Accessibility links

Қазақ-қырғыз үкімет тартысы көпке қиын тиді


Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақжол" бекетіндегі кезек. 18 қазан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақжол" бекетіндегі кезек. 18 қазан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Атамбаевтың қазақ билігін сынауынан басталып, Қазақстанның Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды күшейтуіне ұласқан даудан зиян шеккен қарапайым азаматтар Азаттық тілшілеріне қаржылай зияндарының нақты сомаларына дейін айтып, «қатысымыз қанша?» деген наразылықтарын білдіріп жатыр. Ал сарапшылар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы осы аптадағы қарым-қатынасты түрліше бағалайды

«ЕКІ-ҮШ МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІҢ» ШЫҒЫНЫ

Алматының оңтүстік-батысында орналасқан «Алтынорда» базарында жеміс-жидек сатумен айналысатын қырғызстандық саудагер Хайрулла мен Азамат «шекарадағы төрт күнгі бөгелістің салдарынан екі-үш миллион теңгеге бағаланған тауарларының бұзылып кеткенін» айтты.

- Қазақстан шекарасы жабылғалы бізге қиын болып жатыр. Ана біздің тауарлар жақсы өтпей жатыр. Жолдардан кезек болып, біздің тауарлар бұзылып жатыр. Назарбаевтан да, өзіміздің президент Алмаз Атамбаевтан да сұраймыз. Бір келісімге келіп, осы шекараны ашып беруді сұраймыз» дейді Хайрулла Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшілері базарда Хайрулла мен Азаматтан басқа қырғызстандық саудагерлерді іздегенмен таппады. «Оларды шекарадан кіргізбей жатыр» дейді базарда отырған қазақстандық сатушылар.

ВИДЕО: "Алтынордада" қырғыз саудагерлер (17.10.2017)

"Алтынордада" қырғыз саудагерлер байқалмайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

ШЕКАРАДАҒЫ САРСАҢ

Ал қазақ-қырғыз шекарасында үлкен жүк көлігіне 18 тонна алма тиеп шекарадан өте алмай тұрған қырғызстандық фермер Ілиясбек Пірімбердиев Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісіне «жүгінің үштен бірі шіри бастағанын айтады».

- Ыстықкөл облысынан алма тиеп барамын. Біз туыстарымызбен алма бақтарымыздағы жемістерді жинадық, біреуінікі екі тонна, енді бірінікі бес тонна өнім болды. Екі апта жинап, тиедік. Мұнда екі тәулік тұрмыз, үшінші күнге кетіп барады, - дейді ол.

​Шекарада кептеліп тұрған ондаған жүк көліктері жүргізушілер Қазақстан шекара бекетінен өтудің қиындап тұрғанын айтады. Аты-жөнін атағысы келмеген жүргізуші «клиенттеріміз тауардың тез бұзылатынын ескертіп, шығынды жүргізушілер төлейді деп жатыр, енді не болатынын білмеймін» дейді. Ал тоңазытқыш жүк көліктері бірнеше тәулік жанармайды текке жағып тұрғандарын айтады. Шекарада Қазақстанға өте алмай тұрғанына үш тәулік болғанын айтқан Нұрлан атты жүргізуші «тәулігіне 70 литр солярка жағып тұрмыз» дейді наразы кейіппен. Ол Қарағандыға қара өрік апара жатыр. Кейбір жүргізушілер «қаңтарылып бесінші күн тұрғандарын» мәлімдеді. Жүк көлігінің жүргізушісі Мырза Жәнібек «біздің не қатысымыз бар?» дейді шарасыз кейіппен.

ВИДЕО: Екі үкімет фермерлерді қалай зар қақсатты? (видео - орыс тілінде)

Екі үкімет фермерлерді қалай зар қақсатты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:37 0:00

Қырғызстан төтенше жағдай министрлігі шекарадағы кептелісте тұрған адамдардың жағдайын жеңілдету мақсатында шатырлар әкеліп тіккен. Су мен азықтан қиналған жүргізушілер мен жолаушылар осы шатырларға келіп жүрек жалғайды.

Әзірге шекарадағы шырғалаңның қашан шешілетіні белгісіз. Қазақстан тарапы қандай да бір мерзім туралы мәлімет таратқан жоқ.

