Онкологиялық диспансерде тіркеуде тұрған 46 жастағы Ділбәр Құттыбай – алты баланың анасы, оның бесеуі кәмелетке толмаған. Арыс ауданы Дермене ауылдық округінде тұрған отбасының Шымкентке көшіп келгеніне үш жыл болған. Тозған аядай тамды паналаған отбасыны жоқшылық діңкелеткен.
- Күйеуім төрт жыл бұрын жүрегі ұстап қайтыс болды. Ол қайтыс болған соң інісі өзім тұрам деп, бізді үйден шығарды. Баспанасыз қалғаннан соң күн көруге Шымкентке келдік. Асыраушысы жоқ балаларға берілетін 46 мың теңге мен «күміс алқаның» 12 мың теңгесі жетпейді. Үйді айына 5 мың теңгеге жалдап отырмыз. 20 мың теңгенің пәтерін жалдауға шамам жоқ, - дейді ол.
«АЙ СОҢЫНА ДЕЙІН АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖЕТПЕЙ ҚАЛАДЫ»
Батпақ ауладағы баспананы үй деп айтуға келмейді, іші-сыртының сылақтары түсіп жатыр, қораға ұқсайды. Азаттық тілшісі үй жанында ойнап жүрген үш-төрт ойын баласын байқады. Балалардың сырт келбетінен жұпыны тіршіліктің ауыр табы байқалады. Үйде жиһаз жоқ, көрпе-жастық бұрышқа үйілген, еденде тозығы жеткен кілем жатыр. Ділбәрді жаққан оты мұржадан лаулайтын жаман пеш қинайды. Ол жылуы аз пешті «күніне үш-төрт рет жағып әуре болатынын» айтты. Жарықты жақында өшіріп кеткен.
ВИДЕО: Көпбалалы ана Ділбәр Құттыбайдың жалдамалы үйі
- Екі күннің бірінде мұржадан өрт шығады. Шулап жүріп өзіміз өшіріп аламыз да, қайта сылаймыз. Ал жарық пен суды неге өшіріп кеткенін білмеймін, - дейді көпбалалы ана.
Ділбәр Құттыбай «қатерлі ісік ауруына шалдығып, биыл наурызда жатырына ота жасатқан соң жұмысқа жарамай қалғанын» айтады. Баласының үлкені 21-ге келгенімен, кейінгі бесеуі 5-10 сыныптарда оқиды.
- Мені қинайтын екі кіші балам. Өзім аурумын, суықтан балалар да ауырып жатыр. Ай басында жәрдемақы аламыз. Үйге, жарық, су, газға төлейміз. Жеткенінше тамақ аламыз. Ай соңына дейін ол жетпей қалады, - дейді ол.
Ділбәр 10-сыныпта оқитын баласының аяқ киім мен мектеп формасын ала алмай, мектепке бара алмай отырғанын баяндады.
- Жоқшылық көрген соң 10-сынып оқитын балам сабағын кешкілікке алмастырып, жұмыс істеймін дейді. Оны үкімет білсе, кәмелетке толмаған баланы неге жұмсайсың деп айыптайды. Несін жасырайын, болмаған соң балаларым көшеден целлофан жинап, аптасына бір рет өткізеді, олары - екі-үш мың теңге табыс, - дейді Ділбәр Құттыбай.
БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ ӘРЕКЕТІ
Ділбәр Құттыбайдың сөзінше, «Шымкенттің Фараби ауданы әкімдігіне де, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне де барған». Облыс әкімдігі мамандары «мүгедектікпен зейнетке шығуға болатынын» айтқан.
- Онкологиялық тіркеуде тұрған соң мүгедектікпен зейнетке шығуға болатынын айтты. Бірақ ақша сұрады, бере алмаған соң, [зейнетке] шығармады. Ал Арыс ауданында тұрғанда үш айда бір рет 32 мың теңге жәрдемақы беретін. Шымкентке көшіп кеткен соң оны тоқтатты, - дейді ол.
Оңтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, отбасы Шымкентке тіркеуге тұрулары керек. «Сонда ғана қалаға қарайтын мемлекеттік мекемелерден көмек көрсетіледі».
- Бұл отбасы Арыс ауданында тіркеуде болса, сол жерден көмек алуға мүмкіндік бар. Көбіне ауылдағы азаматтар Шымкентке көшіп келеді. Тіркеу құзырымызда емес, ол – әр адамның жеке мәселесі,- дейді басқарма ол.
Ділбар Құттыбайдың Шымкентте үйіне тіркеуге тұрғызатын туысы жоқ. Делдалдардан сұрастырғанда, «адам басына үш мың теңге сұраған, ол ақшаны тауып беруге шамасы келмеген». Ал Шымкенттік заңгер Эльдар Халиуллин тіркеуде тұрған жердегі ауыл әкімдігінің мемлекеттік көмек беруден бас тарта алмайтынын айтады.
- Арыс ауданына тіркеліп, Шымкентте тұрса да бұл жайт көмектен қағылуға негіз болмайды. Прокуратураға шағым түсіруге құқылы, - дейді заңгер.
Азаттық тілшісі Арыс ауданы Дермене ауылдық округінің инспекторы Марат Шыңғожаевқа хабарласқан еді. Шенеунік сөзіне қарағанда, Ділбар Құттыбай әлеуметтік жағдайы нашар отбасы ретінде берілетін әлеуметтік көмекті алуға қажетті құжаттарын өткен тоқсанда ғана өткізген.
- 33 мың 420 теңге жәрдемақы шығып тұр. Төртінші тоқсанға да құжаттар тапсырған. Ол көмек енді шығады, - дейді инспектор.
Ал Ділбар Құттыбай мәселеге Азаттық тілшісі назар аударған соң, ауыл әкімдігі өкілі ақшаның түсіп тұрғанын хабарлағанын айтады.
- 2014 жылы қарашада, Шымкентке көшіп келген соң ауыл әкімдігінен бұл көмекті ала аламын ба деп сұрадым. Берілмейтінін айтты. Ала алатынымды кейін біліп, құжаттарымды қайта тапсырдым. Осы уақытқа дейін олар маған хабар бермеген еді. Бүгін түсте көмек ақшаны алып кетуімді сұрады, - деді көпбалалы ана қарашаның 2-сі күні.
Ал Қазақстанның әлеуметтік қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы департаментінің өкілі Төрехан Дауытовтың сөзінше, «мүгедектікке шығару үшін қызметкерлердің ақша сұрауы мүмкін емес».
- Ақша сұраса, жемқорлықпен күрес бюросына шағым берсін. Онкологиялық ауруға шалдыққан азаматтың мүгедектікке шығуға мүмкіндігі бар. Диспансер төрт ай қарап, жолдама береді, - дейді ол.
Ота жасатқан соң дәрігерлер жазып берген дәріні «ішпей жүрген» Ділбәр Құттыбай «ең арзаны 37 мың теңге тұратын дәріні ішкенше, бір күн болса да балаларымның қарнын тойғызғаным маңызды. Мемлекет көмектерін алсақ, балаларымның тамағы тоқ болса, амалдап аяқтан тұрып кететін едік» дейді.
Әлеуметтік қорғау комитетінің ОҚО департаменті дерегінше, мүгедектікке шыққан 112 мың адамның 9 пайызы - онкологиялық сырқаттар.