Accessibility links

Мақсат Досмағамбетов үйіне оралды


Туған-туыс, дос-жаран, жерлестері түрмеден босап шыққан Мақсат Досмағамбетовті қарсы алып тұр. Жаңаөзен, 21 ақпан 2015 жыл.
Туған-туыс, дос-жаран, жерлестері түрмеден босап шыққан Мақсат Досмағамбетовті қарсы алып тұр. Жаңаөзен, 21 ақпан 2015 жыл.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты алты жылға сотталған ереуілшілер белсендісі Мақсат Досмағамбетов үй-ішімен қауышты. Ақпанның 21-і күні оны Жаңаөзенде қарсы алуға жүздеген адам келді.

Мақсат Досмағамбетовті мерзімінен бұрын қамаудан босату туралы Ақтау қалалық 1-қылмыстық сотының шешімі ақпанның 21-і күні заңды күшіне енді. Ақтаудан Мақсат Досмағамбетовты алып келуге онымен бірге жұмыс істеген мұнайшылар барған деп хабарлады Азаттыққа Жаңаөзен оқиғасы кезінде аяғынан оқ тиіп мүгедек болған Дүйсен Нұровтың жұбайы Шолпан.

Ол Мақсат Досмағамбетов тұратын Жаңаөзендегі көп қабатты үйдің бір подъезіндегі пәтерлер иелері үйлерін Мақсаттың отбасына құтты болсын айтып келген қонақтарды жайғастыру үшін арнайы босатқанын айтады.

Мақсат алдынан жүгіріп шыққан үш жарым жасар қызын көтеріп, бетінен сүйгенде жыламаған адам болған жоқ. Ол қыз Мақсатты түрмеге жапқанда 3 айлық нәресте еді

– Мақсатты қарсы алуға үлкен-кіші, дос-жаран, тума-туыс, бірге жұмыс істейтін мұнайшылар түгел жиналды. Адам өте көп – шамамен 300-ге тарта кісі болды. Оны шашу шашып қарсы алдық. Мен де арнайы апарып шашу шаштым, анасы Оңайгүл апа мен жұбайы Динаның басына ақ орамал байладым. Ондағым ендігі тек ақ жол болсын деген тілегім, - деді Шолпан Нұрова.

«Машинадан түскен Мақсат алдынан жүгіріп шыққан үш жарым жасар қызын көтеріп, бетінен сүйгенде жыламаған адам болған жоқ. Ол қыз Мақсатты түрмеге жапқанда 3 айлық нәресте болған» дейді Шолпан Нұрова.

Ол әуелде бұрынғы жарқылдаған Мақсат емес, түрме әбден күйзелтіп, денсаулығы титықтаған жанды көрген сәтте оны мүлдем танымай қалғанын айтты.

Мақсат Досмағамбетов операциядан соң ауруханада. Алматы, 3 шілде 2014 жыл.
Мақсат Досмағамбетов операциядан соң ауруханада. Алматы, 3 шілде 2014 жыл.

– Басы айналып, қарсы алған елмен кездесуге әзер шыдады. Ескі жараның аузын тырнауға ешкім тырыспады. Бәрі ұзағынан сүйіндірсін, бастысы аман-есен ортамызға оралдың деп арқасынан қақты, - дейді Шолпан Нұрова.

Азаттық тілшісі телефон арқылы сөйлескен Мақсаттың анасы Оңайгүл Досмағамбетовамен баласы түрмеден шығып үйге келетін күні ақсарбас айтып, құрбан шалғанын айтып берді.

– Қой сойып, садақа жасадық. Баламның денсаулығының әбден әлсіреген. Енді квота алуға тырысады. Соған қолы тезірек жетсе, Алматыға барып ем алуы керек, - дейді анасы.

Ол Мақсатқа демеу көрсету үшін Ақтаудан 2011 жылы ереуілге шыққан «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы мұнайшылары да арнайы келгенін айтты.

Баламның денсаулығының әбден әлсіреген. Енді квота алуға тырысады

Үш баланың әкесі Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзен ісі бойынша жауапқа тартылған 37 адамның бірі. 2012 жылы ол «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген айыппен алты жылға бас бостандығынан айрылған. Оның жаза мерзімі 2017 жылы аяқталуы тиіс еді.

Былтыр шілдеде Ақтаудағы түрмеден Алматыға жеткізіліп, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Мақсат Досмағамбетовке операция жасалып, бет сүйегінің жартысын, мұрын шеміршегін алып тастаған.

Ақпанның 5-сі күні Ақтау қалалық 1-соты оны шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруға шешім шығарған.

Жаңаөзендегі оқиғасында оқ тиіп жараланған Қайрат Досмағамбетов пен анасы Оңайгүл Досмағамбетова Алматы ауруханасында. 17 қазан 2013 жыл.
Жаңаөзендегі оқиғасында оқ тиіп жараланған Қайрат Досмағамбетов пен анасы Оңайгүл Досмағамбетова Алматы ауруханасында. 17 қазан 2013 жыл.

Мақсаттың інісі Қайрат Досмағамбетов 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиға кезінде оқ тиіп жараланып, мүгедек болып қалған. Анасы Оңайгүл Досмағамбетованың айтуынша, Қайратқа әлі бірнеше рет күрделі операция жасалуы керек.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында қарулы полиция осы елді мекендегі орталық алаңда еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға оқ атты. Ресми дерек бойынша, 16 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталған. 2012 жылы маусымда олардың 13-і үш және жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Сотталған 13 адамның барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған. Сол 13 адамның 11-і қазір бостандықта. Олар – Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов, Роза Төлетаева және Мақсат Досмағамбетов.

«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың екеуі – Нарын Жарылғасынов пен Қанат Жүсіпбаевтың жаза мерзімі әлі аяқталған жоқ.

XS
SM
MD
LG