Accessibility links

Автобустар сыналған сайын ескіріп барады


Аялдамада тұрған автобустар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Аялдамада тұрған автобустар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы әкімдігі тасымалдаушы компаниялардың көліктері жетіспейтінін айтады. Тасымалдаушы компаниялар «шығыны көп бағыттардан» бас тартуға мәжбүр.

Алматы тұрғыны Әлия Әбжетова күн сайын бірнеше автобусқа мінеді. Қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету сапасы мен автобустардың жағдайына ол кісінің көңілі толмайды. Әлия Әбжетова өзі мінетін автобустардың ескі екенін, үнемі лық толып тұратынын айтып налиды. Оның сөзінше, автобустарда ақы төлеу жүйесі де бір ретке түспеген.

- Кейбір автобустарда «валидатор» деген бар. Ұсақ ақшаң болмаса, «ұсатып беріңдерші» деп әуреленіп тұрғаның. Ал кондукторлары бар автобустар адам көбейген сайын дөрекілене түседі, - дейді ол.

Азаттық тілшісі сөйлескен бірқатар алматылықтар қалалық автобустардағы қызмет көрсету сапасы нашарлығын айтып шағынды. Қала тұрғындары көліктердің ескілігі, ақы төлеу жүйесінің ретсіздігі, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігі сияқты мәселелерді жиі айтады. Алматылықтардың сөзінше, автобустардан гөрі троллейбустардағы қызмет көрсету деңгейі жоғары.

ӘКІМДІКТІҢ ТАЛАБЫ

Алматы қаласында жолаушыларды автобуспен тасымалдаумен айналысатын 24 компания бар. Бірақ 21 бағыт бойынша Алматы қаласының әкімдігінің осымен екінші рет жариялаған байқауына бірде-бір компания қатыспай отыр. Әкімдіктің мәліметінше, бұлар – келісім-шарты аяқталған бағыттар, олардың арасында жаңадан ашылған бағыт жоқ.

Автобустағы жолаушылар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.
Автобустағы жолаушылар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.
Бірінші байқау шілденің 1-іне белгіленсе, екіншісі тамыздың 26-сына жоспарланған екен. Алматы қаласы әкімдігі байқауға ешкімнің қатысуға ынта білдірмеуін «жеке тасымалдаушы компанияларда автобус парктерінің жетіспеушілігінен» көреді.

Әкімдіктің ақпарат құралдарына таратқан баспасөз хабарламасында «Конкурсқа 10 және 9-бағыт бойынша 2 лот шығарылды. Алайда тасымалдаушы компанияларда осынша бағыттар бойынша қызмет көрсететін автопарк жетіспейтіндіктен конкурс болған жоқ» деп жазылған.

Алматы қаласы әкімдігі жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы Сәния Сәлімбаеваның Азаттыққа айтуынша, екі лотқа келісім-шарты біткен 21 бағыт қойылыпты.

- Конкурстың талаптарына келсек, бірінші лотта 26 көлік керек. Мейлі, жалға алынған болсын. Өзінікі болса тіпті жақсы, - дейді ол.

Маманның айтуынша, конкурс шарты бойынша әрбір тасымалдаушы компания әртүрлі көрсеткіштер бойынша балл жинайды. Автобустың жаңа-ескілігі, өндірістік базасының болуы, мүгедектерді тасымалдау мүмкіндігі сияқты шарттар есепке алынады.

Әкімдік өкілі бағытқа ие болатын компания табылғанша байқау жалғаса беретінін айтады.

АВТОПАРКТЕРДІҢ ШАҒЫМЫ

Байқау жарияланып өтпей қалған 21 бағыттың арасында қаладағы 5-бағыт бойынша жүретін автобус та бар. Бұл бағыт бойынша жолаушыларды өткен жылы 4-автопарк тасымалдап келген. Бірақ «әкімдік дотация төлемеген соң» автопарк иесі бағыттан бас тартыпты.

Автопарк директоры Базарбай Жүнісов. Алматы, 18 сәуір 2013 жыл.
Автопарк директоры Базарбай Жүнісов. Алматы, 18 сәуір 2013 жыл.
- Әкімшілік «шығынға толы бағыт болғандықтан» (өзін-өзі ақтамайтын бағыт – ред.) 2012 жылы дотация беруі тиіс болған. Оған жанармай сатып алатынбыз, балон сатып алатынбыз. Өткен жылы бір теңге де берген жоқ. «Ақша жоқ» деді, «перерасчет» деді. Әйтеуір неше түрлі себеп айтты. Сол үшін автобустарымыз бұзылып, бөлшектер ала алмай, тұрып қалды. Сол үшін одан бас тарттық. Қазір ол бағыт бойынша уақытша әкімшілікке тиесілі муниципалдық парк тасымалдап жатыр, - дейді автопарктің бас директоры Базарбай Жүнісов.

Ол өзінің қазіргі қызмет көрсетіп жатқан бағыттары бойынша автобустармен әрең қамтамасыз етіп отырғанындықтан конкурсқа өтініш бермегенін айтады.

- Өзімде жүз шақты автобус бар. Оның ең жаңасы – 2007 жылғы. Сондай 61 автобусым бар. Ал 2006 жылғы 35 шақты автобусым бар. Біртіндеп жаңартып жатырмыз, - дейді ол.

178-автобуспен жолаушылар тасымалдайтын «АвтоАлма транс» компаниясының атқарушы директоры Махмуд Ұзақбаев та Азаттыққа «артық автобустары жоқ» болғандықтан әкімдіктің биылғы конкурсына өтініш бере алмағанын айтады.
Ол ескірген паркін жаңарту үшін түрлі компаниялармен автобус сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.

Жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «Бату трэвел» компаниясына хабарласқанымызда «конкурсқа қойылған бағыттар сәйкес келмегендіктен қатыспадық» деген жауап алдық.

Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, қалада жекеменшік компаниялардан бөлек, 13 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын муниципалдық автобус паркі бар. «Алматы электротранс» ЖШС-іне қарасты парктің құрылтайшысы - Алматы қаласының әкімдігі.

ВИДЕО: Алматылықтардың қоғамдық көлік қызметі туралы пікірі
Алматыдағы қоғамдық көлік
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00
Жүктеп алу
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG