Алматы соты 22 қаңтарда «алауыздық тудырды» деген айыппен екі жылға соттаған азаматтық белсенді,Серікжан Мәмбеталин ешқайда кетпеу туралы қолхат беріп, қамаудан босап шықты деп хабарлады бүгін Азаттыққа оның адвокаты Ермұрат Мұқанов. Адвокаттың сөзінше, Алмалы ауданының судьясы Марал Жарылғасова сенбі, 30 қаңтар күні Мәмбеталинге қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы белсендінің өтінішін қанағаттандырып, ол сол күні бостандыққа шыққан.
Мәмбеталин қамау абақтысынан өзінің Facebook парақшасында «қателік жасағанын мойындап», қоғамдық-саяси қызметпен айналысуды доғарғаны туралы үндеу жарияланған күннің ертеңінде босаған.
– Мәмбеталин апелляциялық сот отырысы өткенге дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды, - деді адвокат.
Мәмбеталиннің қамалғанға дейін қосулы тұрған ұялы телефон нөмірі қазір өшіп тұр. Бүгін таңертең Мәмбеталиннің Facebook парақшасында белсендінің үйінде екені туралы пост жарияланды.
Азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев қазанның ортасында авторы Мұрат Телібеков делінген даулы «Ветер с улицы» кітабының үзіндісін әлеуметтік желіде көшіріп басқаны үшін Алматыда тергеу абақтысына қамалған.
Серікжан Мәмбеталин және онымен бірге сотталған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев сот процесі кезінде өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеп, істеріне өкінбейтіндерін айтқан. Мәмбеталин соттағы соңғы сөзінде туыстарынан «бейнет көрсетіп, бәлкім, болашағына нұқсан келтіргені үшін» кешірім сұраған. Ол өзіне қарсы істің саяси астары барын айтып, билік өзін парламент сайлауына жібермеу үшін осындай амалға барып отыр деп мәлімдеген. Нарымбаев сотта 18 қаңтарда аштық жариялаған. Адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, ол аштықты әлі күнге дейін жалғастырып жатыр.
29 қаңтарда Серікжан Мәмбеталиннің Facebook парақшасында оның көпшілікке арналған үндеуі шықты. Онда белсенді «қателік жасағанын мойындайтынын», «бірақ қылмысты әдейі жасамағанын» айтқан.
Оқыңыз: Мәмбеталиннің «айыбын мойындаған үндеуі» шықты
Мәмбеталин мен Нарымбаев қазанның ортасында авторы Мұрат Телібеков делінген даулы «Ветер с улицы» кітабының үзіндісін әлеуметтік желіде көшіріп басқаны үшін Алматыда тергеу абақтысына қамалған.
Полицияға анонимді түрде қоңырау шалған адамның арызы бойынша басталған тергеу байламы бойынша, белсенділер «жаулық тудыру» үшін даулы кітап үзінділерін «алдын ала сөз байласып» ілген. Сот кезінде куәгер ретінде жауап берген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеушісі Алексей Чапурин Мәмбеталин мен Нарымбаевтың іс-әрекетінде «сөз байласу» болғанын дәлелдей алмағанын айтқан.
22 қаңтарда Алмалы аудандық соты Серікжан Мәмбеталинді екі жылға, Ермек Нарымбаевты – үш жылға соттаған. Судья үкімді оқыған кезде сотталушылардың «айыптарын мойындамағанын» және «қылмыстарына өкінбегенін» атап өткен. Сот белсенділерді үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда отыруға шешім шығарған. Судья бұған қоса белсенділерге бес жылға дейін қоғамдық істермен айналысуына тыйым салған.
Оқыңыз: Мәмбеталин мен Нарымбаевқа түрме жазасы кесілді
Серікжан Мәмбеталин 2010 жылы парламент депутаты болу мүмкіндігін иелену үшін президентшіл «Руханият» партиясын басқаруға тырысқан. Бірақ кейін партия төрағасы қызметінен аластатылған соң, ол билікті сынаушыға айналды.
Құқық қорғау ұйымдары Астананы белсенділерді билікті сынағаны үшін тұтқындап, түрмеге жабу әрекетін тоқтатуға шақырған.