Accessibility links

Мұнайшыны еске алушылар азаптауды айыптады


Марқұм белсенді мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің Алматыда емделіп жатқан кезі. 2 сәуір 2015 жыл.
Марқұм белсенді мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің Алматыда емделіп жатқан кезі. 2 сәуір 2015 жыл.

Құқық қорғаушылар Мақсат Досмағамбетовтің қазасы қамау орындарындағы азаптауды тоқтату үшін сабақ болуы тиіс деп санайды.

Жұма күні Жаңаөзенде отбасы мен жақын адамдары мұнайшылар белсендісі Мақсат Досмағамбетовтың жетісін берді. Қыркүйектің 29-ында ауыр науқастан мезгілсіз қайтыс болған белсендіні еске алу марқұм тұрған көп қабатты үйдің алдына тігілген киіз үйде өтті. Досмағамбетов 2011 жылы жеті айға созылып, соңы желтоқсанның 16-сында полицияның ереуілшілерді оқ атып қудалауымен аяқталған елеулі қарсылық акциясының негізгі ұйымдастырушыларының бірі болған еді.

Жаңаөзендегі қаралы үйдің дастарханы бір аптадан бері жиналған жоқ. Қала тұрғындары, туыстары, «Өзенмұнайгаз» компаниясындағы бұрынғы әріптестері марқұмды еске алып жатты. Жиналғандардың сөзінше, компания басшылары мен қала билігі еске алу шарасына бас сұқпаған. Алыстан арнайы келген оппозиция өкілдері де байқалмаған.

Жаңаөзендік мұнайшылар 2011 жылғы ереуіл жетекшілерінің бірі Мақсат Досмағамбетовтің қазасының артында билік тұр деп ойлайтындарын, оны ұрып-соғып, ауыр науқасқа душар еткен кінәлілердің жазасыз қалғанына өкінетіндерін айтады. Құқық қорғаушылар мұнайшылар белсендісінің қазасы Қазақстандағы азаптауды жою үшін сабақ болуы тиіс деп санайды.

Мақсат Досмағамбетов тұрған көпқабатты үй алдына тігілген киіз үй. Жаңаөзен, 29 қыркүйек 2018 жыл
Мақсат Досмағамбетов тұрған көпқабатты үй алдына тігілген киіз үй. Жаңаөзен, 29 қыркүйек 2018 жыл

Мақсат Досмағамбетов биылғы қарашаның 1-інде 36 жасқа толар еді. Ол отбасындағы 12 баланың алтыншысы болатын. Артында төрт баласы қалды. Кіші қызы әлі бір жасқа толған жоқ. Белсенді мұнайшы ұзаққа созылған бет сүйегі рагы ауруынан көз жұмды. Азаттық тілшісі Досмағамбетовті соңғы рет ол жатқан Маңғыстау облыстық ауруханасының онкология бөлімінде көрген еді. Қан көп кетіп әлсіреп, сөйлей алмай жатса да, қағазға маржандай етіп ауруының күшейіп, әбден қалжырағанын жазған болатын. Оның өмірге деген құштарлығы мен ерік жігері дәрігерлерді де қатты таң қалдырған.

БЕЛСЕНДІГЕ АЙНАЛУ

Мақсат Досмағамбетов 2005 жылы Ақтаудағы Шахмардан Есенов атындағы университеттің мұнай және газ факультетін тамамдаған. Оның мұнайшылар құқын қорғау жолындағы күрескерлік жолы 2010 жылы басталған. Сол жылдары «Өзенмұнайгаз» компаниясының жер асты ұңғымаларының операторы болып еңбек ете жүріп, жұмыс берушінің "мұнайшыларды жұмыс және одан тыс уақытта жеке шаруасына жұмсап, мал бақтырып, үй жинататын әркеттерімен келіспегені" туралы ол былтыр Азаттықа берген сұхбатында айтқан еді.

«Еңбек жағдайын жақсартуды талап еттік, мұнайшылар қыста темір будкада отырды, киімдеріне мұз қатып жатты. 2011 жылғы ереуіл алдында 15 күн тұрдық, ешнәрсе өзгермеді» деген болатын ол Азаттыққа.

Кейін 2011 жылы Қаражанбас кеніші мұнайшылары бастаған жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту туралы талаптың соңы «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларының жеті айға ұласқан ереуіліне жалғасқанда Мақсат наразылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі болды.

Жаңаөзен оқиғасынан соң алты жылға сотталып, кейін шартты жазамен бостандыққа шыққан Мақсат Досмағамбетов (оң жақта) ереуіл құрбандарына берілген асқа келіп тұр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы, 9 желтоқсан 2017 жыл.
Жаңаөзен оқиғасынан соң алты жылға сотталып, кейін шартты жазамен бостандыққа шыққан Мақсат Досмағамбетов (оң жақта) ереуіл құрбандарына берілген асқа келіп тұр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы, 9 желтоқсан 2017 жыл.

«Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшысы Дүйсенбай Жапанов Мақсат Досмағамбетовпен сол ереуіл алдында танысып, біліскенін айтады. Оның сөзінше, министрлік өкілдерімен, жергілікті билікпен кездесулерге «Өзенмұнайгаз» мұнайшылары атынан шығып жүргендердің бірі осы Мақсат Досмағамбетов болған.

- Оның өзі құлап немесе бірдемеге соғылып жарымжан болған шамалы. Үкіметтің тарапынан болған зат бұл. Обалы соны істеген адамдарға. Артында қаншама бала- шағасы қалды. Жанып тұрған жігіт еді, - дейді Дүйсенбай Жапанов.

Мақсат Досмағамбетов 2011 жылғы мамыр айының 26-сында ондаған мұнайшымен бірге жалақыны өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен аштық акциясына қатысқан. Онымен бірге еңбек еткен мұнайшылар белсенділерінің бірі Естай Қарашаевтың айтуынша, ол қарапайым оператордан шеберге дейін көтерілген. Сол жылы қазіргі бұрғылау жұмыстары басқармасы мекемесінің кәсіподағы ұйымы төрағасы Марат Жүсіпбаевпен бірге Мәскеуде кәсіподақ ұйымының жиналысына қатысып келген.

Мұнайшылар ереуілінен соң құрылған Бұрғылау жұмыстары басқармасы мекемесінің кәсіподақ ұйымы жетекшісі Марат Жүсіпбаев Маңғыстау облыстық ауруханасына келіп, Мақсат Досмағамбетовтің денсаулығы туралы хабар күтіп тұр. Ақтау, 28 қыркүйек 2018 жыл
Мұнайшылар ереуілінен соң құрылған Бұрғылау жұмыстары басқармасы мекемесінің кәсіподақ ұйымы жетекшісі Марат Жүсіпбаев Маңғыстау облыстық ауруханасына келіп, Мақсат Досмағамбетовтің денсаулығы туралы хабар күтіп тұр. Ақтау, 28 қыркүйек 2018 жыл

- Мақсат түрмеде соққыға жығылғаны туралы сотта шындықты айтса да, оны ешкім елемеді. Ол атын атаған құқық қорғау органдары қызметкерлері жазалаусыз қалды. Оларды ешкім жазаға тартпады, сол өзекті өртейді, - дейді Естай Қарашаев.

2011 жылғы мұнайшылар ереуілі кезінде тамағынан оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев Мақсат Досмағамбетовтің түрмеде азаптауға душар болуының бір себебі осы халықаралық кәсіподақ жиындарына араласуы деп санайды.

- Ол өте білімді жігіт еді. Кәсіподақ [ережелерін], еңбек кодексін, адам құқықтарын, конституция баптарын жатқа соғатын. Сол білімділігі де оны орға жықты,- дейді ол.

ТҮРМЕДЕГІ АЗАПТАУ МЕН ДЕРТТІ БОЛУ

Мақсат Досмағамбетовті 2011 жылғы желтоқсанның 20-сы күні ҰҚК қызметкері үйінен алып кеткен. Ол бұл жайлы Азаттыққа:

«Ұрып-соғу сол ұсталған күннен кейін-ақ басталды Ішкі істер басқармасында Нұрлан есімді оперқызметкер тергеу жүргізді. Оны тергеу деуге де келмейді, жай формальды түрде. Бастысы - бір бөлмеге кіргізіп саусағыма, тіземе ине тығып, дубинкамен ұрды, құлағымды степлермен тесті. Қабырғаға тұрғызып қойып боксшы қабын ұрғылағандай соққылап, автоматпен ұрды. А.Ө.: «Мен саған айттым, неге тұрасыңдар ереуілге, кет дедім сендерге!» деп сабаған сайын айқайлады. Мен оған: «Ұрсаң ұр, бірақ мен қылмыс жасаған жоқпын. Бунтты бастаған біз емес, сіздердің қызметкерлеріңіз» дедім, содан соң есімнен танып қалдым. Кейін желтоқсанның 26-сында Ақтауға, уақытша қамау изоляторына әкелді. Бір бөлмеде бес-алты адамнан отырдық. Изоляторға кіргізгенше қара суық гаражда ұстады. Ұрып-соғу сонда да жалғасты, итке де қаптырды» деп басынан өткенін еске алған еді.

Досмағамбетов 2012 жылғы мамырдың 2-сінде куәгерлерден жауап алған сот отырысында осы айтқандарын қайталап, өзін азаптағандардың аты- жөндерін атап, оны тергеп-тексеруді талап еткен. Мұндай шағымды сотта бірнеше мұнайшы жария етсе де, 2012 жылғы мамырдың 3-і күні прокурорлар «құқық қорғау органдарының азаптап, ұрып-соққаны туралы шағымдар дәлелденбеді. Оларға қылмыстық іс қозғау талабы кері қайтарылды» деп мәлімдеген.

2012 жылы Мақсат Досмағамбетов Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілін ұйымдастырушы деп танылып, алты жылға сотталған. 2015 жылы ақпанның 5-інде Мақсат Досмағамбетов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Оның түрме жазасы 2017 жылғы желтоқсанның 19-ында толық аяқталған еді.

Түрмеден шыққан соң да белсенді ретінде ойын бүкпей айтудан танбаған Мақсат Досмағамбетов Азаттыққа "Жаңаөзенде осы күнге дейін ешнәрсе өзгермегенін, ауыз су, экологиялық жағдай, медициналық көмектің нашарлығы тәрізді негізгі мәселелері шешусіз қалды" деп ойлайтынын айтқан. Ол "Жаңаөзен оқиғасы қайта тексеріліп, оқ атқандар мен бұйрық бергендер жазалануы тиіс, зардап шеккендерге үкімет мәртебе беруі керек" деп санады.

Мақсат Досмағамбетов Азаттыққа бұған дейін бетіндегі дерттің Оралдағы лагерьге түскен соң, алты айдан кейін 2012 жылы біліне бастағанын айтқан еді. Ол өзінің жан-жақты дәрігерлік тексеруге тек 2014 жылы колонияға шыққан соң қол жеткізгенін, сол жылы сәуірде Алматыда қатерлі ісік екенін анықтады деген болатын. Кейін оған 2014-2016 жылдары Қазақстанда және Оңтүстік Кореяда 8 рет операция жасалған. Ал қайтыс боларынан бір жыл бұрын, 2017 жылы тексерілуге баруы тиіс болса да, қаражат болмағандықтан кезекті ем-дом алуға бара алмаған.

Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов аурухана палатасына Мақсат Досмағамбетовтің көңілін сұрап келіп отыр. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл
Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов аурухана палатасына Мақсат Досмағамбетовтің көңілін сұрап келіп отыр. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл

«Өмірімде бір де бір рет ауырып, ауруханада жатқан емеспін. Себепсіз жұмыстан қалған күнім жоқ. Бетімдегі аурудың себебі осы соққыдан деп санаймын. Адвокатым Гүлнар Жуаспаева азаптау туралы шағым жазды. Бірақ «іс дәлелін таппады» деп, сот тоқтатып тастады» деген еді ол Азаттыққа.

Мақсаттың інісі 33 жастағы Қайрат Досмағамбетов 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғалар кезінде Жаңаөзеннің орталық алаңы тұсынан өтіп бара жатқан кезінде жамбасынан оқ тиіп, мүгедек болған.

«ДОСМАҒАМБЕТОВ ҚАЗАСЫ САБАҚ БОЛУЫ ТИІС»

Жаңаөзен құрбандарының құқықтарын қорғаумен айналысқан Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның Атырау облысындағы филиалының жетекшісі Әсел Нұрғазиева Мақсат Досмағамбетов ұшыраған түрме азабының ақиқаты болашақта жария болады деп үміттенеді.

Әсел Нұрғазиева, құқық қорғаушы
Әсел Нұрғазиева, құқық қорғаушы

- Ресми дерек [Жаңаөзен оқиғасы кезінде] 17 адам өлді дейді. Бірақ олардың қатарына ереуілден кейінгі жылдар ішінде үйінде, ауруханада көз жұмғандар енген жоқ. Мақсат көрнекті, танымал, харизматикалық лидер болып көзге түсті. Сол себепті ол ел есінде. Ал еленбей жатқандар қаншама? - дейді ол.

Тағы бір құқық қорғаушы Тоғжан Қизатова Қазақстанда әр жерде естіліп қалып жүрген азаптау әрекеттеріне тоқтау салатын кез жетті дейді.

Тоғжан Қизатова, құқық қорғаушы
Тоғжан Қизатова, құқық қорғаушы

- «Азаптады» деген дабыл естісімен басқа инстанцияларды күтпей-ақ бірден БҰҰ-ға шағымдану керек. Мақсат айтқан азаптау мен оның өлімі сөз жоқ бір-бірімен сабақтасып жатыр. Тек физикалық азап емес, сол кездегі психологиялық жағдайдың өзі кімді болсын ракқа ұшыратады. Досмағамбетов қазасы сабақ болуы тиіс, - дейді Қизатова.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, орталық алаңда бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға полиция оқ атқан болатын. Жаңаөзендіктерге Шетпе станциясы тұрғындары да қолдау білдіріп, поезд жолын жауып, оқ атуды тоқтатуды талап еткен еді. Ресми дерек бойынша, ереуілді күшпен тарату кезінде 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Мұнайшылар жиынына мүлдем қатысы жоқ бірнеше жергілікті тұрғын да полиция қолынан оққа ұшқан.

Ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицеріне бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасы кесілген. Ал ереуілге қатысты қылмыстық кодекстің "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG