Грекияның Салоники қаласында мыңдаған адам көшеге шығып, көршілес елдің атауында Грекияның Македония провинциясының атымен бірдей сөзді қолдануға қарсылығын білдірді. Бұрынғы Югославия құрамында болған Македонияның атауына қатысты даудың созылып келе жатқанына 27 жыл болды. 21 қаңтарда өткен митингіге қатысқандар Афины мен Скопье арасындағы келіссөздің қалай шешілгеніне қарамастан «Македония» көзін қолдануға үзілді-кесілді қарсы екендерін мәлімдеді.
Скопьенің ел атауында «Македония» сөзін қолдануына Грекияның қарсылық білдіруі 1991 жылы тәуелсіздік алған республиканың Еуропа Одағы мен НАТО-ға қосылуына кедергі болып келеді.
Грекия мен Македония басшылары бұған дейін бұл мәселені осы жылдың соңына дейін реттегісі келетінін мәлімдеген. Екі ел өкілдерінің 17 қаңтарда Нью-Йоркте БҰҰ-ның арағайындығымен өткен кездесуінен нақты нәтиже шыққан жоқ. Бірақ БАҚ ақпаратына қарағанда, келіссөздің күн тәртібіне ел атауына қатысты бірнеше ұсыныс жасалған.