Accessibility links

Азамат Тәжаяқов 3 жыл 6 айға сотталды


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев және Джохар Царнаевтардың Бостондағы жарылысқа дейін.
Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев және Джохар Царнаевтардың Бостондағы жарылысқа дейін.

Бостондағы 2013 жылғы жарылыстың басты күдіктісі Джохар Царнаевтың қылмысына байланысты айыпталған қазақстандық азамат Азамат Тәжаяқов 3 жыл 6 айға сотталды.

"Бостондықтардан істеген ісіме кешірім сұраймын. Өткенді өзгертуге шамам жетпесін білемін, бірақ ол ісіме өкінемін. Джохардың жасағаны жаныма батады. Мен экстремизмді қолдамаймын" деді Азамат Тәжаяқов соттағы соңғы сөзінде.

Джохар Царнаевтың Дартмут университетінде бірге оқыған достары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев (қазір екеуі де 21 жаста) Бостондағы оқиғадан кейін іле-шала ұсталып, 2013 жылдың сәуірінен бері қамауда отырған. АҚШ тергеу орындары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев "жарылыстан кейін Джохар Царнаевтың пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугін оның жатақханадағы бөлмесінен алып шығып, қылмысқа айғақ заттардан құтылған" деп мәлімдеген.​

Диас Қадырбаев жуықта 6 жыл түрме жазасына, ал Джохар Царнаев өлім жазасына кесілген.

2013 жылы сәуірдің 15-і күні ​Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 170-тен астам адам жараланған еді. Арада бірнеше күн өткесін полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдіктіге айналған ағайынды Тамерлан (26 жаста болған) мен Джохар Царнаевтардың ізіне түскен еді. Бостон полициясының мәліметі бойынша, Тамерлан сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан, ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен.

XS
SM
MD
LG