Израильде коррупциялық қылмысқа қатысты айып бойынша былтыр ақпанда сот үкімімен 19 айға түрмеге қамалған осы елдің экс-премьері Эхуд Ольмерт жексенбі күні мерзімінен бұрын бостандыққа шықты деп хабарлады батыс ақпарат агенттіктері.
Эхуд Ольмерт Иерусалимдегі «Холилэнд» элиталық тұрғын үй кешені құрылысын салуға септескені үшін пара алғаны және әділ сот жүргізуге кедергі келтіргені үшін айыпты деп танылған. Ол Израиль тарихында түрмеге қамалған алғашқы үкімет жетекшісі болды. Ольмерт Тель-Авивтен оңтүстікке қарай 20 шақырым жердегі, негізінен экономикалық қылмыс жасап сотталғандар отырған «Маасиягу» түрмесінде 16 айдан астам уақыт қамауда болды.
Өткен аптада Ольмерт кеуде тұсы батып ауыратыны туралы шағыммен ауруханаға жатқызылған. Израильдің кей саясаткерлері билікті 71 жастағы Ольмертті мемлекетке сіңірген еңбегін ескеріп, оны мерзімінен бұрын түрмеден босатуға шақырған. Маусымның 29-ы күні рақымшылық жөніндегі комиссия Ольмертті мерзімінен бұрын қамаудан босату туралы шешім шығарған.
2006 жылы Израиль премьер-министрі қызметіне отырған Эхуд Ольмерт 2009 жылдың наурызында коррупциялық айыптауларға байланысты отставкаға кеткен.