Accessibility links

Ильинді бәсекелесі "машина" деп бағалады


Илья Ильиннің (ортада) ауыр атлетикадан төртінші мәрте әлем чемпионы атанып тұғырда тұрған сәті. Алматы. 15 қараша, 2014 жыл.
Илья Ильиннің (ортада) ауыр атлетикадан төртінші мәрте әлем чемпионы атанып тұғырда тұрған сәті. Алматы. 15 қараша, 2014 жыл.

Алматыда өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық Илья Ильин 105 килограмда алтын алып, төрт мәрте әлем чемпионы атанды

Илья Ильин жұлқа көтеру жаттығуында алдымен 183 килограмды еш қиындықсыз көтерді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Ал келесі екі мүмкіндігінде 187 және 190 килограмды еңсерді. Ильиннің осы көрсеткішпен жұлқа көтеруде үшінші нәтиже көрсетті.

Бұл жаттығуда 2013 жылғы әлем чемпионы өзбек Руслан Нуриддинов бірінші нәтиже көрсетті - 193 килограмм. Екінші нәтижені биылғы Азия ойындарының чемпионы қытайлық Янг Жетің еншісінде - 191 килограмм.

Илья Ильиннің ауыр атлетикадан төртінші мәрте әлем чемпионы атанар сәтіндегі жеңісі. Алматы. 15 қараша, 2014 жыл.
Илья Ильиннің ауыр атлетикадан төртінші мәрте әлем чемпионы атанар сәтіндегі жеңісі. Алматы. 15 қараша, 2014 жыл.

​Серпе көтеруде негізгі бәсеке Илья Ильин мен өзбекстандық Руслан Нуриддинов арасында өрбіді. Нуриддинов алғашқы мүмкіндігінде 220 килограмды алған. Ал Ильин 233 килограмды еңсерді. Екінші тапсырыста өзбекстандық спортшы 230 килограмды да көтерді. Ильин болса 239 килограмдық зілтемірді түсіріп алды. Нуриддинов үшінші мүмкіндігінде 239 килограмды да көтеріп, қоссайыс бойынша 432 килограммен бірінші орынға шыққан. Ал Ильин оны озып, чемпион болу үшін үшінші мүмкіндігінде 242 килограмды алу керек еді. Екінші мүмкіндігінде 239 килограмды ала алмаса да ол үшіншіде 242 килограмды көтеріп, қоссайыс бойынша 432 килограммен әлем чемпионы атанды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Нуриддинов та 432 килограмм көтергенімен оның салмағы Ильиннен 30 грамға артық болды. Ереже бойынша салмағы жеңіл спортшы жоғары орынға шығады.

Бұл салмақта қола жүлдені ресейлік Давид Беджанян иеленді - 427 килограмм.

Илья Ильин жеңістен кейін бірден телефонмен президент Нұрсұлтан Назарбаев құттықтағанын айтты.

"Жаттығуда серпе көтеруде 245 килограмды алып жүргенмін. Сондықтан серпе көтеруде сенімді болдым. Екінші мүмкіндігімде 239 килограмды ала бергенде техникалық қателік жіберіп қойдым. Ал 242 килограмды көтеру - үлкен жетістік. Бұл жетістігіммен тоқтап қалмаймын. Енді біраз демаламын. Лондонға барып үйреніп жүрген ағылшын тілін дамытып келемін. Сосын Рио-де-Жанейродағы олимпиадаға дайындықты бастаймын,-" деді Ильин жарыс соңында.

Жарыстан кейін Руслан Нуриддинов "Әлем чемпионаты алдында жарақатым болған. Бүгінгі нәтижемді жоғары деп бағалаймын. Нәтижеме қуаныштымын. Ильиннің аты - Ильин. Ол - машина ғой,-" деді.

Илья Ильин бұған дейін 2007, 2008, 2011 жылғы әлем чемпионаттарын ұтқан еді. Ол - 2008 жылғы Пекин, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы.

Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында бұған дейін Қазақстан спортшыларынан Зүлфия Чиншанло, Жасұлан Қыдырбаев - алтын, Жазира Жаппарқұл, Владимир Седов - күміс алған еді.

Алматыдағы ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионаты 16 қарашада аяқталады.

XS
SM
MD
LG