Accessibility links

Алматы халқы жолақының қымбаттағанына наразы


Алматы автобустарының бірі. Көрнекі сурет. 16 қазан 2011 жыл
Алматы автобустарының бірі. Көрнекі сурет. 16 қазан 2011 жыл
Шілденің 23-інен бастап Алматыда қоғамдық көліктегі жолақы бағасы 60 пайызға қымбаттап, 80 теңге болды. Жүргізушілер кейбір мұқтаж жұртты ескі бағамен тасып жүргенін айтады.

Автобус жүргізушісі Тұрғынбек Азаматұлының сөзінше, таңертеңнен бері көптеген жолаушылар жолақының қымбаттағанына наразы болып, шу көтерген. Жүргізуші бұған қоса автобус парк басшыларының күнделікті орындалуы тиіс жоспардың көлемін 50 пайызға қымбаттатқанын айтады.

– Бізге мұның түк пайдасы жоқ. Онымен бірге жоспарды да көтереді. 5-6 мың теңге қосады. Жолаушылардың кейбіреулері ақшам жоқ дейді. 50 теңгеден алып жүрміз, - деді ол Азатттық тілшісіне.

Қала маңындағы ауылда тұратын Тұраш Сейілбекова үйінен артық ақша алып шықпаған, қайтарда қалай қайтатынын ойлап уайымдайды.

– Біз Алматы облысынан қатынаймыз қалаға. Бүгін жолақы қымбаттайтынын мүлде ұмытып кетіппіз, - деді ол.
Абай ескерткішінің алдында тізіліп тұрған автобустар. Алматы. 24 наурыз. 2012 жыл.
Абай ескерткішінің алдында тізіліп тұрған автобустар. Алматы. 24 наурыз. 2012 жыл.

– Көп адамға қиын ғой. Өз басым бюджетте істеймін, Әрине, бізге қиын. Жалақымыз да көп емес, - дейді Алматы тұрғыны Айнұр Мақсатова.

Азаттық тілшісі әңгімелескен қала тұрғындарының басым бөлігі осылайша жолақының қымбаттауына наразы екенін, оның себебін білмейтінін айтып жатты. Редакциямызға хабарласып, біз арқылы автобус парктерінен мұның мән-жайын түсіндіріп беруді талап еткен оқырмандарымыз да болды.

АВТОПАРКТІҢ ШЫҒЫНДАРЫ

Алматы қаласындағы 4-автопарктің бас директоры Базарбай Юнусовтың айтуынша, жолақының қымбаттауына қосалқы бөлшектер мен жанар-жағар май бағасының шарықтауы себеп болған. Оның айтуынша, қалада шамамен 20 шақты ірілі-ұсақ автопарк болса, «олардың барлығының жағдайы өте қиын».

– Мен жанар майға 51 миллион теңге, дизель отынына - 16 миллион теңге, қосалқы бөлшектерге - 28 миллион теңге қарызбын. Компанияларға «әне-міне төлейміз» деп айтып жүрміз. Мысалы, бір автобус 50 теңге жолақымен бір күнде 100 литр жанар май жейтін болса, орта есеппен 9 мың теңге шығынға батады. Яғни, автобустардың алып келіп жатқан пайдасы өзін-өзі ақтамай тұр. Егер 50 теңгемен кететін болса, жақында мына шығып жүрген автобустар да шықпай қалады, - деді Базарбай Юнусов.
Автобус аялдамасында алтыбақан теуіп отырған бала. Алматы, 26 сәуір 2012 жыл.
Автобус аялдамасында алтыбақан теуіп отырған бала. Алматы, 26 сәуір 2012 жыл.

Оның айтуынша, пайда көрмей, шығынға батқан автопарктегі 163 автобустың 58-і қосалқы бөлшек жоқ болғандықтан қаңырап іске жарамсыз болып тұр. Егер 2008 жылы автобусқа керек бір турбинаның құны 17 мың теңге болса, қазір 57 мың теңгеге қымбаттаған.

– Сол сияқты бұрын жаңа автобустың құны 65 мың доллар болса, қазір 178 мың доллар болған. Мұндай автобусты қалай сатып аларымызды да білмейміз, - деді ол.

«АЛДЫН-АЛА ХАБАРЛАҒАНБЫЗ»

Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағы жолаушылар көлігі бөлімінің бастығы Шамжан Махаматов та бензин мен қосалқы бөлшектердің қымбаттығын алға тартады. Оның айтуынша, жолақы бағасы 2011 жылы қымбаттауы тиіс болған екен.

– Неге созылып кетті десеңіз, былтыр көлік заңнамасына біраз өзгерістер кіріп, соның салдарынан шамалы кешігіп қалдық, - дейді ол.

Оның айтуынша, одан бері жолақы мәселесі жергілікті мәслихат пен өзге де комиссияның «сүзгісінен өткен».

– Біз бұл мәселені жемқорлыққа сараптамадан өткіздік. Одан кейін әкімшіліктегі іскерлік кеңестен, сонымен бірге мәслихатта да талқыладық. Осыған келісті деген мәслихаттың шешімі бар. Содан кейін оны қаулы қып бекітіп, шілденің 10-і күні «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» газеттеріне шығардық. Шілденің 20-да күшіне енді. Бірақ Рамазан айына байланысты тасымалдаушылар оны үш күнге шегеріп, бүгіннен бастап енгізіп отыр, - деді ол.

Шенеунік ақпарат құралдарында жолақының қымбаттайтыны туралы көпке алдын-ала хабарланғанын жеткізді.

Дерек бойынша, қалада шамамен 20 шақты автобус паркі бар.

Алматыда соңғы рет жолақы 2008 жылы маусым айында қымбаттап, 50 теңгеге өскен еді.

Жолақының қымбаттауына байланысты пікірлерді мына жерден көре аласыз:
Жолақының қымбаттағанына қалай қарайсыз?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG