Accessibility links

Қазақстанда ұсталған Қырғызстан депутаты кім еді?


Дамирбек Асылбекуулы.
Дамирбек Асылбекуулы.

Қырғызстан парламентіндегі "Қырғызстан" фракциясы Алматыда депутат Дамирбек Асылбекуулының ұсталғанына байланысты мәлімдеме таратты.

Мәлімдемеде "Қазақстанда бұл мәселе заң талаптарына сай және адам құқығын бұзбай тексеріледі деп үміттенеміз" делінген. Бұған қоса, мәлімдемеде Асылбекуулының Қырғызстан спортына "орасан зор үлес" қосқаны, парламентте аймақтар проблемасын көтерген депутат екені, алдын ала деректер бойынша, тағылған айыптарға депутаттың "қатысы жоғы" айтылған.

Өткен аптаның аяғында Қазақстанның бірнеше облысында контрабандалық әрекеттердің жолын кесу мақсатында ауқымды арнайы операция жүргізілген. Операция кезінде ішінде Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті – ред.) депутаты Дамирбек Асылбекуулы бастаған Қырғызстанның үш азаматы да бар 35 адам ұсталған.

Кей сарапшылар бұл оқиға бүкіл парламенттің атына кір келтіреді деп санайды.

ҚАЗАҚСТАН ТАРАПЫНЫҢ АҚПАРАТЫ

19 ақпанда Қазақстан бас прокуратурасы ішінде Жогорку кенеш депутаты Дамирбек Асылбекуулы бар Қырғызстанның үш азаматын ұстауға қатысты ақпарат таратты. Бұған қоса, күдіктілерді ұстау сәтінен жедел түсірілген видеоның бір бөлігі жарияланды.

Қазақстан бас прокуратурасы таратқан мәлімдемеде шекара маңындағы аймақтарда контрабандамен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуді көздеген арнайы операцияның алдында ұзақ уақыт бойы дайындық жүргізілді делінген. Ақыры Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Қырғызстан және Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттері арқылы халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен өткізудің құжатталған әрі тұрақты схемалары әшкереленген.

"Контрабандалық тауарды кеден төлемдерін жинаудың әкімшілік жүйесіндегі қылмыстық схемаларды және жалған құжаттарды қолдану арқылы Қытайдан Қазақстанға тікелей және Қырғызстан арқылы әкеліп отырған. Күдіктілерге кеден органдары мен шекара қызметінің кедендік рәсімдеу мен жүктерді төмендетілген баға бойынша өткізуді қамтамасыз етіп келген кейбір лауазымды тұлғалары көмектесіп отырған. Тауарлар Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларына жөнелтіліп отырған. Жүргізілген шаралардың арқасында жиыны сегіз ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті. Тергеуді ведомоствоаралық жедел тергеу тобы жүргізіп жатыр. Істі тексеруді бас прокурор өз бақылауына алды" делінген Қазақстан бас прокуратурасының мәлімдемесінде.

ЖОГОРКУ КЕНЕШТІҢ РЕАКЦИЯСЫ

19 ақпанда Қырғызстан парламентіндегі "Қырғызстан" фракциясы Дамирбек Асылбекуулының ұсталу фактісіне байланысты кезектен тыс отырысын өткізді. Фракция жетекшісі Алмазбек Баатырбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне өзі үшін бұл оқиға күтпеген жағдай болғанын және фракция Қырғызстанның тиісті мемлекеттік органдарымен тығыз байланыста әрекет етіп жатыр деп хабарлады.

Алмазбек Баатырбеков.
Алмазбек Баатырбеков.

​- Біз үшін бұл мүлде күтпеген жағдай болды. Жұрттың бәрі «оның мұндайға баруы мүмкін емес» деп жатыр. Қазақстанның құзырлы органдары оны екі айға қамау туралы шешім шығарыпты. Енді бәрі заңға сәйкес қаралатын шығар деп ойлаймыз. Ең бастысы, депутат қана емес, онымен бірге ұсталған өзге екі қырғызстандықтың да құқығы бұзылмайды деп үміттенеміз. Дамирбек Асылбекуулы - "Қырғызстан" фракциясының көрнекті депутаты қана емес, Қырғызстан мен Қазақстан атынан күрес жарыстарына қатысып, спорт саласының дамуына да үлкен үлес қосқандардың бірі. Ол аймақтардың мәселелерін әрдайым көтеріп, көп шаруа тындырған белсенді депутат болатын. Бізге жеткен алдын ала ақпаратқа сәйкес, тағылған айыптарға депутаттың қатысы жоқ көрінеді. Фракциямыз Қырғызстан сыртқы істер министрлігімен және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста. Қырғызстанның Қазақстандағы консулы ұсталған қырғызстандықтармен жолыға алады деген ақпарат бар. Ол кісі жолығып шыққан бетте бізге бір хабарын айтатын шығар деп үміттенеміз, - дейді ол.