Қырғызстан билігі қазанның 17-сі күні Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым жолдағанын хабарлады. Шағымда Қазақстанның тарифтер мен сауда жөніндегі келісімді бұзып отырғаны жазылған. Қырғызстанның экономика министрлігі шекарадағы жағдайға байланысты Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) жүгінгенін хабарлаған. Қазақстан ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 17 қазанда шекарадағы тексерудің күшейгенін "саясиландырмауға" шақырған. Қазанның 18-і күні Атамбаев «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы эмоциямен айтып, дұрыс іс қылмаған сияқтымын» деген өкініш сарынындағы мәлімдеме жасады.

ВИДЕО: Атамбаевтың мәлімдемесі (18.10.2017)

Атамбаев "Назарбаевтың маңайы" туралы айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

Осы мәлімдемесінде Атамбаев "Кейбіреулер Қырғызстаннан шығатын барлық транспорт жолдары Қазақстан арқылы ғана өтетінін айтады. Бұл дұрыс емес. Бізді жарықтан, газдан қалай ажыратып тастағаны есімде. Қазір біздің Өзбекстанмен, Қытаймен және Тәжікстанмен де қарым-қатынасымыз жақсы. Әрине, біз өнімімізді өткізетін басқа жолдар іздеуіміз керек" деді.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Азаттық тілшісі Қырғызстан және Қазақстан сарапшыларына хабарласқан еді. «Атамбаев билігінің тез арада кері шегінуі керектігін» айтқан қырғызстандық саясаттанушы Эмиль Жураевтың сөзіне қарағанда, қазіргі салқындықты ары қарай жалғастырудың ендігі реті жоқ.

- Егер оқиға осылай шиеленісе берсе, екі ел дипломаттарын кері шақырып алуға дейін баруы мүмкін. Дегенмен шекараны жауып тастау ЕАЭО-ның (Еурпазия экономика одағын айтады – ред.) ешқандай шартына сай келмейді. Әрине, Атамбаев Бабановтың мәселесіне қатысты бір емес бірнеше рет сөйлеп, дипломатияға сай емес сөздер айтты. Бұған Қазақстан үкіметі қатты реакция білдіріп, екі елдің де пайдасына зиян келтіретін әрекетке барды. Енді Қырғыз билігі осы мәселеге тез қайырылып, ешқандай ултиматиум қоймай,шекарадағы мәселені тез тоқтатуымыз керек, - деді Жураев.

Бірнеше жыл дипломатиялық қызмет атқарған қазақстандық сарапшы Қазбек Бейсебаев:

- Дипломатияда істеген адам ретінде айтсам, көрші ел басшысы іргелес елге қатысты ондай сөз айтпайды. Бұрыннан келе жатқан тартыс жоқ. Бірақ Атамбаевтың сөздерін жеке қою керек те, ондай қатал сөздер не үшін айтылды деп ойлануымыз керек. Қырғызстан мәселен Қазақстанға тәуелдірек, жолдары бізден жүреді, неше түрлі тауарлары өтеді, олар бізге тәуелдірек. Мысалы біз Ресейге тәуелдіміз. Жолдарымыз Ресей арқылы жүреді. Олар кей нәрседе бізге тәуелді. Сондықтан, мемлекеттерге Қазақстанда қандай ықпал тетіктері бар, осыны түсіндіру керек. Дипломатия деген сол – осыны түсіндірудің, жеткізудің тәсілдері. Бұл дипломатияның жұмысы еді. Біздің ел Орталық Азия мемлекеттеріне назар аудармай кетті. Яғни бұл біздің дипломатияның кемшілігі. Енді отырмыз шекараны жауып, шекарада [қысылған] бір кісі қайтыс болып кетті, бұл қиын мәселе болып тұр, - деді.

Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында қазанның 10-ынан бері тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған. Қырғызстан үкіметі үндеуінде Қазақстан "10 қазанда аяқ астынан қазақстан-қырғызстан және қазақстан-ресей шекараларында қосымша қадағалау шараларын енгізгенінен" хабардар етеді. Қазақстан жағы қосымша шаралар енгізген соң шекарадағы адам көп өтетін Қырғызстанның "Ақ-Жол" және "Ақ-Тілек" өткізу бекеттерінен орта есеппен күн сайын өтетін адам мен көлік саны екі жарым есеге азайған.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазанның 7-сі күні Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін де сынаған болатын.

ВИДЕО: Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөзін мына видеодан тыңдай аласыз (8.10.2017)

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:23 0:00

XS
SM
MD
LG