Журналист, құқық қорғаушы Розлана Таукина 10 тамызда Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуовпен арадағы апелляциялық сотта жеңіліс тапты. Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық коллегиясы Бейсеуовтің жеке арызын қанағаттандырып, әуелгі соттың шешімін жарамсыз етті. Бейсеуовтің шағымы бойынша іс қайтарылып, жаңа сот тексеруі тағайындалды.
Алматы қалалық сотының судьясы Шолпан Егізбаева өзі шығарған шешім өзгертілмейтінін, үстінен кассациялық тәртіппен шағым түспейтінін мәлімдеді.
9 маусымда Алматыдағы Бостандық аудандық соты Ермек Бейсеуовтің Розлана Таукинаның үстінен түсірген талап-арызын қанағаттандырмай тастаған. "Жеке бас абыройы мен іскерлік репутацияны қорғау" туралы арызында Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов жеке тұлға ретінде соттан Rezonans.kz сайтында былтыр 20 қыркүйекте жарияланған "Дом с химерами" мақаласындағы мәліметтерді жалған деп тануды сұраған. Ол жауапкер Таукинаны ақпаратты терістеуге міндеттеуді өтінген.
10 тамыз күнгі сотқа Бейсеуовтің өзі келмеді, оның мүддесін адвокат Сәния Анлаусова қорғады. Анлаусова сот шешіміне қатысты пікір айтпады. Жауапкер ретінде сотқа қатысқан Розлана Таукина мен адвокаты Маржан Аспандиярова сот шешімінен кейін жақтастарымен кеңес өткізді.