Билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі, "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырғаны" үшін бас бостандығы 4 жылға шектелген Лариса Харькова Азаттыққа "көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткенін" хабарлады.
Харькованың айтуынша, баласы Владимир Харьковтың атына жазылған жеңіл автокөлік қыркүйектің 14-інде ауласында тұрған жерінде өртеніп кеткен. Оның сөзінше, "өрт көліктің дөңгелегінен шыққан".
- Соттады. Әлі күнге дейін белгісіз біреулер үйімізді аңдып жүреді. Үйіме, ұялы телефоныма қоңырау шалып үндемей тұратыны да бар. Енді, міне, бірге тұратын баламның үйдің ауласында тұрған көлігін өртеп жіберді. Полицейлер оқиға орнына келгенімен арнайы сараптама жасамады, - дейді Лариса Харькова.
Лариса Харькованың баласы Владимир Харьков полиция бөліміне арыз жазған.
- Кім қалай өртегенін білмеймін. Көлікпен бірге өртенген құжаттарын рәсімдейін десем әртүрлі сылтаумен полицейлер анықтама бермей жатыр, - дейді ол.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, Владимир Харьковтың көлігінің өртенгені туралы мәлімет Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық полиция бөліміне тіркелген.
- Оқиға орнына тергеу тобы барған. Харьков «ешкімге қоятын кінәм жоқ» деп жазып берген. Мұндайда бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалмайды, - дейді Салтанат Қаракөзова.
Шымкентте билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі, "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған" деп айыпталған Лариса Харькова биылғы шілденің 25-інде сотталған еді. Еңбекші аудандық соты 55 жастағы Харькованың бас бостандығын төрт жылға шектеу және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Сотталушы істі "тапсырыспен қозғалған" деп біледі. Харькова тәуелсіз кәсіподақ белсендісі, кәсіподақтар құқығын қорғаушы ретінде танылған еді.
2014 жылғы шілдеде Қазақстанда кәсіподақтар туралы жаңа заң күшіне енгеннен кейін жаңа ережеге сәйкес Лариса Харькова басқарған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы қызметін доғарып, осы атаумен 2016 жылы ақпанда қайта құрылған. Кәсіподақ белсенділері конфедерацияны тіркеу процесі 10 айға созылғанын айтады. Бірақ Қазақстан билігі тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясына заңды жұмыс істейтін ұйым мәртебесін беруден бас тартқан. 2017 жылғы 4 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық соты тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарған.
Конфедерация құрамына енетін Маңғыстау облысындағы мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясының бірнеше жүз жұмысшысы Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен қаңтардың 5-інде Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде ас ішуден бас тартып, наразылық акциясын бастаған. Екі аптадан астам уақыт жалғасқан жаппай аштық акциясы ОСС кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев қамауға алынып, Ақтау соты ереуілді заңсыз деп тану туралы шешім шығарғаннан кейін тоқтатылды. Кейін Астана соты Нұрбек Құшақбаевқа "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандату" айыбымен үшін екі жарым жыл, Әмин Елеусіновке - "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру" және "полицейлерге тіл тигізу, бағынбау және оларға күш қолдану" айыптарымен екі жыл түрме жазасын кескен.