1996 жылғы маусымның 30-ы күні Алматыдағы наразылық акциясының өтуіне үкіметтің жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін бөлінетін бюджеттік дотациялардың бәрін бір мезгілде кесіп тастауы түрткі болған. Мыңдаған алматылықтың наразылығынан сескенген билік шешімін кейінге қалдырғанымен тариф бағасын біртіндеп, сатылап өсіре берген.
Азаттық тілшісі 19 жыл бұрынғы наразылық акциясын ұйымдастырушы «Қазақстан жұмысшылар қозғалысының» жетекшісі Мәдел Исмаиловпен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын сұрады.
Азаттық: - Жылу мен электр қуатының қымбаттауына қарсы Алматыдағы наразылық акциясына қанша адам қатысқан еді?
Мәдел Исмаилов: - Сол қарсылық Қазақстандағы ірі наразылық акциясы болды. Шетелдік ақпарат құралдары «10 мың адам қатысты» деп жариялады. Бірақ ресми билік «2 мың адам қатысты» деп хабарлады. Қалай болғанда қазіргі ескі алаң (Алматыдағы Астана алаңы – ред.) наразылық акциясына келгендерге лық толды.
Азаттық: - Наразылық акциясының негізгі ұйымдастырушылары кімдер еді?
Мәдел Исмаилов: - Наразылық акциясы өздігінен бола қалған жоқ. «Жұмысшылар қозғалысы» қоғамдық ұйымының қарапайым мүшелері ұйымдастырды. Мен сол ұйымның төрағасы едім, кәсібім экскаваторшы болатын. Екі апта бойы автобустарға, троллейбустарға мініп, халықпен сөйлесіп, жағдайды түсіндірдік. Оның үстіне көшедегі хабарландыру тақталарына халықты наразылық акциясына белсенді қатысуға шақырдық. Қазіргі кезде бұлайша ашық үгіт-насихат жасадық дегенге, бәлкім көп адам сенбейтін де шығар.
Азаттық: - Митинг қанша уақытқа созылды?
Халық алдына тек жалғыз әйел депутат қана шықты. Жиналғандар оған сол үшін де ризашылығын білдірді. Халық өзге біраз депутаттың терезеден қарап тұрғанын көрді.
Мәдел Исмаилов: - Митинг 3-4 сағатта тарады. Бірақ жиналғандардың екпіні күшті болды. Алматы қалалық әкімдігі милиция қорғауында болғанына қарамастан күшпен басып кірмекші болғандар да кездесті. Қолымдағы мегафонмен айғайлап, өтініп жүріп, зорға тоқтаттым. Қан төгілмесін дедім. Қалалық әкімдік сол кезде Абылай хан мен Әйтеке би көшелерінің қиылысында еді. Халық қала әкімі Шалбай Құлмахановтың шығуын талап етті. Ол көпке дейін шықпай, зорға келісті. Халық алдына шыққанда қатты сескенгені байқалды.
Азаттық: - Ол кездегі парламент те Алматыда емес пе еді?
Мәдел Исмайылов: - Ескі алаңға толған халық парламент депутаттарын да шақырды. Халық алдына тек жалғыз әйел депутат қана шықты. Жиналғандар оған сол үшін де ризашылығын білдірді. Халық өзге біраз депутаттың терезеден қарап тұрғанын көрді.
Азаттық: - Құқық қорғау органдары күшпен таратуға әрекет жасады ма?
Мәдел Исмаилов: - Күшпен таратуға тырыспады. Оның үстіне митингіге шыққандар тарапынан да құқық қорғау органдарына қарсы агрессия болған жоқ. Қайта халыққа қатты қысым жасамағаны үшін «милицияға рақмет» деп айғайлап, алғысын білдірді. Сол кездегі құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін таныстарымыз «әлдеқандай жағдай үшін сегіз мыңға жуық милиция қызметкерін дайындап қойғанын» айтты. Біздің қарамыз өте көп еді. Сондықтан тиісуге бата алмады деп ойлаймын. Егер мыңға жетер-жетпес адам жиналсақ, күшпен таратуы да мүмкін еді.
Азаттық: - Наразылық акциясына шыққандар талабын орындатты ма?
Мәдел Исмаилов: - Әрине. Ол кезде [билік] жылу мен электр қуатына белгіленген тарифті бұрынғы қалпында қалдыруға келісті. Сөйтіп біз мақсатымызға жеткендей болдық. Бірақ кейін [тарифтер] біртіндеп көтерілді бәрібір. Алматы қаласының әкімі Шалбай Құлмаханов сәл кейінірек қызметінен алынып, орнына энергетика және табиғи ресурстар министрі Виктор Храпунов тағайындалды. Билік [Храпунов] энергетика мәселесін жетік біледі деп есептеген болуы керек.
Азаттық: - Наразылық акциясынан кейін ұйымдастырушыларға қысым жасалды ма?
1993 жылы республикалық жұмысшылар қозғалысын құрғанбыз. Кейін түрлі қудалау, арандатулардан кейін бұл ұйым тарап кетті.
Мәдел Исмаилов: - Наразылық акциясы тек Алматыда емес республиканың барлық қалаларында да жалғасты. Біздің есебіміз бойынша тамыз айына дейінгі аралықта ірілі-ұсақты 160-қа жуық митинг болды. Оны ұйымдастырушылардың бәрі әкімшілік жазаға тартылып, он бес күнге қамалды. Алматыдағы «Жұмысшылар қозғалысының» жетекшісі ретінде мені де ұстады. Бірақ жиын үстінде ұстауға батпады. 3-4 күнге дейін үйге бармай қашып жүрдім. Бәрібір ұстап, он бес күндікке қамады. Менен басқа да бірнеше адам он бес күнге қамалды. Он бесінші күн болғанда мен аштық жарияладым. Наразылық акциясын жеке өзім жалғастырғаным үшін әрі қарай төрт жарым ай түрмеде отырдым. Содан соң сот мені қара жұмысқа салу жөнінде шешім шығарды. Бірақ мен қара жұмыс істеуден де бас тарттым, сөйтіп әрі қарай қамауда болдым. Көп ұзамай абақтыдан шыққаныммен 1997 жылдың бас кезінде «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысына тіл тигізді» деген айыппен тағы қамады. Мен бұл кезде оппозициялық саясаткерлермен бірге әрекет ете бастаған едім. Бір ай түрмеге отырғызған соң Қазақстан президенті маған рақымшылық жасады. Мен ондай рақымшылық қабылдаудан бас тартып, тағы 6 ай түрмеде отырдым.
Азаттық: - Екінші рет қамалуыңыздың бұрын ұйымдастырған наразылық акциясына қатысы бар ма?
Мәдел Исмаилов: - Халықты жұмылдыра алатын «Жұмысшылар қозғалысы» әрине биліктің қолайына жаққан жоқ. Сол себепті мен секілді жетекшілерін түрлі жолдармен қудалады. 1993 жылы өзіммен пікірлес адамдар бірігіп, өз қалтамыздан қаражат шығарып, Қазақстанды аралап шықтық. Сөйтіп республикалық жұмысшылар қозғалысын құрғанбыз. Кейін түрлі қудалау, арандатулардан кейін бұл ұйым тарап кетті. Қазір азғантай ғана зейнеткер маусымның 30-ында, яғни 1996 жылы наразылық акциясы өткен күні Алматы қаласының әкімдігіне немесе «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне барып, жылу мен электр энергиясы туралы үндеу жасауды дәстүрге айналдырғанбыз. Басқа белсенділік қалған жоқ.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.