Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты үкіметтік емес ұйымның (ҮЕҰ) мемлекеттік кірістер департаментінің салықты қайта есептеп төлету туралы шешіміне берген шағымын қанағаттандырмады. "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қоры Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментіне түсірген шағымында ұйымның 2011-2016 жылдар аралығындағы уақытта алған гранттарына бір миллион теңгеден астам корпоративтік табыс салығын қайта есептеп төлеу туралы шешіміне қарсылық білдірген. Қоғамдық ұйым коммерциялық емес ұйым кіріс түсіру үшін жұмыс істемейтіндіктен мұндай салық төлемеуі тиіс деп санайды. Сот отырысы ашық өтті. Сот қаулысы алдағы бірнеше күнде жария болмақ.
"Соттың бұл шешімін азаматтық қоғамға және шетелден қаржы алатын тұтас үкіметтік емес ұйымдарға жасалған ескерту деп білеміз. Сот осылайша бүгін үкіметтік емес ұйымыдардың барлығының астына бомба қойды. Енді кез-келген уақытта кез-келген үкіметтік емес ұйымдарға осындай салық салынуы мүмкін" деп жазды Facebook-те "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының президенті Айна Шорманбаева. Ол бұған дейін бұл салық тексерісін биліктің құқық қорғаушылардың 2016 жылы көктемде жер митингілері кезіндегі жұмысына берген жауабы деп атаған.
Осы ұйымның жетекшісі, заңгер Амангелді Шорманбаев та салық органының ұстанымымен келіспейтінін білдірді. "Салық кодексінде кімнен болсын қандай да бір қайтарымсыз қаржы алатын кез-келген үкіметтік емес ұйымнан салық алынбайтыны айқын жазылған" деді Шорманбаев.
Қоғамдық ұйым үкіметтік емес ұйымдардан өзінің қандай қызмет атқаратыны туралы кеңейтілген мәлімет өткізуді талап ететін жаңа ережені жоюды талап етіп, сотқа шағымданып, бірақ ол талабы орындалмаған. Бұдан соң ұйым салық органы тарабынан тексеріске ұшыраған.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы бұған дейін Қазақстан билігі салық тексерісін теріс мақсатта пайдаланып, құқық қорғау ұйымдарына қысым көрсетіп отыр деп мәлімдеген.