Палестиналық ХАМАС радикалдық тобы Газа секторында Израильмен жасаған уақытша бітімді созудан бас тартты деп хабарлайды Associated Press агенттігі. Бұған дейін Израиль үкіметінің ХАМАС тобымен жасасқан уақытша бітімді тағы төрт сағатқа созуға келіскені хабарланған еді. Бірақ сенбі күні 12 сағаттық бітім мерзімі аяқталған соң Газа секторынан Израиль аумағына қарай минометтен үш снаряд атылған.
Израиль мен ХАМАС арасындағы уақытша бітім ұрыс аймағынан жаралыларды алып шығу үшін жасалған болатын. 26 шілде күні АҚШ, Еуропа Одағы мен Таяу Шығыс елдері екі тарапты 12 сағаттық «гуманитарлық үзілісті» ары қарай жалғастыруға шақырған еді. Соңғы мәліметтер бойынша, Газа секторында қарулы қақтығыстар басталғалы бері мыңнан аса адам қаза тапқан, олардың көпшілігі – бейбіт тұрғындар. Осы мерзім ішінде Израиль жағынан 40 әскери қызметкер мен 2 бейбіт тұрғын мерт болған.
Сенбі күні Парижде Палестинаға қолдау білдіріп шеруге шыққандар мен полиция арасында қақтығыс болып, 50-ге жуық адам ұсталған деп хабарлады France-Presse агенттігі.
Израиль өз аумағын Газа секторынан зымыранмен атқылауға жауап ретінде 8 шілде күні «Қорғаныс шебі» әскери операциясын бастаған еді.