АҚШ жұма күні Ресейдің 24 азаматы мен 14 компаниясына қарсы санкцияларды күшіне енгізді.
Санкциялық тізімге енгізілгендер арасында ресейлік миллиардерлер Олег Дерипаска, Виктор Вексельберг, Сүлейман Керимов, Игорь Ротенберг, Кирилл Шамалов, ВТБ банк басшысы Алексей Костин, "Газпром" жетекшісі Алексей Миллер, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, "Росгвардия" басшысы Виктор Золотов, Тула облысы губернаторы генерал Алексей Дюмин, Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысы Михаил Фрадков, Ресей президентінің көмекшісі Евгений Школов, "Газпром-Нефть" директорлар кеңесінің мүшесі Сергей Фурсенко, Ресей ішкі істер министрі Владимир Колокольцев, Мемлекеттік дума депутаттары Константин Косачев пен Андрей Скоч, "Роскомнадзор" мекемесі басшысы Александр Жаров бар. Бұл туралы АҚШ қаржы министрлігінің хабарламасында айтылған.
"Ресей үкіметі бүкіл әлем бойынша зиянды іс-әрекеттер жасады, соның ішінде Қырымды оккупациялады, Украинаның шығысындағы зорлық-зомбылыққа дем берді, өз азаматтарын бомбалаған Асад режиміне қару-жарақ берді, батыс демократиясын шайқалтуға тырысты және қара ниетті кибербелсенділік танытты. Жемқорлыққа батқан бұл элитаның пайдасына кенеліп отырған Ресей олигархтары мен элитасы бұдан былай өз үкіметтерінің тұрақсыздық тудыратын іс-қимылы салдарынан оқшау қала алмайды", - делінген АҚШ қаржы министрі Стив Мнучиннің мәлімдемесінде.
Бұл санкциялар өткен жылы Конгресс қабылдаған АҚШ-тың жауларына қарсы тұру туралы заңға сәйкес енгізілген.
АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, санкцияға іліккен тұлғалардың Құрама Штаттар территориясындағы активтерін бұғаттау, сонымен бірге америкалық азаматтар мен ұйымдарға олармен әріптестік орнатуға тыйым салу қарастырылған.
Санкция салынған заңды тұлғалар арасында "Кубань" агрохолдингі, Олег Дерипасканың "Базовый элемент" және En+ Group компаниялары, "Газпром.Бурение" кәсіпорны, "Ренова" сақтандыру компаниясы және "Рособоронэкспорт" тәрізді компаниялар бар.
Ресей сыртқы істер министрлігінің жұма күні таратқан комментарийінде АҚШ-тың ресейлік компанияларға қарсы енгізген санкциялары "өз сайлаушылары қарапайым америкалықтарға да соққы боп тиетіні" айтылған.
"Санкцияларды тоқтаусыз, соның ішінде осындай әкімшілік әдістермен бәсекелестерін шетел нарығынан ығыстыру үшін пайдалану арқылы Вашингтон іс жүзінде өзін нарық экономикасы мен еркін адал бәсекелестікке қарсы екенін көрсетті", - деген Ресей СІМ бұл санкцияларға "қатаң жауап" болатынын ескерткен.
"Рособоронэкспорт" кәсіпорны АҚШ санкциясын Ресейді әлемдік қару-жарақ базарынан ығыстыру әрекеті деп мәлімдеген, Ресей өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров санкцияға іліккен компанияларға мемлекет тарапынан жәрдем көрсетіледі деп уәде еткен.