Парламент депутатын шетелде ұстау оқиғасы тәуелсіз Қырғызстан тарихында бұрын-соңды болмаған деуге болады. 2006 жылы депутат Омурбек Текебаевтың жанынан есірткі тауып алып, оны Польшаға ұшып барған бетте ұстаған. Кейінірек бұл депутатқа қарсы әдейі жоспарланған арандату әрекеті болғаны анықталып, оның жазықсыз екені дәлелденген.

Қырғызстан парламенті баспасөз қызметінің жетекшісі Ибраим Нуракунуулының мәлімдеуінше, Дамирбек Асылбекуулын ұстауға қатысты іске парламент спикері араласпайтын болады.

Ибраим Нуракунуулу.
Ибраим Нуракунуулу.

- Төраға ешқандай мәлімдеме жасамайды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Депутаттың ұсталуы Жогорку кенешпен байланысты емес. Бұл - депутаттың өзіне ғана қатысты іс. Егер әлдебір депутаттың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп немесе сот болып жатса, спикер де, Жогорку кенеш те араласып көрген емес, бұдан былай да араласпайтын болады. Тәртіпке сәйкес, кінәсі дәлелденсе, депутат өзі жауап береді, - дейді ол.

ҰСТАЛҒАН ДЕПУТАТТЫҢ СПОРТҚА СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ

Қырғызстан жастар істері, дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігі басшысының орынбасары Қанат Арпачиевтің сөзінше, Дамирбек Асылбекуулы келесі аптада күрестен Бішкекте өтуі тиіс Азия чемпионатына қатты әзірленіп жүрген.

Қанат Арпачиев.
Қанат Арпачиев.

​- Ол кісі Азия чемпионы болған. Грек-рим күресімен шұғылданған. Қазір Қырғызстан күрес федерациясының вице-президенті. Спортқа үлкен үлес қосқан. Кезінде Қазақстан құрамасында да болған, сол жақта жаттыққан. Жуырда, яғни ақпанның 27-сінен наурыздың 4-іне дейін Қырғызстанда Азия чемпионаты өтуі тиіс. Ол бұл мәселемен өзі айналысып, жарысқа даярлықты талқылау үшін талай кездескенбіз. Үкімет деңгейінде ұйымдастыру комитеті құрылған. Алдыңғы жұма күні комитет отырысы өткен. Оған Дамирбек Асылбекуулы да қатысқан. Ал жиыннан кейін Қазақстанға кеткен болатын, - дейді ол.

37 жастағы Дамирбек Асылбекуулы Ыстықкөл облысы Қаракөл қаласында туған. Бішкектегі Шералы Сыдықов атындағы олимпиада резерві мектебінде оқыған. Грек-рим күресі бойынша халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Қырғызстан күрес федерациясы және күрестен Азия кеңесінің вице-президенті.

2003 жылы Жалал-Абад коммерциялық институтының экономикалық факультетін бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша бітірген. 2009-2011 жылдары Қырғызстан дипломатия академиясының халықаралық қатынастар факультетінің әлемдік экономика кафедрасында экономика саласындағы дипломат мамандығы бойынша оқыған.

2000-2009 жылдары АРМS, Sky-Mobile және "БиМоКом" компанияларында жұмыс істеген.

2009 жылы сол кездегі президент Құрманбек Бакиев құрған "Ақ жол" партиясынан депутат болып сайланып, партияның жастар қанаты жетекшісінің орынбасары болған.

2010-2015 жылдары "Альфа-Телеком" жабық акционерлік қоғамында компания мүддесін қорғау және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі үйлестіруші болып жұмыс істеген. 2015 жылы "Қырғызстан" саяси партиясы тізімі бойынша Жогорку кенеш депутаттығына сайланған. Қазір ол - конституциялық заңдар, мемлекеттік құрылым, сот-құқық мәселелері мен Жогорку кенеш регламенті комитеті төрағасының орынбасары.

ДЕПУТАТПЕН БІРГЕ КІМДЕР ҰСТАЛҒАН?

Ал Дамирбек Асылбекуулымен бірге ұсталған Уланбек Мурадилову пен Чингиз Абакиров деген кімдер?

39 жастағы Уланбек Мурадилов Нарын облысында туған. Нарын қалалық кеңесі депутаты, вице-мэр болған. Бұған қоса, оның бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің тұсында «Ақ жол» партиясының Нарын қаласы бойынша үйлестірушісі болғаны мәлім. 2010 жылы билік ауысқаннан кейін Мурадилов "Мегаком" компаниясының Оштағы бөлімшесін басқарған. Қазір оның атына бірнеше компания тіркелген.

Бір кездері Мурадиловтың партияласы болған Эмиль Чымылдаковтың хабарлауынша, оның туыстары Қазақстанға кеткен.

​- Мен үшін бұл мүлде күтпеген жағдай болды. Оның шағын бизнесі бар еді. "Контрабандамен айналысыпты" деген мәлімдемелерге мүлде сенбеймін. Өйткені кезінде екеуміз жақын араласқанбыз. Қазір де анда-санда кездесіп қоятынбыз. Оның кісілік қасиеттері, өмірге деген көзқарасы, ұстанатын өмір салты "контрабандамен айналысуы мүмкін" деген күдікпен қабыспайды. Керісінше, ол Қырғызстанның патриоты болатын, үнемі "дамиықшы, көмектесейік, заң аясында жұмыс істейік" деп жүретін. Отбасы уайымдап отыр. Ортақ таныстарымызбен хабарласып, бір-бірімізден сұрап жатырмыз. Оның отбасы Алматыға шығайын деп жатыр. Ол жаққа жеткен соң бәрін тағы бір рет нақтылап көреміз.

Ал Чингиз Абакиров туралы ешқандай мәлімет жоқ деуге болады. Оның 33 жаста екені, Нарын облысында туғаны, ал 2012-2013 жылдары «Мегаком» компаниясында жұмыс істегені және оның атына бірнеше компания тіркелгені ғана белгілі.

Парламент депутатының контрабанда айыбымен ұсталуы парламент пен депутаттар туралы пікірталасқа қозғау салды. Бұрынғы парламент спикері Абдығаны Эркебаев мына оқиғаға орай Жогорку Кенештің жалпы деңгейі туралы пікірін айтты.

Абдығаны Эркебаев.
Абдығаны Эркебаев.

- Мына жағдай әлгі депутаттың ғана емес, бүкіл парламенттің, бүкіл қырғыз халқының атына кір келтірді. "Халқына қарап парламентін таны" деген сөз бар ғой. Өкінішке қарай, біздің адамдар сайлау кезінде халықтық, ұлттық, мемлекеттік мүддені елемей тиын-тебенге, материалдық құндылықтарға сатылып немесе туыстығын қимай уақытша адамдарды сайлайды. Ашығын айтайықша, мұндай құбылыстың байқалып келе жатқанына 20 жыл болды емес пе. Тіпті бұрынғы президент Асқар Ақаевтың "сайлау кезінде не берсе де алып, қалағандарыңды сайлаңдар" деген сөзі бар ғой. Олай емес, «заң бұзылса, жазалаймыз» деп айтуы тиіс еді. Бұл құбылыс сол кезден бері тіпті өршіп кетті. Енді біз сияқты ақшасы жоқ адамдар сайлауға түсе алмайды. Көбінесе мемлекеттің мүддесін емес, өз қамын күйттейтін қалтасы қалың адамдар, бизнесмендер келді. Парламентте санаулы ғана депутат өзінің тікелей міндетін орындап, отырыстарға қалмай қатысады. Ал көбі парламентке өтіп алғаннан кейін күнді құр өткізеді, олардыкі шалбар тоздыру ғана.

"Сәлім байбатша" деген атпен танылған өзбекстандық олигарх Салимбай Абдувалиевтің жанында түскен фотосы өткен аптада интернетте тарап кеткенде депутат Дамирбек Асылбекуулының аты тағы шыққан болатын. Депутаттың өзі Абдувалиевпен таныстығын спорт істеріне байланысты түсіндірген.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласынан аударылды)

XS
SM
MD
LG