Азаттық радиосына Жаңаөзен қаласы әкімдігі алдына тұрғындардың жиналғанын сол жақта жүрген блогшы Дина Байділдаева телефон арқылы хабарлады. Оның айтуынша, әкімнің кеңсесі өтініш хатты қабылдап алған.
«ЖАҚЫНДАРЫҢ БОСТАНДЫҚҚА ЕШҚАШАН ШЫҚПАЙДЫ»
Байділдаеваның айтуынша, әкімдік алдына жиналған азаматтардың ұзын саны – жиырмаға жуық. Олар жақындарының «қуғындалып жатқанына» қарсылықтарын
осылайша білдірмек. Алайда полиция жасақтары мен ішкі әскер сарбаздары шұғыл келіп, әйелдер жиынын бақылауға алған. Олар, ата-аналардың айтуынша, «журналистерге интервью бермеңдер, әйтпесе жақындарың бостандыққа ешқашан шықпайды» деп ескерту жасаған.
«ТАРАП КЕТУ» ТУРАЛЫ КЕҢЕС
- 16 желтоқсан күні Жаңаөзенде болған төтенше жағдайларға байланысты жазықсыз жала жабылған азаматтарымызды шығару үшін ата-аналар болып келіп тұрмыз, - деді інісінің айыпталғанына наразы Нұрсия Бекболатова Азаттық тілшісіне.
Әйелдерді бақылауға келген полиция өкілдері оларға тарап кетуге кеңес берген.
Ақпанның 23-інде пикет өткізуге өтініш өткізген жаңаөзендік аналар қазір үйлеріне тарап кетті. Олар енді әкімдіктің жауабын күтеді.
2011 жылы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзен мен Шетпеде ереуілшілер мен полиция арасында қақтығыс болып, полицейлер атқан оқтан 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алды.
Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев 2012 жылы қаңтардың 25-і күні мемлекеттік телеарналар арқылы Жаңаөзен оқиғасы туралы мәлімдеме таратып, "Қазіргі кезге жаппай тәртіпсіздіктердің 6 (алты) ұйымдастырушысы – Сақтағанов, Жарылғасинов, Ирмуханов, Досмағамбетов, Өткелов және Төлетаева анықталып, оларға Қылмыстық кодекстің 241 (екі жүз қырық бірінші) бабының 1 (бірінші) бөлігі бойынша айып тағылып, қамауға алынды. Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздіктердің 23 (жиырма үш) белсенді қатысушысы және бүліншілік пен тонаушылық жасаған 11 (он бір) адам анықталып, қамауға алынған. Олардың басым бөлігі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғанын және қатысқандарын растады" деген болатын.
Ақпанның 9-ында Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарбөпеевтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Сарбөпеевтің орнына Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі Серікбай Тұрымов тағайындалды.
Жаңа әкімді Жаңаөзен қаласы мәслихатымен таныстыру рәсімінде Маңғыстау облысының әкімі Мұхамеджанов "көптеген адамдарға Жаңаөзен қаласының әкімі болу ұсынысы жасалғанын, тек Тұрымов қана келіскенін" айтты. Облыс әкімі Тұрымовқа "жұмыстың өте ауыр екенін, қордаланған мәселелерді «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнымен бірігіп шешу қажеттігін" ескерткен еді.