Accessibility links

«Жаңаөзен тұтқындарының» соңғылары бостандыққа шығады


Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталушылар. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталушылар. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотталған 13 адамның соңғы екеуі – бұрынғы мұнайшылар Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот шешімі шықты.

Ақтаудағы 1-қылмыстық соттың судьясы Аида Бұлақбаеваның Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаевты шартты түрде мерзімінен босату туралы шешім шығарғаны туралы ақпаратты оның хатшысы Хабиба Қаржау бүгін Азаттыққа растады. Егер сот шешіміне қарсы шағым берілмесе, ол 15 күннен кейін күшіне енбек.

НАУРЫЗБЕН ЖЕТКЕН ЖАҢАЛЫҚ

Жаңаөзенге Наурыз мерекесімен қатар жеткен бұл хабар сотталған адамдардың туған-туыстарын қатты қуантты.

Азаттық тілшісі сөйлескен Нарын Жарылғасыновтың анасы Сәнду Шырақбаева баласының келгеніне арнап құрбандық шалуға қой әзірлеп отырғанын айтты.

– Нарынды 2011 жылы желтоқсанның 19-ы күні алып кеткен. Біреуді ұрған жоқ, соққан жоқ, бірдемесін ұрлаған жоқ. Топырлатып атып-атып, апарып қамады. Ендігі бар тілеуім – бала-шағасының ортасына аман-есен оралса екен, - деді ол.

Баласының денсаулығы туралы айтудан тартынған қарт әйел «кеудесінде жаны келсе болды» деді.

Шешімді естігенде, әсіресе балалары қатты қуанды. 5-сыныпта оқитын қызымыз Жанел жылап жіберді

Қанат Жүсіпбаевтың әйелі Айно Дариябаева соттың қай күні болатынын нақты білмегенін айтты. Әйткенмен, Қанатты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға отбасы туралы анықтамаларды алдын ала жинапты.

– Сот отырысына қатысқан жоқпыз. Бірақ, шешімді естігенде, әсіресе балалары қатты қуанды. 5-сыныпта оқитын қызымыз Жанел жылап жіберді, - дейді Айно Дариябаева.

Ол күйеуінің денсаулығына да алаңдайды.

– Қанаттың бүйректері ауырады, Нарынның да бүйрегі аурып жүргенін естідім. Бастысы – аман-есен келсе болды, қалғанын емдеп аламыз ғой, - деді ол Азаттыққа.

«ЖАҢАӨЗЕН ТҰТҚЫНДАРЫ»

Бұрынғы мұнайшылар Қанат Жүсіпбаев пен Нарын Жарылғасынов былтыр наурыз айында Ақтаудағы қоныстану колониясына ауыстырылған.

Жүсіпбаев пен Жарылғасыновты 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысқан деп айыптап, 2012 жылы маусымда Ақтау облыстық соты әрқайсысын алты жыл мерзімге бас еркіндігінен айыруға үкім шығарған.

Жаңаөзендегі орталық алаңда ереуілге жиналған мұнайшылар мен олардың отбасылары. 10 шілде 2011 жыл.
Жаңаөзендегі орталық алаңда ереуілге жиналған мұнайшылар мен олардың отбасылары. 10 шілде 2011 жыл.

Бұл іс бойынша барлығы 37 адам жауапқа тартылып, олардың 13-і түрлі мерзімге түрмеге қамалған. Сотталғандардың бәрі өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Бұған дейін сотталған 13 адамның 11-і шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Олардың арасында белгілі белсенділер – жеті жылға сотталған Роза Төлетаева мен алты жылға бас бостандығынан айрылған Мақсат Досмағамбетов те бар.

Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов әділетсіз сотталған мұнайшылар өмірлерінің бір бөлігіне қоса денсаулығы мен жұмысынан да айрылғанын айтады. Жұмыс берушілермен арадағы еңбек дауынан туындағын мұнайшылардың ұзақ уақыт бойғы ереуіліне өзі куә болған белсенді сотталғандарды қылмыстық жазадан біржолата босату керек деп санайды.

«Шартты жазаны өтеуші ретінде оларды билік «теріс қылық» деп тапқан кез келген іс-әрекеті үшін қайтадан түрмеге тыға алады. Сондықтан олар, заңсыз сотталғандарын біле тұра, осы уақытқа дейін көп ештеңе айтпай келсе, енді мүлде үндемейтін болады» дейді Ғалым Ағелеуов.

Белсенді Жаңаөзен тұтқындарының соңғы екеуін мерзімінен бұрын президент сайлауы алдында қамаудан босатқан билік «бір оқпен екі қоян атып» қулық жасап отыр дейді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңаөзен қаласындағы жартысы өртенген жарнамасы. 19 желтоқсан 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңаөзен қаласындағы жартысы өртенген жарнамасы. 19 желтоқсан 2011 жыл.

«Бір жағынан, олар қайырымды, мейірімді болып көрінгісі келсе, екіншіден, мерзімінен бұрын қамаудан шығарған бұрынғы мұнайшылардың аузын жапқанына нық сенімді. Олар билік ереуілге шыққандардың бір бөлігіне оқ жаудырып, өлтіре алмаған тағы бір бөлігін түрмеге қамап, қалғандарын қорқытып-үркітіп тастағанын жақсы біледі. Бірақ бұл туралы олар енді айта алмайды. Егер олардың өздері айтпаса, ол туралы бізге - құқыққорғаушылар мен белсенділерге айту қиынға соғады» дейді Ғалым Ағелеуов.

2011 жылы желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында орталық алаңда еңбекақыны көбейтуді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ұзақ уақыт ереуілде тұрған мұнайшыларға полиция оқ жаудырған еді. Ресми деректер бойынша, 16 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған. Билік ереуілге қатысушыларды жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыптаған. Халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар Қазақстан билігін «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандарды түрмеден босатып, 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде болған оқиғаларға жан-жақты тергеу жүргізуге бірнеше мәрте шақырған.

XS
SM
MD
LG