Accessibility links

Трамп АҚШ сайлауына киліккендерге санкция салу туралы жарлық шығарды


Дональд Трамп, АҚШ президенті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық сайлау процесіне килігуге қатысы бар жекелеген адамдар мен компанияларға санкция салу туралы жарлық шығарды. Бұл туралы Reuters агенттігі Трамптың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтонға сілтеме жасап хабарлады.

Санкцияны АҚШ Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік департаменті америкалық барлау қызметінің АҚШ-тағы қоғамдық пікірге және сайлау барысына ықпал ету үшін сайлау округтері мен үгіт-насихат кампанияларын жүргізетін ұйымдардың компьютерлік желілерін бұзып кіру әрекеттері және басқа да акциялар болғаны туралы ақпараты негізінде салады.

Санкцияға іліккен жеке және заңды тұлғалардың АҚШ-тағы активтері бұғауланады. Бұдан өзге, олардың АҚШ қаржы ұйымдарының қызметін пайдалануына, ал америкалық азаматтардың санкцияға іліккен компанияларға инвестиция салуына шектеу қойылады.

Бұған дейін БАҚ Трамп АҚШ-тағы сайлауға килігудің алдын алу шараларын қарастырып жатқан конгрессмендерден бұрын қимылдау үшін санкция туралы жарлық шығаратынын хабарлаған. Ақ үй Трампты "америкалық сайлау жүйесін қорғауға тиісті көңіл бөлмей отыр" деп сөгетіндерге осы қадамымен жауап берген болуы мүмкін.

Вашингтон Ресейді 2016 жылы өткен АҚШ президенті сайлауына килікті және алда өтетін Конгресс сайлауына да ықпал еткісі келеді деп айыптайды. Мәскеу айыптауларды жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG