Accessibility links

Тұрғындар бұрынғы полицейдің әкім болмағанына наразы


Орал қаласы маңындағы ауылдардың бірі. Батыс Қазақстан. (Көрнекі сурет)
Орал қаласы маңындағы ауылдардың бірі. Батыс Қазақстан. (Көрнекі сурет)

Батыс Қазақстандағы «Новая жизнь» ауылының тұрғындары өздері ұсынған үміткердің әкім болмай қалғанына ренжіді. Ал сайлау комиссиясы мүшелері «сайлау әділ өтті» дейді.

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы 4 мыңға жуық халқы бар «Новая жизнь» ауылында 9 тамыз күні өткен сайлауда әкімдікке үміткер ретінде төрт адам қатысты.

Әу баста оның үшеуін – Қарлыға Әбілдиева, Сержан Шаманқұлов және Болатбек Тілегеновті Теректі ауданы әкімі ұсынған. Аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев бұл үш кандидатты ауыл тұрғындарына «мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар адамдар» деп таныстырған.

Бірақ тұрғындар «Шеттен ешкім керек емес. Біз осы ауылдың жігіті, көп жылдар учаскелік полицей болып, қазір демалысқа шыққан 45 жастағы Марат Гайнуллинді ұсынамыз» деп, оны төртінші үміткер ретінде тіркеткен.

«БАСЫМ ДАУЫСПЕН ЖЕҢДІ»

Теректі аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Вячеслав Мукашев төрт үміткердің бірі, аудан әкімі ұсынған 33 жастағы Болатбек Тілегенов «басым дауыспен жеңіске жеткенін» айтты.

– Бізде 15 селолық округтен 13 депутат сайлауға қатысты. «Новая жизнь» ауылы бойынша тіркелген төрт үміткердің бірі Болатбек Тілегенов сегіз дауыспен жеңді. Қарлыға Әбілдиева – екі, Сержан Шаманқұлов – ноль, Марат Гайнуллин үш дауысқа ие болды, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Вячеслав Мукашевтің сөзінше, сайлау «бақылаушылар мен ақпарат құралдарының қатысуымен өтті, ешқандай ескерту болған жоқ».

– Біз көп дауыс жинаған үміткерді тіркеу туралы аудандық сайлау комиссиясы атынан аудан әкіміне хаттама жібереміз. Соның негізінде аудан әкімі жеңіске жеткен үміткерді арнайы тексеріс аяқталғанша «әкім қызметін уақытша атқарушы» деп, қаулы шығарды. Үміткерге қатысты тексерісті ҰҚК жүргізеді, ол бір-екі ай жүруі мүмкін, – дейді комиссия өкілі.

«ЖАНЫ АШИТЫН ӨЗ АДАМЫМЫЗ КЕРЕК»

– Мен аң-таңмын. Анау әкім болып сайланған жас жігітті бізге алып келіп таныстырғанда «бізге қажетің жоқ» деп бетіне айтқанбыз. Сөйте тұра соны әкім етіпті. Демократия деген қайда? Халықтың «керек емес» дегеніне қарамастан соны сайлап отыр, – деді тамыздың 9-ы күні Азаттық тілшісіне ауыл қарттарының бірі Петр Выражеев.

Бұған дейінгі әкімдердің барлығы басқа жақта тұрғанын, бұл ауылға келіп-кетіп жұмыс істегенін есіне алған Петр Выражеев «ауылда жол, мектеп, ауыз су мен жұмыссыздық мәселесі өршіп тұрғанын» айтты.

– Қаладан жиырма-ақ шақырым жердеміз, бірақ қыста жол жабылып қалады.
Көктемде су басқан ауылдар. Батыс Қазақстан, Орал қаласы маңы, 11 сәуір 2011 жыл (Көрнекі сурет)
Көктемде су басқан ауылдар. Батыс Қазақстан, Орал қаласы маңы, 11 сәуір 2011 жыл (Көрнекі сурет)
Көктемде – батпақ. Ешкімге керегі жоқ жастарымыз жұмыссыз, араққа салынып жатыр. Сол үшін бізге жаны ашитын өз адамымыз қажет, – дейді зейнеткер Петр Выражеев.

«Новая жизнь» ауылының тағы бір тұрғыны Рашид Уразалиев та «келіп-кететін, кабинетте отыратын әкім емес, қолынан іс келетін нағыз шаруа адамы керек» екенін айтады.

