Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті 27 наурызда қалада болған атыста жараланған ер адам ауруханада қайтыс болған соң "кісі өлтіру" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
Жергілікті ақпарат агенттіктері облыстық ішкі істер департаментіне сілтеме жасап "бұзақылық әрекет салдарынан зардап шеккен адамның қайтыс болуы фактісі бойынша" Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен ("кісі өлтіру") іс қозғалғанын хабарлады.
27 наурызда полиция "бұзақылық" бабы бойынша тергеу басталғанын және күдіктілердің ұсталғанын хабарлаған.
Қызылордада 27 наурыз күні Әйтеке би көшесінде болған атыстан ер адам дене жарақатын алып, ауруханаға түскен. Оған "кеудесінен оқ тиіп жараланып, ішкі ағзалары бүлінген, төртінші дәрежелі геморрагиялық шок алған" деген диагноз қойған.
Жараланған адам 27 наурыз күні кешке ауруханада көз жұмған.