Accessibility links

Шымкент әкімі көп балалы аналарды жеке қабылдай бастады


Шымкент қаласы әкімімен кездесуге келген аналар. 16 ақпан 2019 жыл
Шымкент қаласы әкімімен кездесуге келген аналар. 16 ақпан 2019 жыл

Көп балалы аналардың наразылығынан соң түстен кейін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аналарды жеке қабылдай бастаған. Бірақ бұл уақытта аналардың көбі шағымдарын жазбаша қалдырып, үйлеріне тарап кеткен еді. Қазіргі кезде әкімдік ғимаратында шамамен елуге жуық адам қалған.

16 ақпан таңертеңгі сағат 11-ге белгіленген көп балалы аналармен кездесуге қала әкімі келмеген. Кездесуге келген 300-ге жуық ана бұған наразылық танытып, әкімнің келуін талап еткен. Қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова және өзге де шенеуніктер тұрғындарға өтініштерін жазбаша қалдыруды сұраған. Бірақ әйелдердің бірі бұған келіссе, бірі келіспеген.

Түске қарай жиналғандарға өзге ғимаратта "қалып қойған" тағы жүзге жуық ана қосылған. Олар әкімдік өкілдерінің сөзіне сеніп, жиынды сол жерде күткенін айтып ашуланған.

Жұрт алдында сөйлеген Гүлжан Құрманбекова жиналғандарға барлық аналардың шағымы қаралатынын, сол үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтқан. Ол сонымен бірге жиында көп балалы аналарға кезексіз баспана беру мәселесі де қарастырылатынын жеткізген.

Ал шағымданушы жақ билікке әрбір әйелдің жағдайын жеке-жеке қарастырып, мәселесін шешу керек деп талап қойған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG