Accessibility links

Әсем Кенжебаеваның өмірі мен 24 жасындағы қазасы


Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем Кенжебаеваның ұлы Әнуармен түскен суреті. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.
Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем Кенжебаеваның ұлы Әнуармен түскен суреті. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылы, 14 ақпан 2012 жыл.

2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде абақтыдағы соққыдан қаза тапқан Маңғыстау облысы Қызылсай ауылы тұрғыны Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсем Кенжебаева ауыр науқастан 24 жасында қайтыс болды. Әсем полицияны «әкемді де, өзімді де азаптады» деп айыптаған еді.

Әсем Кенжебаева желтоқсанның 13-і күні Алматы ауруханасында қайтыс болды. Ол 2011 жылдың желтоқсанында мәскеулік «Новая газеті» басылымының тілшісі Елена Костюченкоға әкесі Базарбай Кенжебаевтың Жаңаөзен қаласындағы тергеу абақтысындағы азаптаудан алған ауыр жарақатынан қайтыс болғанын айтқан әрі қазасынан екі күн бұрын әкесін журналистке көрсеткен. Осыдан соң оның әкесінің қайғылы қазасы халықаралық құқық қорғау ұйымдарына белгілі болған.

Реанимация бөлімінде жатқан Базарбай Кенжебаев. Жаңаөзен, 2011 жылдың желтоқсаны.
Реанимация бөлімінде жатқан Базарбай Кенжебаев. Жаңаөзен, 2011 жылдың желтоқсаны.

Өзге де ондаған бейбіт тұрғындар сияқты Әсемнің әкесінде көшеден ұстап әкеткен. Жаңаөзен оқиғалары кезінде шерушілерге қарсы атыс қаруы қолданылғаны әрі полицияның тұрғындарды жаппай тұтқындап, азаптағаны туралы ақпараттар жария болды. Билік мұның бәрін терістейді.

Биыл қараша айында Қазақстанның ресми делегациясы БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде есеп берген кезде БҰҰ сарапшысы Фелис Гаер 50 жастағы Базарбай Кенжебаев 2011 жылы желтоқсанның 21-і күні азаптауға ұшырап, қайтыс болды деп мәлімдеген. Ол БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэйдің Қазақстанды Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз тексеру жүргізуге шақырғанын ескертіп, астаналық шенеуніктерден бұл ұсыныстардың қалай орындалып жатқанын сұраған.

Базарбай Кенжебаевтың қазасына қатысты жайттар халықаралық қауымдастыққа 2011 жылдың желтоқсанында белгілі болып үлгерген еді. Азаматтық белсенділер «ол 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні полиция мұнайшы шерушілерге қарсы қару қолданғаннан кейін, Жаңаөзен қаласындағы тергеу абақтысында соққыға жығылып, ауыр дене жарақатынан қаза тапты» деп мәлімдеген. Ресми дерек бойынша, ол кезде 16 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жараланған. Бас прокуратура әуелі қоғамды Базарбай Кенжебаев «өз ажалынан өлді, ол соққыға жығылғаннан кейін барып полиция бөліміне түскен» деген уәжге сендіргісі келген.

Бірақ Әсем Кенжебаева «биліктің қысымына қарамастан, әкемнің қазасына полицейлер кінәлі деген позициямнан танбаймын» деп мәлімдеп, оның өліміне қатысты жайттарды толық тексеріп, кінәлілерді жазалауды талап еткен. Кезінде бұл жайында БАҚ көп жазды. Бұдан кейін прокуратура позициясын өзгертіп, «Базарбай Кенжебаевқа тиісті медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етпеді» деген айыппен Жаңаөзен оқиғасы кезінде тергеу абақтысы бастығының міндетін атқарған жас лейтенант Жеңісбек Теміров сотталған.

Базарбай Кенжебаевтың полиция бөлімінен келгендегі қанға бөккен жейдесі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. Фотоны «Новая газета» тілшісі Елена Костюченко түсірген.
Базарбай Кенжебаевтың полиция бөлімінен келгендегі қанға бөккен жейдесі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл. Фотоны «Новая газета» тілшісі Елена Костюченко түсірген.

Теміровқа қарсы іс сотқа жетіп, Кенжебаева «әкем азаптау құрбаны болды» деп дәлелдеуге тырысқанымен, оны «қызмет өкілетін асыра пайдаланған» деген айыппен түрмеге кесті. Ол кезде Әсем Кенжебаева Азаттыққа «марқұмның отбасы тергеу абақтысы бастығын ғана емес, әкесін соққыға жыққандар да табылып, жазалануы тиіс деп санайтынын» айтқан. Жазасының белгілі бір бөлігін өтегеннен кейін Жеңісбек Теміров жуырда түрмеден босатылды.

Осы қарбаласта Әсем Кенжебаеваның өз тағдыры мен денсаулығы көлеңкеде қалып қойған сияқты. Бірақ Әсем «2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні жоғалып кеткен әкемды іздеуге шығып, өзім де әлгі тергеу абақтысына тап болып, әрі азаптауға ұшырадым» деп шағымданған еді. 2012 жылы ақпанның 14-і күні Жаңаөзен іргесіндегі Қызылсай ауылында Азаттық тілшісімен әңгімелескен Әсем Кенжебаева «әлгі соққылардан кейін бүйрегім әлі ауырады, бірақ үйдегі жалғыз асыраушы болғандықтан, жұмыс істеуге мәжбүрмін» деген.

Әсем Кенжебаева әкесі Базарбай Кенжебаевтың қазасына қатысты сотта отыр. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.
Әсем Кенжебаева әкесі Базарбай Кенжебаевтың қазасына қатысты сотта отыр. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.

Кенжебаевтар отбасының адвокаты Шамин Базаров Азаттық тілшісіне Әсем Алматы қаласындағы ауруханада қайтыс болғанын, оның ол ауруханаға осы аптада жеткізілгенін хабарлады. Соңғы кезде ол «Өзенмұнайгаз» компаниясына жұмысқа орналасқан. Қазір компания менмарқұмның күйеуі Амандық мәйітті Жаңаөзенге жеткізіп, жерлеуді ұйымдастыру қамымен айналысып жатыр. Адвокаттың айтуынша, Әсем «өкпе дерті мен менингитке шалдыққан» деген болжам айтылған. Бірақ нақты себебі желтоқсанның 15-іне белгіленген мәйітті ашып, тексеру кезінде анықталуы тиіс.

Әсем Кенжебаеваның Жаңаөзен оқиғасының үш жылдығы қарсаңында қайтыс болуы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Жазба авторлары екі жыл бұрын оның анасы Тілектес Кематбаеваның да қайтыс болғанын еске алады. Ол да ауыр науқас болған. Әсемнің артында Ануар есімді бес жасар ұлы қалды.

Азаттық мұрағатында Жаңаөзен оқиғасынан кейін көп ұзамай түсірілген Әсем Кенжебаеваның айтқандары жазылған видео бар. Видео 2012 жылдың 14 ақпанында Жаңаөзен түбіндегі Қызылсай ауылында тұратын әке-шешесінің үйінде түсірілген.

Әсем Кенжебаеваның 2012 жылғы сұхбаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG