Accessibility links

Жыныстық азшылық өкілдерін «қылмыскерге» теңеді


Болашақ» жастар қозғалысы өкілдері гейлерге қарсы жиын өткізіп отыр. Алматы, 9 қыркүйек 2014 жыл.
Болашақ» жастар қозғалысы өкілдері гейлерге қарсы жиын өткізіп отыр. Алматы, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Бір топ азамат биліктен жыныстық азшылықты насихаттауға қарсы заң қабылдауды сұрады. Ал құқық қорғаушылар Қазақстанның гомофобиядан арылмауына Ресейдің ықпалы күшті дейді.

Қыркүйектің 11-і күні Алматыда «Болашақ» жастар қозғалысы өткізген гейлерге қарсы жиынның соңы дауға ұласып, жыныстық азшылық өкілдеріне қарсы тарап пен олардың құқығын қолдаушылар сөзге келіп қалды.

ДАУЛЫ ЖИЫН

«Болашақ» қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов жиын басында елде гомосексуализмді насихаттауға қарсы заң қабылдауды тездету қажеттігін мәлімдеді.

- Бұл ауру бізді құртуға бағытталғанын айтпаса да түсінікті. Екі еркек өзара махаббат құрса, кемінде екі отбасы отағасыз қалмақ. Еркектік тәрбиеден жұрдай қалсақ, ертеңгі күні отанды кім қорғамақ? - деді Дәурен Бабамұратов ақпарат құралдарына мәлімдемесін оқып тұрып.

Бұдан соң бірінен кейін бірі сөйлеген жиынға қатысушылар гомосексуализмді «ауру», «дерт» деп атап, оларға «әскери қызмет, мектеп пен балабақшаларда, мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салуға» шақырып жатты.

Молдовалық ЛГБТ белсендісін ұстап жатқан полиция. Көрнекі сурет.
Молдовалық ЛГБТ белсендісін ұстап жатқан полиция. Көрнекі сурет.

​Әнші, композитор Өктем Алтай әріптестерімен бірігіп, өнер саласында «гомосексуалдармен күресті бастап кеткенін» айтты. Жиынға қатысушылардың тағы бірі Елнұр Бейсенбаев гейлерді тіпті «қылмыскерлер» қатарына қосып жазалау керектігін айтқан кезде жиналғандардың бір бөлігі қол шапалақтады.

Жиынға келген жыныстық азшылық өкілдерінің құқықтарын қорғаушы азаматтар «ДДҰ-ның гомосексуализмді ауру емес деп дәлелдеп шыққанын» уәж ретінде айтып, гейлердің құқықтарын таптауға болмайтынын ескертті. Белсенді Жанар Секербаева белсенділерге бұдан гөрі жемқорлық пен жұмыссыздық сияқты «күйіп тұрған мәселелермен» шұғылдануға кеңес беріп, «гомофобия өрістеген Ресейдің ізін қумауға» шақырды.

- Сіздер Ресейдің жолымен жүріп келесіздер! Путин саясатын қолдап келесіздер! Қазақстан Ресейдің жолын қумау керек! Империалистік заңдарды қолдамауы керек. Біз ұлтпыз ба, ұлт емеспіз бе? - деп айғайлады жиынды өткізушілерге.

2013 жылғы жазда Ресей мемлекеттік думасы кәмелетке толмаған азаматтар арасында гомосексуализмді насихаттауға тыйым салу туралы заң қабылдаған болатын.

ВИДЕО: Гомосексуализмге қарсылар жиыны

"Гомосексуализмге қарсы заң" дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

«ҚЫСЫМ МЕН ҮРЕЙ»

Жыныстық азшылық өкілдерінің құқығын қорғаушы, азаматтық белсенді Анатолий Черноусов Қазақстанда жыныстық азшылық өкілдерінің қуғындау мен кемсітуге жиі ұшырайтынын айтады. Оның сөзінше, былтыр қазақстандық «Амулет» қоғамдық ұйымы осы мәселеге қатысты зерттеу жүргізіп, жергілікті гейлердің қатты қысым мен үрей жағдайында өмір сүріп отырғанын анықтаған.

- Бізге көптеген жантүршігерлік оқиғалар туралы деректер түсті. Бірінде кенеттен жасөспірімнің гомосексуал немесе бисексуал екені анықталған кезде ата-аналары балаларынан бас тартқан. «Корректуралық зорлық» оқиғалары да кездеседі. Қыздың лесби екенін айналасындағылар білген соң оны танитын бірнеше адам дәретханаға барған кезде күтіп алып зорлаған. Араша түспек болған күзетшіге оның «лесби екенін», сол үшін «сазайын беріп жатқанын» айтқан кезде әлгі адам: «А, дұрыс, пайдалы іс жасап жатыр екенсіңдер» деп қоя салған, - дейді Анатолий Черноусов.

Мәскеу полициясы ЛГБТ өкілін ұстап жатыр. Көрнекі сурет
Мәскеу полициясы ЛГБТ өкілін ұстап жатыр. Көрнекі сурет

Құқық қорғаушының айтуынша, «гей болғаны үшін жұмыстан қуылу» оқиғалары да кездеседі. Бұлайша зардап шегушілердің құқық қорғау органдарына шағымданып, өтініштері қабылданған жағдайлар өте сирек ұшырасады.

Қазақстан заңнамасында «жыныстық немесе гендерлік даралық» белгілері бойынша кемсітуге болмайтыны туралы нақты жазылмаған. Анатолий Черноусов сияқты белсенділердің пікірінше, осы жайт жыныстық азшылық өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларын көбейтіп, оларды қорғансыз дәрежеге жеткізген.

ЗАҢДЫ ҚОЛДАУШЫЛАР МЕН ҚАРСЫЛАР

Бірақ Қазақстан парламентінде жыныстық азшылықтардың құқығын қорғау емес, керісінше елде гомосексуализмді насихаттау мен оларға тыйым салу туралы бастама жиі көтеріледі. Сондай заң жобасын ұсынушылардың бірі, мәжіліс депутаты Алдан Смайыловтың айтуынша, «көптеген заңдарға өзгерістер енгізу қажет болғандықтан мұндай бастама әзірге тоқтап қалған». Депутат «Мұндай заң қабылданар болса, ЛГБТ өкілдерінің құқықтары тапталмай ма?» деген сұраққа:

- Егер қызың бір қызды жетектеп немесе ұлың бір ұлды жетектеп келіп «осыған қосыламын» десе, ата-ана ретінде менің құқығым қайда қалады? Бүкіл ұрпақты тәрбиелеп шыққан халықтың құқығы қайда қалады? – деп жауап берді.

Ресейлік ЛГБТ белсендісі "Мен - адаммын, пропаганда емеспін" деген плакат ұстап тұр. Санкт-Петербург, 14 ақпан 2013 жыл.
Ресейлік ЛГБТ белсендісі "Мен - адаммын, пропаганда емеспін" деген плакат ұстап тұр. Санкт-Петербург, 14 ақпан 2013 жыл.

Ал белсенді Анатолий Черноусовтың пікірінше, болашақта мұндай заң қабылданса, Қазақстан дискриминацияға жол беріп, даму жағынан артқа шегінеді.

- Біріншіден, ол басым көпшіліктің азшылыққа күш көрсетуіне шексіз өкілет береді. Ресейде мұндай заң қабылданған соң күш қолдану әрекеттері күрт көбейіп кеткен. Бұл құжатпен дәлелденген. Трансгендер мен гейлер мәселесімен психология, биология сияқты кез-келген ғылым айналыссын, тек мемлекет айналысатын шаруа емес. Бұл адамның ішкі өмірінің мәселелері, - дейді Анатолий Черноусов.

Жыныстық азшылық өкілдеріне қарсы заң қабылдау мәселесі тамыз айының соңында Алматыдағы «классиктер сүйісі» аталып кеткен даулы мәселеден кейін көтеріліп отыр. Бұған дейін Алматыда қазақтың дәстүрлі күйшісі Құрманғазы мен орыстың классик ақыны Пушкиннің «сүйісіп тұрғанын» бейнелейтін жарнама баннер пайда болып, мұның соңы қызу қоғамдық талқылау мен дауға ұласқан болатын.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG