Татьяна Параскевич 2002 жылы Қазақстаннан қоныс аударып, Ресей азаматтығын алған. Ол Әблязовпен байланысты «Еуразия» инвестициялық-өнеркәсіптік топ» компаниясының қаржы-есеп басқармасын басқарған. Ресей мен Украинада Татьяна Параскевичті «Мұхтар Әблязовтың «қылмыстық тобымен» сыбайласып, қазақстандық «БТА банкінен» миллиондаған долларды жымқырған» деп айыптайды.
Параскевичтің жақтастары «Қазақстанның арнайы қызметімен сөз байласып алған Украина мен Ресейге берсе, Әблязовқа қарсы компромат алу үшін оны азаптайды» дейді. Параскевичті экстрадициялау туралы өтініш бойынша екіұшты шешімдер шығарған чех соттарында түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
ПАВЛОВ ПЕН КЕТЕБАЕВТЫҢ ІСІ
Экстрадициялауға қатысты іс бойынша шешімді Әблязовтың айналасындағы басқа адамдар да күтіп отыр. Мадрид түрмесінде отырған бұрынғы оққағары Александр Павловтың ісі бойынша шешім шығару қазанның 25-іне қалдырылған.
Испанияның жоғарғы сотының судьялар алқасы оппозициялық саясаткер Мұратбек Кетебаевтың ісі бойынша көбірек ақпарат сұратты. Ол Польшада 2011 жылдан бері тұрады. Қазақстан билігінің сұрауы бойынша биыл маусым айында ұсталып, кейін «қамауға негіз жоқ» деп босатылған Кетебаевты Әблязовтың жақын серігі деп атайды.
Қазақстанда Александр Павловқа «қаржылық алаяқтық жасады» деген және терроризм бойынша айыптар тағылған. Мұратбек Кетебаев «Қазақстандағы конституциялық құрылымды құлату мақсатын көздеген қылмыстық топтың мүшесі болған» деп айыпталады. Кетебаев, Павлов және Параскевичке қатысты жағдайларды бақылап отырған еуропалық «Ашық диалог» қоры» ҮЕҰ құқық қорғаушыларының айтуынша, бұл үш адамды Әблязовқа қарсы түсінік беруге мәжбүрлеу үшін қуғындайды.
Параскевич, Павлов және Кетебаевтың істерін еуропалық құқық қорғаушылар Қазақстан, Украина және Ресей сияқты елдердегі режимнің саяси қарсыластарын қуғындау мысалдары ретінде атайды. «Саяси эмигранттар пана табамыз деп барған Еуропада да өздерін қауіпсіз сезінбейді» деп мәлімдеген құқық қорғаушылар еуропалық елдердің билігін авторитарлық билікпен саудаласудан бас тартуға шақырады.
ЧЕХ СОТТАРЫНДА
Чехияға анасымен бірге емделуге келген Татьяна Параскевич 2012 жылдың мамыр айында Карловы Вары қаласында тұтқындалды. Ол «қаржылық қылмыс жасады» деген айып бойынша Украинада өзіне қатысты сот үкімі шыққанын сол кезде естігенін айтады. Оның адвокаттары мен туыстарының айтуынша, 2011 жылдың тамызында сырттай сот өткен. Татьяна Параскевичтің қызы Мария Азаттық тілшісіне «Сотқа тіпті мемлекеттік адвокат та қатыспапты. Сот болатынын да, анама іздеу жарияланғанын да білген жоқпыз. Шақыру қағазы да, хат та болған жоқ. Іздеу жарияланғанын Карловы Вары қаласындағы қонақ үйде тұтқындағанда бір-ақ білдік» дейді.
Чехияның Плзень қаласындағы өлкелік сот Татьяна Параскевичті Украинаға бермеу жөнінде екі мәрте шешім шығарды. Оны қамаудан босату туралы да қаулы шыққан. Бірақ Чехия прокуратурасы бұл шешімге қарсы жоғарғы сотқа шағымданып, Украинаның кепілдігін қабылдаған жоғарғы сот 2013 жылдың ақпанында «Параскевичті экстрадициялауға болады» деген қаулы қабылдады. Конституциялық сот «адвокаттың бұл шешімге қатысты берген шағымын негізсіз, бұл істе құқық бұзу фактілері жоқ» деп тапты. Бірақ Чехияның конституциялық соты Украина, Ресей және басқа да пост-советтік елдердің сот жүйесі мен пенитенциарлық жүйесінде кемшіліктер барын жоққа шығармайды. Оның шешімінде Украинаның бұрынғы премьері Юлия Тимошенконың ісі саяси қарсыластармен күресте қылмыстық қуғындау тәсілін асыра пайдалану мысалы ретінде көрсетіледі.
Параскевичтің адвокатының пікірінше, бұл істің саяси астары бар, сондықтан оны экстрадициялауға жол беруге болмайды.
– Бірақ сот «істе саяси астар жоқ» деп тапты, – дейді адвокат Марина Махиткова Азаттық тілшісіне.
Бұл істің саяси астары бар, сондықтан Параскевичті экстрадициялауға жол беруге болмайды.Адвокат
Адвокаттың «істің саяси астары бар» деген уәжін қараған Чехияның конституциялық соты «БТА банктің» «6 миллиард доллар жымқырды» деген талап арызы бойынша Әблязовтың ісі қаралған Лондондағы сот жөнінде ақпарат сұратты. Осы іс аясында Әблязов Англияда сотты құрметтемегені үшін 22 айға қамалған. Чехияның жоғарғы соты Әблязовты сотты менсінбейтін, соттан қашып, сотқа кедергі келтіре бастаған адам ретінде таныды. Осыған орай Чехияның конституциялық соты Мұхтар Әблязовпен байланыста болғаны Татьяна Параскевичке кесірін тигізеді деп есептейді.
Параскевич «қаржылық алаяқтық жасаған» деген айыптарды мойындамайды. Чехия жоғарғы сотының отырысында ол «мені Әблязовтың компаниясында жұмыс істегендіктен қуғындайды, оған қарсы әшкерелейтін ақпарат беруімді талап етіп отыр» деп мәлімдеді.
– Әблязов айналысқан шаруа түрлері көп болғандықтан, Қазақстан билігі Украина мен Ресей билігі өкілдерімен қылмыстық іс қозғау жөнінде келісіп алған. Бұл жерде Әблязовты алу үшін ғана емес, оның мүлкін тізімдеп, тәркілеу үшін де күрес жүріп жатыр, – деді Татьяна Параскевич экстрадиция туралы өткен тыңдау кезінде.
ҚОРҚЫТУ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕЛЕР
Татьяна Параскевичтің 22 жастағы қызы Мария Параскевич анасының ісіне саяси элитаның назарын аудару үшін Еуропада жүр. Ол Женева қаласындағы БҰҰ кездесулерінде, ЕҚЫҰ-ның Польшада өткен конференциясында сөз сөйлеп, еуропарламент депутаттарымен кездесті. Мария Ресей тергеушілерінің қорқыту-үркіту әрекеттері туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, ресейлік тергеуші Чехияда түрмеде отырған анасына келіп қоқан-лоқы жасаған, ескерту жасаған адвокатына айқайлаған. Ресей тергеушісінің биыл наурыз айында Плзень түрмесінде отырған Параскевичке келгені жайында чехиялық Lidovky.cz сайты жазды. Адвокат Марина Махиткова сайттың журналисіне орыс тергеушісі «егер Ресейде болсаң, түрмеге отырғызуға тырысар едім» деп ашық қоқан-лоққы жасағанын мәлімдеді.
Әблязов пен БТА
ӘБЛЯЗОВ ІСІ
2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.
2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.
2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.
2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.
2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.
2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.
2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.
2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.
2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.
2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.
Татьяна Параскевичтің туыстары қорқыту-үркіту әрекеттері жайында бұрын мәлімдемеген. «Қорыққаннан үндемедік, кімнен көмек сұрауды білмедік. Айтсақ, жағдайды ушықтырып аламыз ба деп қорықтық» дейді Азаттық тілшісіне Татьяна Параскевичтің анасы Мария Григорьева.
«Түрмеде уландырып өлтіреміз» деген қоқан-лоқы жасалғанын Татьяна Параскевичтің өзі де мәлімдеді.
САЯСИ БАСПАНА АЛУ ҮМІТІ
Чехия экстрадиция жөнінде әлі шешім шығарған жоқ. Параскевичтің адвокаттарының Татьяна Параскевичке саяси баспана беруді сұраған өтінішіне байланысты экстрадицияға қатысты шешімді қабылдау мерзімі ұзартылды.
Ал сотта Параскевичті экстардициялау туралы екінші өтініш қаралмақшы. Бұл жолы өтінішті Ресей берген. Ресей билігі бұл өтінішті биыл маусым айында жолдаған.
Татьяна Параскевичтің Плзень қаласындағы түрмеде отырғанына бір жарым жыл болды. Онымен айына екі мәрте жолығып тұратын туыстары «жүрегі дімкәс, жағдайы онша емес» дейді.
Мұхтар Әблязовқа өзі құрып басқарған «БТА банк» 2009 жылы мемлекет меншігіне өткен соң Астанада «алаяқтық жасады» деп айып тағылды. Ол «Қазақстанның автократ президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шыққаным үшін қуғындалып отырмын» деп есептейді. Украинаның экстрадициялау туралы өтініші бойынша тұтқындалған Әблязов биыл тамыз айынан бері Францияда қамауда. Қазақстан билігі де оның экстардициялануын қалағанымен, Қазақстан мен Францияның арасында іздеу жарияланғандарды алу-беру туралы келісім жоқ. Әблязовтың әйелі мен қызын биыл Римнен депортациялағаны үшін Италия үкіметі дауға қалып, «коррупцияға қатысы бар» деп айыпталған еді.