– Ауылымызда тәртіп жоқ. Балабақша, жол деген атымен жоқ. Бос тұрған үйлердің өзі қиратылып, талан-таражға түсіп жатыр. Көшедегі жарықты қаладағы электриктер келіп қойып кетті, – дейді ол.

Рашид Уразалиевтың айтуынша, «Әкімдікке үміткер үшеу аудан әкімімен бірге келіп кеткеннен кейін төбе көрсеткен жоқ, ешқандай үгіт-насихат жүргізген жоқ. Ал Марат әрдайым жанымызда, түнде телефон шалсаң жауап беріп, көмекке келеді».

ЖЕҢГЕН ҮМІТКЕР МЕН ЖЕҢІЛГЕН ҮМІТКЕР

«Новая жизнь» ауылына тек аудан әкімімен бірге тұрғындармен танысуға барғанын, одан кейін бармағанын жаңадан сайланған әкімнің өзі де растады. Бұған дейін Теректі ауданы Подстепновск селолық округында әкімнің орынбасары болып қызмет еткен Болатбек Тілегенов «бірақ «Новая жизнь» ауылының проблемаларын білемін» дейді.
Мектептің суын жөндеу керек, клуб керек, ауылдың санитарлық тазалығы да бар.
Жаңа сайланған әкім Болатбек Тілегенов.

– Мектептің суын жөндеу керек, клуб керек, ауылдың санитарлық тазалығы да бар. Өткенде депутаттармен кездескенде сайлауалды бағдарламамды таныстырдым. Ал ауыл тұрғындарымен кездесуге барған жоқпын, шыны керек, – деді ол.

Ауыл тұрғындары ұсынған, бірақ депутаттардың дауысын ала алмаған үміткер Марат Гайнуллин жеңілісіне қынжылатынын айтты.

– Үлкен жоспарларымыз бар еді, бірақ... Қазір ауылдықтар хабарласып, «әкімге тіпті президентке хат жазайық» деп жатыр. Мен не деймін? Халықты көтеремін бе? Ол дұрыс емес, – дейді Марат Гайнуллин.

Ол өзін әкімдікке ұсынып, аудан әкіміне қарсы пікірін ашық білдірген ауыл тұрғындарының белсенділігіне таң қалғанын айтады.
Мен бұрын-соңды мұндайда көрген емеспін. Бұл халықтың алғашқы оянуы десе де болады. Аудан әкімі үш үміткерді таныстырғанда тұрғындар барлығына қарсы шықты.
Әкімдікке үміткер болған Марат Гайнуллин.

– Мен бұрын-соңды мұндайда көрген емеспін. Бұл халықтың алғашқы оянуы десе де болады. Аудан әкімі үш үміткерді таныстырғанда тұрғындар барлығына қарсы шықты. Әкім құлақ салуы керек еді, бірақ нәтижесінде «сендер ақылдастыңдар, мен шешім шығардымның» кері болды, – дейді Марат Гайнуллин.

Оның жақтасы, «Новая жизнь» ауылының тұрғыны Петр Выражеев «шеттен келген адам керек емес» екенін тағы айтып, «дүйсенбі күні әкім келгенде наразылығымызды білдіреміз» дейді.

Теректі аудандық сайлау комиссиясының өкілі Вячеслав Мукашевтың айтуынша, «сайлау нәтижесі қайта қаралмайды, керек болса тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі».

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң 2013 жылы маусым айының соңында күшіне енген.

Осыған байланысты шілденің 10-ы күні орталық сайлау комиссиясы (ОСК) тамыз айында өтетін ауыл және аудан әкімдерін сайлау барысы туралы хабарлаған еді. ОСК-ның айтуынша, ел бойынша барлығы 2457 әкім сайланады. Оның 47-сі – аудандық маңызы бар қалалардың, 2101-і – селолық округтердің, 119-ы – ауылдардың, 190-ы – селоның әкімдері.

Заңға сәйкес әкімдікке кандидаттарды аудан әкімі жергілікті тұрғындармен кеңесіп барып мәслихатқа ұсынады. Әкімдерді жергілікті аудан я қалалық мәслихат депутаттары сайлайды. Сайлау 5-9 тамыз аралығында өтті. Сайлау кампаниясы – әкімдерді сайлау мен оның нәтижесін шығару – бір айға дейін созылады.
XS
SM
MD
LG