзіммен көрдім және оны қай жерде де айта аламын. Олардың барлығы әуелден дайындалғандары байқалады. Мұнайшылардың жазығы жоқ еді, – дейді Нұрлыбек Нұрғалиев.

Ол қазіргі уақытта қамаудағылар азап көріп жатыр деп ойлайтынын да айтты.

Азаттық тілшісімен әңгіме барысында Нұрлыбектің сөйлеуге шамасы жетпей қиналатыны байқалды. Оқ тесіп өткен өңештен шыққан ереуілшінің сөзі әзер естіледі. Ол тамағының құрғап, оқ тұрған жауырын жақ қолының ұйып, көтертпей жүргеніне шағымданды.

43 жастағы Нұрлыбек Нұрғалиевтің екі баласы бар. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін әйелі Гүлжамал Нұрғалиева күйеуін емдету үшін Алматы немесе Астанаға алып барғысы келетінін, бірақ ақшадан қиналып жатқандарын айтады.

Нұрғалиевтер отбасына көмектесемін деушілер төмендегі реквизиттер бойынша ақша жіберулеріне болады:

Қазақстан Халық банкі
IBAN KZ 2760 1000 2000 2143 36
Kz 3460 1546 3000 0012 79
РНН 4307 1900 4727

Карточка номері (
Қазақстан Халық банкі): 6762 0035 1037 9109

Шот иесі Гүлжамал Нұрғалиеваның телефоны: +7 701 143 7168
XS
SM
MD
LG